Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Бейсенбі, 25.04.2024
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі » Әңгімелер

Баянсыз бақ
21.08.2011, 01:48
                                                                                 Бейімбет Майлин
                                                                                   (1894-1938)
                                                                                    Баянсыз бақ
    Нұрлыбай көзі кіртиіп, қабағын тыржитып, үстеліне сүйеніп бірсыпыра салбырап тұрды да, барқытпен көмкерілген жұмсақ үстелге сылқ етіп отыра кетті.
     Нұрлыбайдың жазу үстелі қай қызметкердікінен болса да ,артық. Қызметкер дегенің нақа бір шаруашылық орнында істеп,соның бір еңбек сіңіріп кетейін дегені болмаса, көбі жазу үстелін жөндеуді білмейді ғой. Қызметкерлерің былай тұрсын, күндіз-түні жаумен айналысатын жазушылардың көбі де ақсақ үстелден қол үзе алмай жүр. Далада өскен қазақ баласы, нақа бір кент  әйеліне үйленгені болмаса қала тұрмысын бір жөндей қоя ма?
   Нұрлыбайдың өзгешеден бір артықшылығы - осы жазу  үстелін жөндегендігі. Жөндегенде - нағыз оңдысы, сырлап тастаған тартпалы үстел.
   -Үстелің онды екен, - деп кызығушы болса:
   -Осында бір таныс жігіт бар еді, соның істеп бергені... Керек болса, істетіп берейін, - деп жымындайды.
    Сөйтіп, Нұрлыбай аркылы әлгі «шебер жігіт» басқа да қызметкерлермен танысып, араласып кетеді. Шебер жігіттің түпкі тілегі  де осы кызметкерлерге араласу болғандықтан, ол Нұрлыбайға істеп берген үстелінің бәсі толықтанды деп біледі.
   Нұрлыбай сырлы үстелді ұстай да біледі. Үстелдің үсті тап-таза болады. Бір жақ бұрышында - кесілмеген, ұсталмаған бірер кітап пен жазу аспабы тұрады. Оған таяу шылым сауыт, күл салғыш болады. Екінші жақ бұрышында - арам өлген сиырдай болып теңірейіп портфелі жатады. Үстел тұрған үй қабырғасында, бұл енді үстелге отырғанда, кісінің қарсы алдынан тұрады, кіреукеленген кішірек айна болады. Айнаның бір жағында бетіне әжім кіргеніне қарамай, қызша киініп, бір қолымен жағын сүйеп түскен бір әйелдің суреті тұрады; мұны енді сұрамай-ақ осы үйдің «хозәйкәсі» дейсің, екінші жағында - бір қырын отырып түскен қолағаш мұрын, аққұба жігіттің суретін көресің. Бұл енді, Нұрлыбайдың жастау кезінде түскен суреті болады.
  Нұрлыбай жазу үстеліне отырғанда, үстелінің сыр-сипаты міне, осы айтылғандай еді. Әрине, енді бұл сияқты үстелдің басына отырған соң адамның көңілі өсіп, жазу өзінен өзі-ақ бұрқырайды ғой деп ойлайсың. Бірақ неге екені белгісіз, каламын ыңғайлап ұстаса да, қағазды бүктеп алдына қойса да, шамданшақ аттай кібіртіктеп, Нұрлыбайдың қолы бір жөнге жүрмейді. Жапырып тастайын деген адамша, ыңғайланып, қожырайып, осының кесірі тиіп отыр дегендей боп, көйлегінің жеңін білекке шейін түріп, мойнын бүгіп ұмтылса да, бір-екі жолдан,артыққа бармай, тұрып қалады. Сосын күрсініп, қаламды тастай беріп, екі қолымен басын ұстап ойға шомады келіп...
    Ой теңіз деген рас-ау, оймен адам не істемейді. Әсіресе осы ой Нұрлыбайдың миын-ақ жеп болды. Баяғыдан ойлап келеді, бір таусылсыншы.
   Бірақ бүгінгі ой бұдан өзгеше еді, бүгінгі ойдың бәрі осы жазудың жабдығында жүр, қалай жазу керек, не жазу керек,қайткенде сендіруге болады?.. Міне, қанша ойласа да, бір шешуі болмай отырған жұмбақ осы.
   «Сонда осының не жазбақшы?» деген сұрау оқушылардың басында қылтындап тұр-ау. Мұны осы жерде айта кетейік. Нұрлыбайымыз судья еді, бүгін орнынан алынды!
   Енді қайту керек. Губсотқа арыз жазу керек, іздену керек, өзін сендіре,таныта білу керек!..
   Ал, қаламды қолына алды... «Губернелік сотқа» деп басын  жазып, «14-аудан халық соты Нұрлыбай Ақтамовтан» дсм оған жалғап та қойды. Осыдан әрі не жазбай, бұдан әрі қысқа ғана болса  да, өзінің кім екенін, кандай жұмыстарда болғанын, жұмыстардан алған отзывын, профсоюзға қашаннан бері мүше екендігін шолып өтіп, содан кейін мүдделі сөзіне екі үш ауыз сөз жазса да болмай ма?.. Бірақ Нұрлыбайға бір қырсық кездесті. Арыз алатын жер жоғарғының бәрін ашып білгісі келді. Осыны істеп отырған басқа адам болса екен-ау, өзінің жақын көріп жүрген адамының бірі, талай бірге қонақ та болып, ең арғысы Нұрлыбай арқылы үстелге де қолы жеткен кісі...
   Нұрлыбай жауар бұлттай тұнжырап біраз отырды да, бірдемеге бел буғандай болып қаламды құшырланып ұстады Қағазының басына жазылатын сөзді кайтадан ондап жазды да, енді керегіне кіре берем дегенде, тағы малтығып басын жоғары көтерді. Жоғары көтергенде көзіне айнадағы суреті түсе кетті. Екі жағы суалып, қатпарланып, көз алдары бұқаның моймынша қыржиыпты. Бұл сияқты болам деп кім ойлаған. Бір кейде екі көзі мөлдір қара, беті шиқандай қызыл, үріп ауызға салындай бала еді. Тоқалдан туып еді, баласыз бәйбіше мұны бауырына салып, желге, күнге тигізбей өсіріп еді. Бала болып, еркін ойнаған да емес, «ойбай, биті жұғады, қотыры жұғады» деп бәйбіше мұны жанның баласына қоспаушы еді. Тілі шықты да, сабаққа жармасты. Қазақшаңнан аттап өтіп, орысшаңа шомды Гимназиянды бітіріп шықты. Одан әрі оқимын дегенде шеше құрғыр кесе түсіп, қызығын көремін деп қатын алып бергізді.
   Нұрлыбай отау иесі боп үйде отырып қалды...
   Нұрлыбай өмірі осылай басталады. Бұл екінің бірінде бар өмір. Мұны Нұрлыбай іркілмей-ақ жазып бергендей. Жалғыз осы ғана болса, осы өмірдің ішінен «талай таптық маңызы» бар жұмысты да шығарып берер еді. Оған Нұрлыбайдың қаламы жетеді де. Бірақ бөгей беретін нәрсе өмірдің бергі жағы ғой.
   Үйде отырған соң Нұрлыбай ерікті ме, әлде, солай болуы тиісті ме еді, атқа мінді. Атқа мінгенде басқа байдың балаларындай салдық құрып «пәленше мырза» деген атақты іздемеді. Мұның құмартқаны басқа нәрсе болды: біреуді жәбірлесс, жылатса, ойран салса, сусыны қанып, құмары тарқайтын сияқтанды... Бірақ бұған қарап ел мұның атын өзгерткен жоқ, баяғы қалпынша «мырза» деп жүре берді. «Ерке өскен бала ғой, ақылы кірген соң өзі-ақ қояды», - десті.
   Сөйтіп жүргенде Нұрлыбай өзгеріске кездесті. Өзінің бұрын бірге оқыған жолдасының бірі - «өзгеріс қаһармандарының" қатарына қосылған екен, соның икемдеуімен Нұрлыбай жұмысқа кіріп кетті. Бір болыс елдің жұмысын қолына ұстады. Бірсыпыран пысықтар, өзіне-өзі сенгендер болмаса, Нұрлыбайдың жүрген жерінен жұрт ат-тонын алып қашқандай еді...
  Мұның бәрі ертегі емес, шын. Шын болғанда Нұрлыбайдың өз қолынан істеген жұмыстары, кезінде мұның бірін теріс екен-ау деп еті шімірікпеген жұмыстар.
   Басқасы басқа-ау, Нұрлыбайдың біраздан бері ойынан қалмайтыны, жатса түсіне кіретін жұмыстың бірі «алашорда» кезіндегі істері-ау!.. Бірақ өз тұсында ол жарастықты тура жұмыс сияқты еді, теріс болса енді болып отыр. Ол кездегі жұмыстың басқасы бір төбе де, ана бір большевик үгітшілеріне істеген жұмыстары бір төбе-ау! Бүйтіп дүние өзгеріп, түбі бір тергеу-тексеру болар деп ол кезде кім ойлаған. Бәрінен де жаманы сол оқиғаның ішінде болған, сол үшін өзі де жаза тартқан бір адамдар, осы күні жоғары өрмелеп, кеңес мекемесінің жұмысына ілікті. Олар, ол кезде есікте жүрген малай еді-ау! Тіпті ойдағы жоқ жұмыс. Нұрлыбай мұны ойласа тұла бойы тітіркеніп салқын тердің қалай шыққанын да сезбей қалады. Тек құдай бетін аулақ қылсын!» - дейді ішінен күбірлеп. Дегенмен бұл әшейін бір көңіл жұбату ғой. Нұрлыбай кездессе, Нұрлыбайдың қайда екенін білсе, олар түтіп жегендей боп шіміркенуі сөзсіз...
   Міне, арыз жазуға кіріскенде, өмірбаянын шолып өту керек болғанда, Нұрлыбайдың қолын байлап отырған күй осылар еді. Нұрлыбай осының қайсысына жабысарын білмей отыр еді...
   Асхана жақтан салдыр-гүлдір «Қырғын келгір, кек түйнек келгір!» деп бір әйелдің шаптыққан даусы шықты. Бір бала шырқырап, үйді басына көтеріп жылады. Сөйткенше болмай, қара домалақ баланы бір қолынан ұстап сүйреп, шаптыққан сұрша пйел, ау-жайға қарамастан Нұрлыбайдың сырлы үстелінің үстіне әкеліп алып ұрды. Нұрлыбайдың жазуға ыңғайлап отырған қағазы баланың аяғымен ұйпа-тұйпа болды.
   - Өзіңмен өзің болғанша бір мезгіл баланы да алсайшы, маған масыл қыла бермей, - деді сұрша әйел танауы қусырылып.
   Нұрлыбай «бәу, бәу, қоя ғой» деп балаға жабысты. Бала қадірін білмеген әйеліне шын кейіді. Нұрлыбай бала күнінде бүйтіп таяқ жемек түгіл, ыңқ етіп даусы шықса үй іші боп абыржып, бұлініп қалар еді. Енді сол Нұрлыбайдың баласы мынау...
  Нұрлыбай ауыр күрсінді, бала портфелін ашып бір нәрсе іздей берем дегенде, біреу ұстата қойғандай боп бір пәкет қолына іліне түсті. Сұрғылт түсті пәкеттің сыртындағы иреңдеген жазуы Нұрлыбайға жаналғыш әзірейілден жаман көрінді, ол сұрланып, демін жиі алып, танауы қушия түсті.
   -Қатын-ау, қатын!
   -Не бар? - деп көрші бөлмедегі әйелінің даусы шаңк етіп
   -Мына пәкетті кім әкелді? Мұны, менің портфелімді алғам кім?
    Нұрлыбайдың даусы әйеліне таныс: кексіз даусы бір түрлі болып шығады да, қысылғандағы, сасқандағы даусы екінші түрлі боп шығады. Мына сондағы дауыстың шығысына қарап, Нұрлыбайдың бір нәрседен қысылғандығын сезгендей, жақсылыққа болса игі еді дегендей, әйелі состиыңкырап көрші бөлмеден келді.
   -     Айтуға ұмытқан екем-ау... бір милиция кеп.. Жаман зәрем кетті. Қол қой деген соң, қол қойып алып қалдым.
    Пәкет сыртындағы «19-аудан халық тергеушісінен» деген жазу қараған сайын құлпырып, зорайып, әрбір ирегі - самсаған мылтықтың аузындай боп үңірейеді. Нұрлыбай пәкетке туралап қарай алмай төмен қарап, салбырап кетті.
   Екі көзден сорасы аққан қара бала, Нұрлыбайдың қорыққан пәкетін, сезбестен қолына ұстап, жұмырлап ойыншық қылды...


Категория: Әңгімелер | Добавил: anonim02
Просмотров: 2085 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]