Хакерлер деген кімдер? - Ислам діні - Білім және ғылым - Каталог Файлдар - Білім және Ғылым сайты
Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Бейсенбі, 08.12.2016
Главная » Файлы » Білім және ғылым » Ислам діні

Хакерлер деген кімдер?
20.04.2012, 23:55
  Еліміз жылдан-жылға даму үстінде. Өмірімізге де жаңа ақпараттық технологиялар күннен-күнге дендеп енуде. Соның бірі – компьютерлер. Оларсыз бүгінгі ғасырды көзге елестету мүмкін емес. Елбасымыз да елімізді компьютерлендіру саясатын ұстанып отыр. Онсыз алға басу қиын. Компьютерлендіру жағынан Қазақстан ТМД-ның көптеген елдерінен көш ілгері. Қазір ауданымыздың мектептері онымен түгелдей жабдықталған. Мекемелер арасындағы есептесулер, мемлекеттік сатып алулар, тағы басқалары сол арқылы жүргізілуде. Бүгінде ғаламтор (Интернет) арқылы бәрін жасауға болады. Интернет ең алғаш 1969 жылы АҚШ-та дүниеге келді. Осы жылы АҚШ Қорғаныс министрлігінің (Пентагон) тапсырысы бойынша 4 университеттегі компьютерлер өзара микрожелі арқылы қосылады. Бірте-бірте оған басқа да ақылды машиналар тартыла бастайды. Ал, 1989 жылы ағылшын ғалымы Тим Бернерс Ли желіде жазбалар алмасуды ойлап табады. Міне, содан бастап ғаламтор қарыштап алға аттады.
 Бүгінде Қазақстан халқының 16 пайызға жуығы интернет пайдаланушылардың қатарында. Ол біздің жеке өмірімізге, оқуымызға, жұмысымызға, сатып алуымызға, бизнесімізге тереңдеп кіруде. Қазақнетте (Қазақстандық интернет) мемлекеттік тілде жүргізілетін 200-дің айналасында блог бар. Блогерлеріміздің ішінде бағдарламалаушылар, журналистер, аудармашылар, филологтар, түрлі мамандықта оқып жатқан Қазақстандағы және шетелдердегі студенттер, өздерінің айтары бар жеке тұлғалар және т.б. кездеседі. Қазақстандағы кейбір кәсіпкерлер интернетті бизнес ретінде қарастыруда. Қазнетке ақша құйып жатқандар да жеткілікті. Қазір қазақ тілінде – www.hat.kz. және www.mail.kz. электронды пошталары бар. Тағы бірі nur.kz – бизнес жобасы ретінде жұмыс істеп келе жатыр.
Иә, интернеттің бизнеске пайдасы көп-ақ. Бірақ, ақша жүрген жерде оны жеңіл жолмен тапқысы келетіндер аз болмайтынын да есте ұстайық. Қоғамымызда маңдай теріңізді төгіп, адал жолмен тапқан тиын-тебеніңізді сіздің компьютеріңізді пайдаланып, иемденіп кеткісі келетін алаяқтар кездеспей қалмайды. Интернет мұның оңай жолы. Себебі мұнда полиция да, киберқылмыспен күресетін құзырлы органдар да жоқ. Сондықтан өзіңізді-өзіңіз қорғауыңыз қажет. Қазір Аллаһқа шүкір, халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсы. Дербес компьютерлер талай шаңырақтың табалдырығынан аттады. Замана көшінен қалғысы келмейтіндер оған қол жеткізуге ұмтылуда. Копьютермен бос уақытыңызда балалар ойын ойнаса, жұмысыңыз түссе қажетті қағазыңызды теріп, суреттер шығарасыз. Бірақ, дербес компьютер ғаламторға қостырмасаңыз теледидар сияқты. Интернет – бұл үлкен мүмкіндік. Ол арқылы сіз алыс-жақындағы ағайын-тума, дос-жарандарыңызбен тегін хат алмасып, хабарласып, сөйлесіп, қажетті мәліметтер, деректер алып, жіберіп, соңғы жаңалықтарды оқып, газет-журналдарды шолып, фильмдер қарап, қызықты сайттарға кіресіз.Тұнып тұрған білім көзі десе де болады. Алайда, кейде интернетке қостырғанына бірер ай болысымен-ақ ДК істен шығып қалады. Оны ақысын төлеп кері оңдатасыз. Ел ішінде компьютерді несиеге алатындар барын ескерсек, бұл "жығылған үстіне жұдырық” екені хақ. Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Сол себепті өзгелер одан сақтансын деген ниетпен осы мақаланы жазбаққа қолға қалам алдық. Сонымен компьютер неге "бұзылып қалады”?
Хакерлер туралы әңгімемізді бастамас бұрын қазір әлемдік дәрежеде киберсоғыс жүріп жатқанын да назардан тыс қалдырмайық. Бұл соғыс қашан басталып еді? 2008 жылы Пентагонның (АҚШ) компьютерлік жүйесіне күйрете соққы берілді. АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскерилерінің компьютерлік базасына біреу вируспен зақымдалған флеш-карта тастап кетеді. Отырған оператор қатқыл дискідегі мәліметтерді құю үшін оны өзінің компьютерінің USB портына салады. Вирус флеш-картадан қатқыл дискіге өтіп, сол арқылы мықты қорғалған американдық желіге енеді. Бәрін бүлдірген вирусты қуып шығу үшін АҚШ әскери мамандары зор күш, көп уақыт және қыруар қаржы жұмсаған. Егер оны жоймаса мемлекеттің қауіпсіздігіне қатер төнер еді. Осы оқиғадан сабақ алған АҚШ Қарулы күштерінің стратегиялық басшылығы былтыр мамыр айында өз жанынан Біріккен кибербасшылық құрды. Ол бүгінде Барак Обаманың басшылығымен интернеттегі еркіндік пен киберқауіпсіздік мәселесін ерекше қолға алуда. Мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон 2010 жылғы баяндамасында: "Біз екі жыл бұрын киберкеңістіктегі сыртқы саясатты үйлестіру жөнінде арнайы офис аштық. Енді мәселені түпкілікті шешу үшін БҰҰ мен өзге де көпжақты форумдардың аясында әлемдік қауымдастық алдында киберқауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне төтесінен қоямыз” деген болатын. "Stuxnet” атты компьютер құрты жіберілген Иранның Бушер қаласындағы ядролық кешені де көпке дейін іске қосылмай, пайдасыз болуға аз-ақ қалды. Иран атом бағдарламасының атасы Али Акбар Салехидың күш-жігерінің арқасында ғана әлгі құрт залалсыздандырылған. Қазір ирандықтар мұның артында Америка мен Израиль тұр деп мәлімдеп, өздерін компьютерлік соғыс жағдайында деп жариялады…
Хакерлер деп өткен ғасырдың 70-ші жылдары жоғары дәрежелі компьютердің бағдарламашы мамандарын атайтын. Бүгінде "Хакер” деген сөз компьютер желілерін пайда табу немесе жай ғана қызық үшін бұзушы дегенді білдіреді. Хакерлердің өзі екіге бөлінеді. Жай және ұйымдасқан топтар. Соңғысы қоғам үшін қауіпті. Бұл туралы АҚШ-тың жоғары дәрежелі мамандары былай дейді: "Бұлар жан-жақты ұйымдасқан, жоғары технологияларды шебер меңгерген киберқылмыскерлер тобы. Олар қолына қару алмайды,себебі ешкімді қорқытудың қажеті жоқ. Көлікке мінбейді, өйткені "жолдарында” полицияға кездеспейді. Бетперде де кимейді, үйінде отырып-ақ банктерді қас-қағымда тонайды. Бұл үшін пернетақтаны басып, тышқанды қозғаса жетіп жатыр. Мақсатына жету үшін азаматтардың компьютерлеріне вирустар жіберіп, олардың логиндерін, парольдерін және есепшоттарының нөмірлерін біліп алады. Содан кейін банктердің электронды кодтарын талқандап, қыруар қаржыны ұрлап әкетеді. Бұл үшін тыңшы "троян” бағдарламасын пайдаланады. Киберқылмыскерлерді табу қиын. Арттарында ешқандай із қалмайды”.
"Троян” бағдарламасының атауы ежелгі Трояға кіру үшін ахейліктер қолданған ағаш аттың атынан алынған. Мұны "Зевс” деп те атайды. Жеке мәліметтерді ұрлау үшін ойлап шығарылған бұл бағдарлама тек қана Windows жүйесінде жұмыс жасайды. Алғаш рет 2007 жылы АҚШ Көлік министрлігінің веб-сайтын қиратып кіргеннен бері танымал. 2009 жылы ол Американ банктерінен, тіпті НАСА жүйесінен де табылған. Бағдарламаның қарапайым түрін Интернеттің қара базарынан 700, күрделі және модификацияланған түрлерін 3-4 мың долларға сатып алуға болатын көрінеді. Сіздің компьютеріңізге "Троян” хат түрінде пошта арқылы келеді. Ол хат – танысу қызметі, арзан бағамен сату, дағдарыстан жапа шеккендерге көмек, немесе электр, телефон компанияларынан төлем хабарламасы, т.б.аттармен жетеді. Сіз ашқан бойда троян компьютеріңізге кіріп орналасып алады да, сіздің логиніңізді, пароліңізді, сақтандыру нөміріңізді, тексеру сұрақтарыңызды, мекен-жайыңыз бен телефон нөміріңізді, тіпті клавиатураны басып, не жазсаңыз бәрін өзін жіберген адамға хабарлап отырады. Оны табу, жою өте қиын. Америкада 3,6 млн. дербес компьютерге осы бағдарлама еніп кеткен. 2009 жылы бір ғана қараша айының екі күнінде Троян арқалаған 9 млн. хат әлемнің түкпір-түкпіріне жіберілген. Әлемде "Зевс” жіберетін 180 сервер командасы тіркелген. Американ сарапшыларының айтуынша оның ішінде 54-і АҚШ-та, 50-і Ресейде, 42-сі Украинада, 14-і Молдавияда, 10-ы Ұлыбританияда, 9-ы Қазақстанда жұмыс жасайды екен. Хакерлер АҚШ азаматтарының есепшоттарынан 70 млн. долларды ұрлаған. 220 миллионға бағытталған қылмыстық әрекеттері сәтсіз аяқталған. Олардың үстінен 92 іс көтеріліп, 39 адам қамауға алынған.
Өзіңіздің ақылды досыңызды вирустар мен қауіпті бағдарламалардан сақтау үшін не істеу керек. Біріншіден интернетте күдікті нәрселерге жоламаңыз. Ресейлік компьютер маманы мынандай әңгіме айтады: "Бірде компьютерімді қосқанда "Кел, покер ойнайық” деген жазу пайда болды. Ойнадым да, жеңіліп қалдым. Артынша "шағын терезеде” "Сен жеңілдің. Соның төлемі ретінде сенің «Windowsіңді» аламын” деген жазу көрінді. Мен мұны әзіл ретінде қабылдадым. Бірақ, вирус әзілдемепті. Артынша-ақ компьютерім істен шықты” Хакерлер кейде сізге көрінбейтін бағдарлама да жібере салады. Ондай жағдайда сіздегі Windows бағдарламасы істен шығады немесе онымен жұмыс істеу мүмкін болмай қалады.
Енді компьютерді істен шығаратын вирустарға тоқталсақ әуелі компьютер құртын ауызға аламыз. Ол сіздің темір досыңызға қалай кіреді. Мысалы, сіз ештеңе көшірмесеңіз де сайттарға кіріп, қызықтап қарап отыруыңыз мүмкін. Міне, осы кезде солардың бірінен шыққан құрт жәймен ғана компьютеріңізге өтіп кетеді. Бұл құрттар көбінесе өздерімен бірге вирустарды алып жүреді. Сөйтіп, тек компьютерді ғана емес, дискілеріңізді, дискеттеріңізді, флешкаларыңызды да зақымдайды. "Троян” туралы жоғарыда айттық. Бір мемлекетке білдіртпей өтіп кетіп, жоғары лауазымға ие болған тыңшыны көз алдыңызға елестетіңізші. Компьютердегі троянның қызметі соған тең. Вирустар дегеніміз сіздің компьютеріңізді істен шығаруға бағытталған бағдарламалар. Олар әртүрлі міндет атқарады. Сізде тұрған белгілі бір бағдарламаларды жояды немесе ақпарат құралыңызды мүлдем істен шығарады.
Хакерлерден қалай қорғануға болады? Мамандардың кеңесіне құлақ түрейік: "Спамдарға” сенбеңіз. Құрт көбіне электронды пошта, әсіресе "спам” арқылы таралады. Тексерілген сайттардан ғана көшіріңіз. Бағдарламалық қамтуды жаңартып отырыңыз. Әрдайым жаңартылған вирусқа қарсы бағдарлама және фейерболмен жұмыс жасаңыз. Әсіресе сіздің компьютеріңізде фейербол міндетті түрде болуы қажет. Себебі вирусқа қарсы бағдарлама (антивирус) жаңадан жазылған троянды байқамайды, ал фейербол зевстің жолын кесіп, мәліметтерді сыртқа шығартпайды. Хакер вируссыз да сіздің компьютеріңізге кіріп, өзіне қажетті әрекеттерді жасауы мүмкін. Фейербол бұған да тосқауыл болады. Күдікті сайттарға кірмеңіз. Кейбір іздегіштер, мысалы "Google” бір сайтқа кірерде онда қауіп болса алдын-ала ескертеді. CD, DVD дискілерінде вирус болмайды, оны таситындар дискеттер, флешкалар,винчестерлер және қатқыл дискілер. Сондықтан оларды қолданудан бұрын тексеріп алған жөн. Осы айтқандардың бәрін бұлжытпай орындағанның өзінде ешкім де сіздің компьютеріңіздің қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Желінің арғы басында отырған досыңыз біз айтқанның бәрін сақтап отыр деп сене аласыз ба? Вирус сол жақтан да жетуі кәміл. Өзіңізге беймәлім хаттың қосымшасын ашушы болмаңыз. Келген хатты ашпас бұрын "автоматты алдын-ала қарау” (автоматический предварительный просмотр) жүйесін қосыңыз, оның мазмұнын көресіз. Вирустың тағы бір таралу жолы – дискетті компьютерде қалдыру. Өшірер алдында оны міндетті түрде шығарыңыз. Бағдарламалаудың әлемдік дәрежедегі көшбасшысы Symantek- жүйесі қажет жағдайда компьютердегі вирустар мен құрттарды жою құралдарын сізге тез арада жеткізу мүмкіндігіне ие. Windows компьютерлік бағдарламасына сыннан өткен, сенімді Zone Alarm брандмауэрін орнатқан жөн. (Брандмауэр – бұл сіздің компьютеріңізге ғаламтор арқылы ұмтылған хакерлерді, вирустарды, құрттарды сейілтетін көмекші құрал немесе бағдарлама. Windows XP және Windows Vista жүйелері бұлармен қамтылған). Сол сияқты Norton Anti-Viros, PC-Cillin, Mc Aree Anti-Virus атты вирусқа қарсы бағдарламалардың біріне қол жеткізгеніңіз ыңғайлы. Антивирусты компьютер қосқанда автоматты түрде өздігінен қосылатын етіп қойыңыз”.
Әрине. кім-кімде сатып алған дүниесінің қызығын көргенді қалайды. "Аюдан қорыққан орманға бармайды”дегендей хакерден қорқып компьютерсіз отырмайсыз ғой. Өйтсеңіз ақпараттар ағыны жетелеген замана көші сізді далада қалдырып кетеді. Ескертеріміз: дербес компьютер алып, ғаламторға қостырғанда маманға айтып, антивирус қондыртқанның зияны жоқ…

Қанат ҒҰМАРОВ.

Категория: Ислам діні | Добавил: anonim02
Просмотров: 1536 | Загрузок: 0 | Комментарии: 5 | Рейтинг: 5.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]