Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 19.04.2024
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі » Әңгімелер

Аш, жалаңаш...
18.08.2011, 01:03
                                                                           Бейімбет Майлин
                                                                              (1894-1938)   
                                                                             Аш, жалаңаш...        
  Күз...Ызыңдаған ашы жел суық лебін денеге соғып, тітіркендіреді. Денені түршіктіріп, қыстың ызғарын көз алдыңа елестетеді:
-        Қыс келеді, қыс келеді!.. - дегендей болады.
Қыс, көріп жүрген қыс. Қыстың суығына ұрынбау үшін адам баласы әдістеніп үйренген. Әлі келгендері:
-        Отын даярлап жатыр...
-        Тон-ішігін даярлап жатыр...
Әлі келмегендері:
-        Бұлар не қылсын?.. Несін даярласын?!.. Жоқ қой, табары жоқ қой!
Бұлар - кім? Бұлар - үсті-басы кір-кір, екі көзі ғана жылтырап, көше бойында бүрсеңдеп жүрген балалар ғой, үсті-басы алба-жұлба, денесі көрініп тұр. Екі көзі мөлдіреп, өткен-кеткенге сұқтанып қарайды.
-        Сендер бақыттысыңдар ғой. Біздің аш-жалаңаш жүргеніміз мынау! - дегендей болады.Қарны аш, үсті жалаңаш, денесі кір-кір, ібіліс, нас! Қандай күш мұны тентіретіп жүр? Әкесі қайда?.. Бауыры қайда? Неге қарнын тойдырмайды?.. Неге үсті-басын жуып, мұнтаздай қылып киіндіріп қоймайды?!
-        Ай, дүние-ай, десейші! Әке болса, әкенің қарасар дәрмені болса, бүйтіп қояр ма еді? Іштен шыққан баласын кім жек көреді дейсің, әттең дәрмен!..
    Кеш болса, суық леп ызғарын үдете түседі. Қою қараңғылық әлемді албастыдай басып, ағаш жапырақтары өлдім деп сыбдырлап, сыбырлағандай болады...Құлаған ескі тамның қуысында бүрісіп жатқан біреулерді көресің.Бұл кім?Бұл әлгі аш-жалаңаш дірдектеп жүрген балалар! Аштықтан іші ұлиды, суықтан дене тітіркенеді, іші мен тысы бірдей жай таба алмай, дөңбекшіп ыңырсығанда жан баласы төзерлік емес!.. Жалғыз-ақ суық жел ғана ысқыруын үдетіп күлген сияқтанады...Тамағы тоқ, киімі бүтіндер көңірсіп үйінде отыр. Жас балалар «папалап», «мамалап» еркелейді, ойынға ерінеді... Осы күйді жек көретін адам бар ма? Өзі сондай күйде отырып, басқалар аш-жалаңаш қаңғырып жүре берсін дейтін адам табыла ма?
-        Табылмас. Басқа жерден табылса да, біздің кеңес үкіметінен табылмас. Табылуы да мүмкін емес.
-        Ұлы төңкерістің он жылдығын тойлауға әзірленіп жатырмыз. Бірер жетіде той болады. Кеңес елінің еңбекшілері қызыл туын желкілдетіп, қатарын түзеп, салют береді. Жас пионерлер ұранын салып, жер күңірентіп, қатарын түзеп олар да тұрады...
Аш-жалаңаш балалар қайтер екен?Олардың киіп шығатыны қайда? Тойып ішетін тамағы қайда? Мұны кімге айтады, мерекеге қосыла алмаса, жас буынмен бірге үн беріп:
Біз де әзірміз! - деген сертін айта алмаса, қапа болып қалмай ма?Қызылордадағы уездік әйелдер бөлімі бұл жұмысты қолға алып жатқан көрінеді.Той қызметіне аш-жалаңаш жүрген жетім балаларға киім-тамақ жимақ көрінеді.Бірақ, мұндай жұмыс бірер мекеменің қолынан келетін жұмыс емес. Бұған толып жатқан күш керек. Кеңес орындары мен мекемелерінің, саналы азаматтарының күрделі көмегі керек.Жұмысқа бастаушы шықса, қостау міндеті көптікі. Көп көмек көрсетіп, жұртшылық міндетін өтеп, басталған жұмыс біткенше орындап тастау керек!Қорғансыз балалар көп болғанда қанша дейсің: үй болып, бала сүйіп, мәз-мейрам боп отырғандардың шегі жоқ.Өз балаларың бала ғой, киіндір, тойындыр, жәрдеміңді бер, олар да қуансын!Жұртшылық өсіп қалғанын олар да көзімен көрсін!

                                                                   
Категория: Әңгімелер | Добавил: anonim
Просмотров: 1306 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]