Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Бейсенбі, 25.04.2024
Главная » Файлы » Әр түрлі тақырыптар » ЕҚЫҰ

Астана саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы
15.08.2011, 18:47

– ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы болды, – деп мәлімдеді мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ағымдағы жылдың 15 жел­тоқсанында Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде. «11 жылдың ішінде осынау беделді халықаралық ұйымның жоғары деңгейдегі басқосуын өткізу ешбір елдің қолынан келмеді. Қазақстан ғана бұл мақсатты іске асырды. Астана Саммиті ЕҚЫҰ-ның барлық елдерін біріктірген айтулы оқиға болды. Осыдан 19 жыл бұрын Қазақстанның бас қаласы – Астана әйгілі «Хельсинки рухының» лайықты ізбасары болатыны ешкімнің ойына келмеген еді. Бүгінгі күні бұл мақсатты біз жүзеге асырдық. Біз ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету шеңберіндегі өз бағдарламамызды орындадық. Алғаш рет тұтастай Еуразияның қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ЕҚЫҰ-ның негізгі бағыттары айқындалды. Бұл – көптеген жылдарға дейін біздің еліміздің және оның әрбір азаматының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді деген сөз. Астана Саммиті – Қазақстанның жұлдызды шағы», - деп атап өтті Нұрсұлтан Назарбаев. «Ортақ жеңісіміз бен мақтанышымыз үшін мен барлық қазақстандықтарға шын жүрегімнен алғыс айтамын», – деп түйіндеді сөзін мемлекет басшысы.

Саммитте сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Назарбаев 11 жылдық үзілістен ке­­йін өткен Астана форумының тарихи мәнін, жаңа замандағы қауіпсіздік пен ынтымақтастыққа көшетін тұстағы маңы­зын атап айтты. Саммит барысында ЕҚЫҰ-ға мүше және әріптес 68 елдің ресми делегацияларының басшылары Ван­куверден Владивостокке дейінгі ұлан­ғайыр кеңістіктегі қауіпсіздіктің қатер­лері мен сынақтарын сөз етті. Ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы сенім мен өзара түсіністікті нығайту мақсатында ЕҚЫҰ-ны жетілдіру жолдарын талқыға салды. Ең бастысы, жаһандық жиынға қаты­сушылар 2010 жылғы Қазақстанның ұйымға төрағалық еткендегі белсенді, жемісті қызметін жоғары бағалады. Сам­миттің негізгі жетістіктерінің бірі – «Қауіпсіздік қауымдастығына апарар жолда» атты Астана декларациясының қабыл­дануы. Осы құжатта ұйымға мүше-мемлекеттер әскери-саяси саладағы сенім мен ашықтыққа, экономика мен экология саласындағы салиқалы саясатқа және адам құқықтарының толықтай сақталуына негізделген ЕҚЫҰ-ның қауіпсіздікке қа­тысты жалпыкөлемдегі ұстанымын растады. Онымен қоса, аталған құжатта еуроатлантикалық және еуразиялық қауымдастыққа апаратын жүйелі жолдың сызбасы жасалды.
Олай болса, Саммиттің қорытындыла­ры мен Астана декларациясының мазмұ­нын талдай отырып, өзімізше түйін жасап көрелік. Біріншіден, Қазақстан халықа­ра­лық беделді ұйымның тізгінін нық ұстай отырып, өз міндеттерін толық орындады. Екіншіден, соңғы 10 жылға жуық уақытта ЕҚЫҰ-ның қорытынды құжатының қа­былдануы бірегей оқиғалардың бірі болып саналады. Өйткені бұдан былай Хельсинки актісі, Париж хартиясы сияқты не­гіздемелік құжаттармен қатар Астана дек­ларациясына да сілтеме жасалатын болады. Үшіншіден, ұйымның үш өлшемі бойынша ЕҚЫҰ-ның барлық міндеттемелері, нормалары мен принциптері қайтадан расталды. Төртіншіден, ЕҚЫҰ-ның қа­уіп­сіздік мәселелері мен жанжалдарды шешудегі диалогты қамтамасыз ететін біре­гей ұйым ретіндегі рөлі тағы бір расталды. Бұл бағытта ұзаққа созылған дау-дамайларды шешу принциптері, сондай-ақ трансұлттық қатерлермен күрестегі күш-жігерді біріктірудің маңыздылығы ерекше бөліп көрсетілген. Бесіншіден, жанжалдарды шешу мен гуманитарлық өлшемге қатысты барлық тараптар мен әріптестердің мүдделеріне құрметпен қарау механизмі қалыптасты. Алтыншыдан, қорытынды құжатта алғаш рет «Еуроат­лантикалық және Еуразиялық қауіпсіздік қауымдастығы» деген ұғым бекітілгендік­тен, оның саяси салмағы да арта түскені сөзсіз. Яғни аталған термин посткеңес­тік аймаққа қауіпсіздік қауымдастығын қалыптастыру процесінің нысаны ретінде емес, толыққанды қатысушысы ретінде қарауға мүмкіндік береді. Жетіншіден, нақты іс-әрекеттер жоспары жасалмаса да, Астана декларациясы ЕҚЫҰ-ға алдағы уақытта төрағалық ететін елдерге негізгі бағыт-бағдар беретін құнды құжат болып табылады.
Қазіргі кезде Астана саммитіне қатыс­қан мемлекеттердің барлығы жаһан­дық форумның қорытындыларын шығаруда. Мәселен, Беларусь саясаттанушылары мен сарапшылары алқалы жиынға «нағыз сен­сациялық оқиға» деген баға беруде. Беларусь делегациясы ЕҚЫҰ-ның алдағы қызметіне негіз болатын және әлемде ортақ қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыруға көмектесетін «Қауіпсіздік қауымдастығына апарар жолда» деп аталатын Астана декларациясының қабылдануын жоға­ры бағалады. «Қазақстан басшылығы пост­кеңестік кеңістік пен Батыс елдерінің арасындағы араағайын болуға қолынан келгеннің барлығын жасады» дейді олар. Онымен қоса, ресми Минск Беларусь үшін ЕҚЫҰ Саммитінің жағымды жағын атап көрсетуде. Атап айтқанда, Астанадағы кездесуде Беларусь пен АҚШ-тың қарым-қатынастарындағы маңызды қадам болып саналатын ядролық қаруды таратуды тоқтату жөніндегі бірлескен іс-шаралар туралы беларусь-американ мәлімдемесіне қол қойылды. Осы рәсімнен кейін Беларусь 2012 жылы өтетін ядролық қауіпсіздік саммитіне дейін өз аумағындағы жоғары өңделген уранның қорын толықтай жоюға уәде етті. Ал АҚШ өз тарапынан мұндай іс-шараларды жүзеге асыруға техникалық және қаржылай көмек көрсетуге ниетті екенін, сондай-ақ Беларуське атом электр станциясын салуға қолдау жасауға дайын екенін мәлімдеді.
Алматылық «Global Monitor» зерттеу орталығы Астана Саммитіне халықтың көз­­қарасын білмек болып, 6-14 желтоқсан аралығында социологиялық мониторинг жүргізіпті. Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында жүргізілген сауалнамаға 600 адам қатысқан. Зерттеу шеңберінде қазақстандықтардың ЕҚЫҰ саммиті туралы ақпарат алу деңгейі, Сам­миттің еліміз үшін атқаратын рөлі мен маңызы зерттелген. Мінеки, осы зерттеу нәтижесінде халықтың өте жоғары деңгейде ақпарат алғаны анықталыпты. Сауал­намаға қатысқандардың 95,3 пайызы форум туралы естігенін, 4,7 пайызы ешқандай ақпар алмағанын айтыпты. Сонымен қатар қалалықтардың 96,1 па­йызы, ауыл тұрғындарының 94,2 пайызы айтулы оқиғадан хабардар болған. Рес­понденттердің 76,8 пайызы саммит туралы ақпаратты теледидардан, 8,2 пайызы – газеттерден, 6,3 пайызы – әріп­тестерінен, 3 пайызы – ғаламтордан, 0,8 пайызы радиодан естіп-біліпті. Зерттеу нәтижесінде белгілі болғаны – сұрау салын­ғандардың 72,8 пайызы Саммитті теледи­дардан ті­келей трансляциядан көрсе, ал 21,5 па­йызы көрмегенін айтады. Тек 4,2 па­йыз респонденттер аталған оқиғаға еш назар аудармағанын жасырмаған кө­рі­неді. Сондай-ақ 600 адамның 5,7 пайызы қойылған сауалдарға жауап беруге қиналған.
«ЕҚЫҰ-ның Саммитін Қазақстан қаншалықты тиімді ұйымдастыра алды?» деген сауалға респонденттердің 82,3 па­йызы «тиімді» деп, ал 4,3 пайызы «тиімсіз» деп жауап берсе, 13,3 пайызы жауапқа қиналған. Зерттеу нәтижелері бойынша ЕҚЫҰ Саммитін сәтті өткізуді сұрау салынғандардың 65,8 пайызы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке еңбегі деп атаса, 22,5 пайызы – барлық қазақстандықтардың еңбегі деп санайды. Сондай-ақ қоғамдық пікірді зерттеушілер «ЕҚЫҰ Саммитінің Қазақстан үшін қандай маңызы бар?» деген мәселеге де бөлек тоқталыпты. Мә­селен, респонденттердің 47,8 пайызы ал­қалы жиын Қазақстанның халықаралық қауымдастықтағы беделін өсірген оқиға болды есептейді. Осыған қоса, халықтың 21,7 пайызы Саммиттің еліміз үшін өте маңызды оқиға болғанын, ал 19 пайызы Қазақстанның қарқынды дамуының көрсеткіші екенін атап айтыпты. Ал рес­понденттердің 3,3 пайызы форум елі­міз үшін маңызды оқиға болған жоқ деп жауап беріпті. Қазақстан халқының Саммиттің қорытындыларына деген көзқарасы мынадай: респонденттердің 11,5 пайызы «ЕҚЫҰ-ның жұмысына жаңа серпін берді» десе, 10,3 пайызы – бұл аймақ үшін ең маңызды болып табылатын мәселелерді ашық талқылаған жиын, 9 пайызы – ЕҚЫҰ үшін тарихи құжат саналатын Астана декларациясының қа­былдануы, 30,8 пайызы – Қазақстан мен оның Президентінің әлемдік беделін айқын көрсету, 8,5 пайызы – Астананың танымалдығының жаңа деңгейі, 19,7 па­йызы Қазақстанның барлық жетіс­тіктерін әлемге жария ету депті.

Төлен Ескендіров

Категория: ЕҚЫҰ | Добавил: anonim
Просмотров: 1540 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]