Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Сенбі, 20.04.2024
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі » Әңгімелер

Аштық құрбаны
18.08.2011, 01:06
                                                                           Бейімбет Майлин
                                                                              (1894-1938)   
                                                                            Аштық құрбаны
    Боран. Қар бораны... Қар бораны емес-ау, қан бораны!.. Желі ұйтқып соққанда, тұншықтырып дем алғызбайды. Қары майда,жабысқақ емес, тікенектей қатты; бетке тисе қарып, қаны-сөлінді сорып алғандай.
   -Қатын-ай, үйі құрғыр азынап кетті ғой, тағы бірдеңе тауып жағасыңба!.. - деді Қайрақбай.
   Аласа, тар жер үйдің іші ит байласа тұрғысыз, есігінен, терезесінен жел азынап үйдің іші қырауытып кеткен.
   -Қайтейін, байғұс, отқа жағатын не қалды дейсің, лапастың төбесін әлдеқашан жағып бітірдік. Қар астында қалған азын-аулақ саңылтырын Дәмеш екеуіміз әлгіде қазып алып жақтық.
   Шырынкүл пештің алдына отырып, сөніп бара жатқан оттыңң шоғын шыпшамен көсеп, тағы бір жайнатып қойды. Жанып біткен қамыстың шоғы қанша ұзаққа барсын, ә дегенше болмай сөніп калды. Шырынкүл шын налыды.
   -Құдай-ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз?
    Көзінен бүртік-бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді.
    Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр. Екі көзі жаутандап, әкесінің шоқпыт күпісіне орана түсіп, сегіз-тоғыз жасар бала - Таңсық жатыр. Бәрінен де қайғылы, бәрінен де жүдеу, біресе жылаған шешесіне, біресе еңсесі түскен әкесіне қарап, жаутандап Дәмеш отыр. Дәмештің қазіргі түрі адам шошынарлық, бұдан екі-үш ай бұрын адам сұқтанарлық келбетінің ешбір ізі қалмаған секілді.
   Дәмешті мүжіген жалғыз аштық емес, басқа қасірет бар. Қайрақбайдың баласы Дәмеш пен Таңсық. Таңсықтың қолынан іс келмейді. Дәмеш бала емес, биыл он алтыға шығып тұр. Жұрттың он алтыдағы баласы кісіге жалданып, я үйінде кәсіп істеп, әке-шешесін асырап отыр. Дәмеш мұны істей алды ма?Балам деп мәпелеген, асыраған, өсірген әке-шешесіне қысылшанда Дәмеш не көрсетпекші. Екі күннен бері дым сызбастан аш отыр, енді неше күнге шыдайды? Шыдамағанда қайтпекші. Ұлтарақтың үйі құсап қол ұстасып шұбырып кетпекші ме? Шұбырып жүріп кешегі Рахымның шомын жастана жатып, қалып қалмақшы ма?..
   Дәмеш мұны ойлағанда от боп күйіп кетеді, әке-шешесінің осы күйге түсуіне өзі себепкер болған секілденеді. Құдай-ау, неге ғана еркек болып тумадым екен?! Еркек болып тусам ең арғысы біреудің есігінде жүрсем де, қайыр сұрасам да, әке-шешемді мұндай қысылшаң күйге түсірмес едім!.. деп ойлаған сайын еңіреп-еңіреп алады...
    Үй іші қара күңгірт тартып бұлдырлай бастады. Кеш болды білем, жағатын, жарық қылатын шам қайда? Пешке арқасын сүйеп, бүрісіп Қайрақбай жатыр. Қайрақбайдың қолтығын басын тыға Таңсық жатыр. Таңсыққа басын салып Дәмеш жатыр. Жалғыз Шырынкүл байының бас жағында, қазықтай боп қақиып тізерлеп ол отыр... Ой терең, ойлап-ойлап кеп күрсінгенде, жүрегі жарылып кеткен секілді болады.
   Дала боран, жел ысқырады, ұлиды. Сақылдап күлгендей болады, сарнап жылағандай болады. Қараңғылық түнеріп, тұлданған күннің ызғарымен әлемді құшағына алып тұншықтырыи бара жатқан секілді!
   Есік алды сықырлағандай болды. Сипалап есікті ашып, тәлтіректеп бір адам үйге кірді.
      -    Уа, бүгімсің?
      -    Құдайы мейманмын.
      -    Байғұс-ау, бізде не бар деп келдің? Өзіміз дым таба алмай ұлып отырмыз, байларға барсайшы!
    Аяғын сықырлатып мейман аз-кем тұрды да, өлімсіреген дауыспен мұңын айтты:
      -    Ашпын, жаяумын, ешкім есігінен қаратпады. Тым болмаса түнеп шығуға рұқсат етсеңіздер!
   Шырынкүл күрсінді.
      -    Жата ғой, жата ғой, - деді.
 
                                   * * *
    -Әй, басынды көтересің бе, - деп Шырынкүл Қайрақбай ды оятты.
    -Не айтайын деп едің?
    -Манағыны, манағыны қайтеміз?..
   Қайрақбай жауап бермей, басын салбыратып отыра берді.
    -Сен жаси берме, құдайдың салған ісіне көну керек! Көре біле өлеміз бе, қырыламыз ба?! Сен бата алмасаң мен-ақ  айтып көрейін!
    Қайрақбай әлдене уақытта барып:
     -     Мейлің! - деді.
     -     Қалқам Дәмеш!
    -      Ау, әже!
     -     Басыңды көтер. Біз сорлы болдық кой. Біз өлуге қалып отырмыз... Біз енді қайтпекпіз?
    -      Қайтейін, әже, қолымнан келетін нәрсе болса, басымды құрбан қылсамда, сендерді құтқарар едім, бірақ қайтейін!...
   Дамеш көзінің жасына булығып. сөзінің артын бітірмей тоқтады...
    -Қалқам Дәмеш!
     -Ау, әже!
     -Сен білесің бе, бізге өлімнен құтылатын бір жол табылып отыр ғой...
    - Әжетай, айтшы! Қолдан келетін іс болса, кұтылып бағайық.Тым болмаса өзіміз құтыла алмасақ, Таңсыкты құтқарайық!..
    -Оны істесек бәріміз де өлімнен кұтыламыз.
    -Айтшы, әжетай, айтшы!
    Шырынкүл біраз күрмеліп отырды да, сөзін бастады.
   -Қалқам, өткен жайдың несін айтайын, өзің де білесің, сені жасыңда күйеуге беріп қойып едік. Былтыр күйеуің өлді. Әмеңгерім деп қайнағаң қатын үстіне алғысы келеді, мен де, әкең де төбе шашымыз тік тұрып сені айырып алуға жан салдык. Айналдырған төрт-бес қараны сыпырып байдан алған қалың малдың төлеуін бердік. Нақ ол күнде сені айырып алудан басқа біздің ойымызға ешнәрсе келмеді. Біздің бар тілегіміз сені теңіне қосып, қызығынды көру еді. Бірақ құдай онымызды қос көрмеген секілді. Біз тұңғиық жарға кез боп отырмыз. Бұдан шығудың амалын қарастырмасақ, бәріміздің де өлгеніміз. Бәріміз  өлмей, біріміз ғана өлейік десек, ортамыздан сені құрбан қылғалы отырмыз, сені сатқалы отырмыз!
    -Әжетай, мен шынымен пұл болам ба? Мен пұл болып әжеттеріңе жарасам, сендерді өлімнен алып калатын болсам, мың жаным болса да қидым, мен садаға?
  -Рас айтасың ба, қалқам?!
  -Рас айтам, әже, мен құрбандыққа әзір!
   -Ендеше сені Тілеумағамбет тоқалдыққа сұрап отыр. Мал бермейді, үй ішімізді қыстан асырап қана шығады.
   Дәмештің жүрегі мұздай боп, тұла бойы қалтырап қоя берді.
   -Тілеумағамбет!
  Тілеумағамбет алпысқа келген шал. Бай. Екі баласының еншісі басқа. Екі қатыны бар еді, тоқалы биыл жаз өлді. Апыр-ау өлейін деп отырып қызды қайтеді екен? Өзі өлгенше қатын үстіне болса да, балаларының біріне неге әпермейді екен?.. Болса да сатылатын болған соң, тым болмаса бір жас жігіттің душар болмауын қарашы!
   Дәмеш отырған күйі қалшиып қатып қалды. Еңіреп жылағысы келіп тығылса да әжесі ренжіп кала ма деп кысылып,тістеніп үнін шығармады. Көзден шұбырған ыстық жас үн-түнсіз бетін  бояп, қойнына құйылып жатты...
   Төр алдында жатқан мейман тіленші ыңырсыды. Түс көрді ме  қалай, сандырақтап сөйледі:
      -Әй, қатын, наның күйіп барады... Табадағы нанды ал!, Маған бір үзіп берші, - деді.
     -Нан!
   Нан үшін жұрт не қылмай жатыр. Шұбырып кетіп жатыр, жүрегі үзіліп аштан қырылып жатыр! Әке-шешесі үшін құрбандыққа атап, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз бәске сатылып жатыр!.. Әй, аштық, қылдың-ау.
     -     Қалқам Дәмеш! - деп Шырынкүлдің даусы қалтырап шықты.
    -      Ау, әжетай!
    -      Әлгіні қайтесің?
    -      Көндім, әже, көндім! Сендер үшін, жас нәресте Таңсық үшін бір түгіл мың басым болса да, қидым... Мен - құрбан! Мен аштықтың құрбаны!..
                                                                
Категория: Әңгімелер | Добавил: anonim
Просмотров: 2097 | Загрузок: 0 | Комментарии: 2 | Рейтинг: 1.5/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]