Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Бейсенбі, 25.04.2024
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі » Әңгімелер

"Ол бір түс қой"
18.08.2011, 00:08
                                                                         Бейімбет Майлин
                                                                             (1894-1938)
                                                                           "Ол бір түс қой"
   Қаланың күн жақ бетінде бұйығып отырып, Берғали ойға шомды...Күн жалтыр. Күн жақ беткей күн көзімен жіпсіп, еріп жатыр.Көлеңке жақ қатпай ызғар. Жел екпіні ызғарлы тұла бойды қуалай соғып, денеңді түршіктіріп жібереді. Қыс батқан арық малдар төрт аяғын бауырына алып, күнгей бетте бүрсиіп тұр. Анда-санда күйсейін десе де, көзінен сорасы ағып, маужыраған соң көзін жұмып мүлгуге айналады...
    Бөрігінің басы қайқайып, қысқа тоны қаудырап, қарына іліп Диқанбай шықты. Шуақтағы сиырларды суатқа айдамақшы болып еді, бұйығып шыға қоймай, тұрған жерінің қарын шиырлай берді. «Иттің малы!» деп мұқыл мүйіз тарғыл сиырды шелекпен сілтеп өтті. Шелек салдыр етті. Шошып кеткендей болып, Берекен басын көтерді. Сеңсең тымағының көзіне түскен жалбасын қолымен кейін итеріп қойды. Көзін Диқанбайға қадады. Шапыраштандырып, атып жібергендей болып қараса да, Диқанбай елең қылған жоқ. Шапыраштанған көзден сескенетін Диқанбай емес. Шынында шапыраштанған көзді сезген де жоқ. Берғали солай қарадым ғой деп ойлағанмен, Диқанбайша ол бір кәрі біткен, отсыз жыпылықтаған көз еді.
- Әй, құдай-ау, көрсеттің-ау! Не жазығым бар еді?!. Біттім ғой, сәндім ғой!.. - деп, Берғалидың көзінен бүртік жасы ытқып шығып, қою қара сақалының тал-талының бойын қуалап аға берді...
* * *
...Онда да осы кез ғой. Күнгей беттер жіпсіп, еріп жатқан. Шөп көп. Мал күйлі, біреуі екеу болып төлдеп, есік алды ыңырсыған тел. Берекең соның шулаған даусына еріп, бұйығып отырып, ата бағына, арылмаған ырысына көз жіберіп, өзінен-өзі тасады... Бақ-дәулетті берген «құдайына» мың шүкіршілік қылады...
Албар жақта ма, төл ішінде ме, «алған ақысын көтере алмаған сорлы құлдың біреуі «иттің малы», - деп дәттеп жатыр.
-        Уа, о кім өзі?
-        Ұлтарақ!
-        Ә, оңбаған құл! - деп Берекең орнынан қалай тұрғанын да білмей, Ұлтарақтың жанына жетіп-ақ келгені. Көзі жаутаңдап, иығы салбырап, пішіні кетіп Ұлтарақ тұр еді. Бөксесін баса алмай қиралаңдап бір қара қозы жатыр. Берекеңнің сұрауын да күтпей, Ұлтарақ:
-        «Ат, құла ат...» деп бірдеме айтайын деп еді, Берғали оны тыңдаған да жоқ, есіткен де жоқ, сұстанып келген күйі жұмарлап жонған безтаяқпен Ұлтарақты бастан салып өтті. Ұлтарақ қипақтай түсті.Ентігіп барып Берғали есік алдында тұрғанда, бір саналы сыр етіп жетіп келгендей болды. Екі қара атты қатарлап жеккен, ызбройының бәрі жарқылдаған полысқой, құндыз ішікке оранып шалқайып біреу жатыр. Делбесін ұстаған жігіт қарғып түсе қалып, ішіктің аяғын ораған қымтауын ашты. Ішіктің ішінен, тапқан сүмбідей болып мұрты сорайып, Төрттөбе елінен Оспан шықты.
- Есен-сау қайттыңдар ма?
- Шүкір!
- Қалаңда не хабар бар?
- Патша тағынан түсіпті деген еміс-еміс хабар бар. Рас-өтірігін білмедім...
- Патша тағынан түссе қалай болады? Бұл жақсылық па, жамандық па? Бұл жағын Берғали ойлай қойған жоқ. Күнде естіп хабарының ішіндегі бір жаңасы екен деп ішінен ойлады да қойды...
   Оспан болыстың алды-артына жастықты үйіп, шынтақтап қойып әңгімеге кіріп отырғанда, семіз қаздай ырғала басып бәйге келді. Сызылып қана сөйледі:
Әлгі Ұлтарақ иттің ұстамалы науқасы бар ма қалай, аузы ессіз болып жатқан көрінеді... Өліп қалып жүрер, үйіне апарып тастаса қайтеді? - деді.
    Берғалидың ойында жоқ жерден бір қайғының ұшы көрінгендей болды. Аузы көпіріп, көзі жұмылып, маңдайынан ыстық тер бұрқырап ағып жатқан Ұлтарақтан сол сағатта көз алдында тұрғандай болды. Денесі әлденеге түршіккендей болды. Бәйбішеге көзін төңкере қарап:
- Қарасын батыр, жөнелт! - деді...
    Кімдер көрмеді, нелер күндер өтпеді... Берекең бәріне де көнбеді, жүре-жүре сойқанға-сойқан ұласты: налок аз келіп жүрген қайырма налок дегенді шығарды, оны да төледі... Одан әрі екен, әлдеқашан есігінде бір жыл тұрып кеткен Қуандық малайы «еңбекақымды бермей қуып шығарды» деп сотқа беріп, келістіріп бір шапты. Мұндай іші күймес! Байдың көзінен бүртіктеген жас шықты, бәйбіше күлін сабалап:
-        Біздей болыңдар!-деп қарғады.
   Кемеліне келіп тұрғанда «Біздей бол!»-деп малайын қарғаған байды көрген жан жоқ шығар. Көзі келгенде байлықтың  қарғысы оңына айналып кететін де реті болғаны ғой!..
Қуандықтан құтылып, демін бір алып отырғанда, газет деген бірдемесі шығып жүр ғой, соған біреуі «Ұлтарақты Берғали бай ұрып өлтірген!» деп жазып қойыпты. Жазса жаза берсін-ау, көп аузына елек қоятын біз бе деп көңіл жұбатқанша болмай, мылтығы шошайған бір милиция келіп, Ыбрашты «аристауын» қылып алып та кетті... Милиция десе, Берекең ішіп отырған тамағын жерге қояды. Қорыққандығы сондай, жалғыз баласын айдап бара жатқанда, далаға шығып қоштаса да алмай қалды...
   Берғали ауыр күрсінді. Көз жанары толған жас. Сақалы, мұрты сауыс-сауыс болып қатқан мұз. Көңіл жарым. Жүрек қобалжуы, шаттық емес, қайғыны, қан жылаған қара күнді күтеді. Басын көтеріп, алдында көрінген аңғарға көз салды. Аңғардың биік қыра-нында жыбырлаған жиі шоқылар көрінеді. Бұл Берғалидің ата-бабасының моласы-тамдары. Оған таяу құлағы қақиған жел диірмен тұр. Сонау тұрған баурайда баяғы дүниенің түзу кезінде, қара құрымдай болып жиылып, тебіндеп Берғалидың жылқысы жатушы еді. Түс кезінде, кешкі әлетте құрығын сүйретіп жылқышы келіп, «бүгін пәлен айғырдың үйіріндегі пәлен бие құлындады!» деп байды хабарландырып барып атынан түсуші еді...Берғали ауыр күрсінді...
-        Ол бір түс екен ғой!.. Сол түсті бұзған кім екен?
   Оспан болыс патшаның түскенін қопа қардай жыр қылып отырғанда, мен тыңдамап едім. Патша түскенмен бағыма қол сұғатын адам болмас деп ойлап едім... Қате екен. Менің мойныма нәлет қамыты биыл емес, бұдан тап он жыл бұрын, нақ бүгінгі күн ілінген екен!.. Менің бағым патшаның тағымен бірге құлаған екен. Жаңа білдім... білдім... Ол бір түс қой!.. деді.
   Шулаған төл ме екен деп еді, сарнаған бәйбіше екен. Екі бетін қолымен осып, шашы жалбырап, дауыс қылып келе жатыр.
-        Біттік! Біттік!.. -деді.
-        Уа, не болды?
-        Ыбрашжанды он жылға Сібір айдайтын болыпты,-дейді...
   Берғали отырған күйі мелшиіп қатты да қалды. Шулаған төл ме, жылаған бәйбіше ме, әлде қайыру бермеген сиырларды Диқанбай ма, әйтеуір ынжың болған дауыс құлағына
үздіксіз келіп тұрған сияқты болды. Одан басқасын айыра алмады. Жалғыз-ақ аспандағы күнді айырып білді. Күн күлімдеп, нұрын төгіп, қылжиып жатқан Берғалидың сақал-мұртына сауыстанған мұзды жібітуге асығып жатқан секілді...
Категория: Әңгімелер | Добавил: anonim
Просмотров: 1038 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]