Главная » Файлы » Білім және ғылым » Экономика, Қаржы, Бухгалтерлік іс, Банктік іс, Салық! |
ЭКОНОМИКАНЫ ӘРТАРАПТАНДЫРУ – ОТАНДЫҚ ӨНДІРІСТІ ӨРКЕНДЕТУДІҢ ТИІМДІ ЖОЛЫ
10.07.2011, 22:15 | |
19-маусымда Өскеменде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өңірлік инвестициялық форум болып, оның жұмысына ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы А. Мусин, ҚР Премьер-министрінің орынбасары С. Ахметов, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының әкімдері, министрлер, ұлттық компаниялардың, бизнес-қауымдастықтардың, қорлардың, кәсіпорындардың жетекшілері, шетелдік инвесторлар қатысты. Елбасының бұл жолғы сөзі де жаңа тарихи кезеңге аяқ басқан республика жұртшылығының жүрегіне ұялаған жарқын үндеудей естілді. Президент ұсынған инновациялық индустрияландыру, экономиканы әртараптандыру, халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту, қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз ету бағыты жалпыұлттық идеяға айналмақ. Форумда бірінші болып сөз алған ҚР индустрия және сауда министрі Әсет Исекешев Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары үлгісінің негізінде индустриялық-инновациялық даму картасын жасау жөнінде әңгімеледі. Президент тапсырмасымен Үкімет елімізді дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспарын жасауда. Стратегияның алғашқы бөлімі – 2010 жылдың 1-қаңтарынан басталатын индустриялық-инновациялық жедел даму бесжылдығы. Шығыс Қазақстанда 360 миллиард теңгенің алты ауқымды жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Қазақстандық үлес бойынша барлық өңірлерде 750 миллиард теңгенің 1240 меморандумына, 540 миллиард теңгенің 6462 келісім-шартына қол қойылды. Ал, үш облыста 613 кәсіпорын жаңа тапсырыстар алады. Иә, тарихи өзгерістер кезеңінде Отанды қолдау өңірлердің абыройлы ісі. Шығыс әрқашанда арқа сүйер аймақ саналады. Сондықтан да өңіраралық форумның бізде өтуі тегін емес. Облыстар әкімдерінің ішінен бірінші болып сөз алған Бердібек Сапарбаев Елбасымыз алға тартқан өңірді дамытудың маңызды міндеттерін саралап көрсетті. - Аса бай минералды-шикізат базасы, дамыған өндіріс пен агроөнеркәсіп кешені, мықты ғылыми әлеует индустриялық-инновациялық жедел дамудың тұғырнамасын қалыптастыруға негіз болады, - деп атап көрсетті ол. - Өткен бес жыл ішінде жалпы өңірлік өнім көлемі үш есе өсіп, өткен жылы 900 миллиард теңгені құрады. Алдағы бесжылдықта бұл көрсеткішті екі есе арттыру жоспарлануда. Біріншіден, бұған жалпы өңірлік өнім үлесінің 41 пайызын құрайтын таукен-металлургия кешенін одан әрі дамыту есебінен қол жетеді. Соңғы бес жылда қазба байлықты пайдалануға инвестиция тарту үш есе өсіп, 1 миллиард АҚШ долларына артты. Сала кәсіпорындары жоғары қарқынды қамтамасыз еткен жаңа өндірістерді енгізуде. Мәселен, «Казцинк» мыс балқыту электролиз заводының құрылысын жүргізуде, Өскемен титан-магний комбинаты титан құймалары мен балқымаларын өндіру жобаларын жүзеге асыруда, ҮМЗ-де «30 корпоративтік көшбасшы» бағдарламасы аясында жоғары технологиялық тантал өнімінің өндірісі құрылды. «Қазақмыс» корпорациясы ТМД-дағы ең ірі Ақтоғай кен байыту комбинатының құрылысы жобасын іске асыруда. Бұл өндірістерде төрт мыңдай жұмысшы жұмысқа орналасатын болады. Екіншіден, кен-металлургия саласы машина жасауды дамытуға негіз қалайды, соңғы бес жылда оның үлесі екі есе өсті. «Востокмашзаводта» вакуумдық-пленкалық жоба өндіріске енгізілуде. Бұл өнімді жеткізуге байланысты Қазақстан вагон жасау компаниясымен 7,6 миллиард теңгенің келісім-шартына қол қойылды. Өскемен арматура заводы 800 миллион теңгенің тапсырысын алды, бұл өндірістік қуаттың 16 пайызын құрайды. Сондай-ақ, өнімді Ресейге экспорттауға байланысты 2,2 миллиард теңгеге келісім-шарт жасалды. Машина жасау саласының 11 пайызын автомобиль құрастыру құрайды. Кәсіпорын қалалық автобустар мен «Беларус» маркалы тракторларды құрастырудан бастады. «ҚазАгро» бір миллиардтан астам теңгеге тракторларды лизинг бойынша сатып алуды қаржыландырады. Үшіншіден, кеңінен тараған пайдалы қазба байлықтар қорының молдығы құрылыс материалдары өндірісін дамытуға мүмкіндік береді. Өңірде төмен өзіндік құнмен қуаты бір миллион тонна цемент шығаратын цемент заводының жобасы жүзеге асырылуда. «Эскор» компаниясы 50 миллион дана керамикалық кірпіш өндіретін жобаны қолға алды. «Альтрейд» ЖШС базасына «Алтай» технопаркінің жобасы бойынша бериллий тотығы негізінде керамикалық материал өндірісі қалыптасты. Биылғы бес айда 137 миллион теңгенің өнімі жөнелтілді. «Ядролық технологиялар паркі» акционерлік қоғамында гидроизолляциялық төбе жабу материалдарын өндіру жобасы басталды. Қазақстандық үлес бойынша жұмыс аясында «Силикат» ЖШС, «Восток-Универсал» «Самұрық-Қазына» жүйесі арқылы Астана құрылысына екі миллиардтан астам теңгенің кірпіші мен минералваталық өнімін, Бұқтырма цемент компаниясы, 3,1 миллиард теңгенің өнімін жеткізуге келісім-шартқа отырды. Төртіншіден, агроөнеркәсіп кешенін дамыту міндеті тұр. Биыл егіс көлемі алты пайыз ұлғайтылды, бұл 650 мың тонна астық алуға мүмкіндік береді. Облыста республика бойынша ең көп көлемде сүт, күнбағыс, ет өндіріледі. Сонымен бірге, өнімнің – 10-12 пайызы ғана қайта өңделеді. Қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуатын қамтамасыз ету үшін қосымша 24 сою цехын, 29 мал бордақылау алаңын және 8 сүт-товарлы ферма ашу керек. Бұл жұмыстарды «КазАгромен» бірлесіп жүзеге асырмақпыз. Бесіншіден, Президент тапсырмасына сәйкес, біз фармацевтиканы дамытуды жоспарлап отырмыз. Мәселен, ядролық технологиялар паркінде ғылымды және жоғары технологияны қажет ететін фармацевтикалық препараттар өндірісі жобаланып, жасалуда. Облыс экономикасын әртараптандырудың маңызды құрамдас бөлігі энергетикалық қауіпсіздік болып табылады. Электр қуатын өндірудің зәрулік жағдайында біз энергия көздерін жаңартып, Бұлақ ГЭС-і, Күршім ГЭС-і каскадтары құрылысын, Өскемен ЖЭО-на құбыр генератор орнату, жылу насостары мен жел генераторларын іске қосу сияқты жұмыстарды қолға алмақпыз. Бұл электр энергиясын өндіруді 9,3 миллиард квт/сағатқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Белгіленген жоспарлардың тиімділігі мен экономиканы одан әрі әртараптандыру көп жағдайда инновациялық технологияларды пайдалануға, ғылым мен өндірістің тікелей байланысын қамтамасыз етуге қатысты. Президент тапсырмасына сәйкес, біз жоғары технологиялар аймағын құру мәселесін пысықтап, инновациялық жобаларды өндіріске енгізу үшін индустриялық аймақ құру ісін жүзеге асырудамыз. Бұл идеялар салалық министрліктер тарапынан қолдау тапты. Индустрия және сауда министрлігі венчурлық қаржыландыру арқылы алғашқы капиталмен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Инновацияның жетекші саласының жобасына «Аутотэк» фин компаниясын қатыстыру мәселесі қарастырылуда. Белгіленген жоспарлардың сәтті жүзеге асырылуы орнықты экономикалық жүйеге, жоғары технологиялық товар өндіруге, кең ауқымды сервистік қызмет көрсетуге қол жеткізіп, мүмкіндік туғызады деп ойлаймын. Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдері Н.Нығматулин мен Б.Сағынтаев өңірлерде қолға алынып жатқан индустриялық-инновациялық жобаларды алға тартты. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» басқармасының төрағасы Қайрат Келімбетов қор құрылғаннан бері бес миллиардтан астам доллар көлемінде 140 жобаның қаржыландырылғанын атап көрсетті. Шығыс Қазақстан облысында «Нимекс-Текстиль» ЖШС-де тоқыма өндірісін кеңейту, Семейдегі жақсартылған керамикалық кірпіш заводының құрылысы сияқты жобаларға қаржы бөлінді. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстанда «Қазақцементтің» цемент заводы құрылысын, Семейдегі тері, былғары-тон бұйымдары өндірісін, Риддер ЖЭО қазандық агрегаттарын, құс кешенін жаңғыртуды қаржыландыру басталмақ. Соңғы екі жылда мемлекет қор арқылы дағдарысқа қарсы бағдарлама аясында шағын және орта бизнесті ерекше қолдап келеді. Шығыс Қазақстан үшін 21 миллиардтан астам теңге көлемінде 838 жоба қаржыландырылды. Қазір қазақстандық үлесті ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Отандық өндірушілердің өнімін сатып алу үлесін 80 пайызға дейін жеткізу міндеті қойылып отыр. Нұрсұлтан Әбішұлы форумға қатысушыларға осы айтылғандарды ой елегінен өткізуге ұсыныс жасады. Одан кейін сөз алған «КазАгро» ұлттық холдингі» АҚ басқарма төрағасы А. Мамытбеков холдингтің екі маңызды проблеманы шешіп жатқанын мәлімдеді. Біріншісі - әзірге өзімізді қамтамасыз ете алмай жатқан товарларды өндіруді жолға қоюға көмектесу болса, екіншісі – ауыл шаруашылығының экспорттық қуатын дамыту. Бұл мақсатта он бір жобалық бағыт айқындалды. Президент агроөнеркәсіпке ерекше мән беріп отыр. Қазақстанның егіс алқабын 6-7 миллион гектарға ұлғайтуға еркін мүмкіндігі бар. Етті бұдан да көп өндіруге болады. Бұл да қазіргі жақсы бизнестің көзі. Форумда сөз алған «Өскемен арматура заводы» АҚ басқарма төрағасы Николай Грезнев кәсіпорын өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға байланысты тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ, көрші облыстардағы кәсіпорын басшылары да сөз алды. Форумда қорытынды сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының ПРЕЗиденті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұр Отан» партиясының XII съезінде Қазақстанды дағдарыстан кейінгі дамытудың негізгі бағыттары, атап айтқанда, АӨК-ті, құрылыс индустриясы мен металлургияны, мұнай өңдеу мен қызмет көрсетуді, химия және фармацевтиканы, инфрақұрылымдар мен энергетиканы дамыту айқындалғанын атап көрсетті. Бұл Қазақстанның бәсекеге қабілетті әлеуеті бар салалар. Ел басшылығы өзіміздің ішкі қажеттіліктерді қамтамасыз ету мен аталған салалар өнімдерін экспорттауды нақты мақсат етіп қойып отыр. Бағдарламаны жүзеге асырудың арқасында экономиканың орнықты өсімі қамтамасыз етіледі, жаңа өндірістер мен жоғары еңбекақы төленетін жұмыс орындары ашылатын болады. Әлемдік және біздің жеке тәжірибеміз көрсетіп отырғандай, нарықтық экономика даму үдерістерін өз бетінше реттеуге әрдайым қабілетті емес. Осыған байланысты, Президент Үкіметке әрқайсысы бес жылдан 2 кезеңге бөлінетін, 10 жылға арналған іс-қимыл жоспарын дайындауды тапсырды. Индустриялық бесжылдықты жүзеге асыруда жергілікті атқарушы билік басты рөл атқаратын болады. Барлық деңгейдегі әкімдер Индустрия және сауда министрлігімен және даму институттарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, индустриялық бағдарламаның басты үйлестірушілері әрі жолбасшысы болуы тиіс. Осы орайда, Елбасының пікірінше, тартылған инвестиция көлемі, құрылған жаңа өндірістер мен енгізілген инновациялық әзірлемелердің саны, сондай-ақ өнім экспортының және ішкі өндірістегі қазақстандық үлестің өсуі және басқалар әкімдер атқарған жұмыстардың тиімділігін анықтайтын негізгі көрсеткіштері болуы қажет. Мемлекет басшысы сондай-ақ экономиканы әртараптандыру жөніндегі жоспарды жүзеге асыру көп жағдайда жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамалары мен белсенділігіне байланысты екендігін атап көрсетті. Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлер мен әкімдерді Қазақстан экономикасын жаңарту мен дамыту жолында бірлесіп жұмыс жасауға шақырды. Мемлекет басшысы атап өткендей, бесжылдықтың басым бағыттарын жедел дамыту шамамен 7 триллион теңге көлемінде, былайша айтқанда, Қазақстанның ішкі жалпы өнімінің 50 пайызына тең қосымша құн алуға мүмкіндік береді. Бұл форум, деп атап көрсетті Нұрсұлтан Әбішұлы, дағдарыстан кейінгі республиканың даму бағдарламасы бойынша біздің жұмысымыздың басталғанын айғақтайды. Осы жұмысты біз Шығыс Қазақстан, Павлодар және Қарағанды облыстары сияқты ұсынылған үш өңірден бастап отырғанымыз тегін емес. - Осы үш өңірдің экономикасы индустриалды Қазақстанның негізін қалайды. Өнеркәсіп өнімінің 20-дан астам пайызы, экспорттың - 5, өңдеу кәсіпорны өнімінің 48 пайызы осында өндіріледі. Өңірлер мықты энергетикалық қуатқа ие, еліміздің барлық электр энергиясының 65 пайызын береді. Мұнда барлық дерлік өнеркәсіп саласының керемет кәсіпорындары, ірі ғылыми-зерттеу, жобалау ұйымдары мен оқу орындары шоғырланған. Ядролық технологиялық парк, университет базасындағы жоғары технологиялық аймақ, бір сөзбен айтқанда, өңірдің экономикасын толыққанды әртараптандыру үшін барлық нақты жағдай мен мүмкіндік бар. Сондықтан да елімізді жаңадан индустриаландырудың локомотиві дәл осы макроөңір бола алады. Бұл өлкенің инвестициялық мүмкіндіктері әлі алда, бұл өрелі істің бастамасы ғана деп ойлаймын. Еліміздің экономикасын дамытудың басым бағыттарын атап көрсеткен Қазақстан Президенті қазақстандық үлес бойынша жұмыстың ауқымдылығына тоқталды. Бүгінге дейін ұлттық компаниялармен, табиғатты пайдаланушылармен және ірі кәсіпорындармен 537,9 милллардтан астам теңгенің 6462 келісім-шарты жасалды. Және де бұл жұмыстар жалғаса береді. - Біздің нақты іс-қимылымыздың нәтижесінде, барлық бұлыңғыр болжамдарға қарамастан, банк жүйесі тұрақтанды, құрылыс қарқын алды, 40 мыңнан астам үлескердің проблемасы шешілуде, инфляция төмендеді. Айналымдағы қаржыға қолжетімділіктің төмендеуі жағдайында мемлекет ауыл шаруашылығы үшін тек қана көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге 80 миллиард теңге бөлді. Соның нәтижесінде егіс науқаны толық және мерзімінде аяқталды, ал, егіс көлемі 1,6 миллион гектарға артты. Осындай күрделі кезеңнің өзінде біз бюджет қызметкерлерінің еңбекақысын, зейнетақыны, шәкіртақыны жыл сайын 25 пайыз өсіріп отырмыз, 2011 жылы - 30 пайызға өседі. Көптеген сарапшылардың пікірінше, Қазақстан аздаған елдер қатарында 2009 жылы экономикадағы оңды өсімді қамтамасыз етеді, басқа елдерде осы уақытта 5-6 пайыз құлдырау күтілуде. Бұл біздің барлық уақытта жүргізіп келген бірлескен қауырт жұмысымыздың нәтижесі. Біздің басты жетістігіміз – біздің қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштық, еліміздің экономикалық қуатының артуы, қиындықты дербес жеңудегі қабілеттілік. Сондықтан да, мен ағымдағы қиындықтарға қарамастан, Қазақстан экономикасын әртараптандыру міндетін жүзеге асыратынымызға сенімдімін. Елбасы алдағы индустриалдық бес-жылдықты жүзеге асырудағы жергілікті атқарушы биліктің кезек күттірмес міндеттерін атап көрсетті. - Елімізді жеделдете индустриаландыру жаңа технологиялық базаға, өнімді инновациялауға, менеджментке негізделеді. Бұл үшін әкімдер өңірлердегі инновациялық үдерістерді дамытуға белсене кірісіп, өңірлердің ғылыми-техникалық қуатының артуына ық-пал етуі тиіс. Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының төңірегінде, аймақтық жоғары оқу орындары, ғылыми-зерттеу институттары базасында сұраныстың тиімді жүйесін құрып, өнеркәсіптік инновацияны өндіріске енгізуді қамтамасыз ету қажет. «ENRC», «Миттал Стил», «Қазцинк», «Қазақмыс», «Қазатомпром», «ТМК» сияқты халықаралық ауқымдағы ірі корпорациялар үнемі жаңа инновациялық технологиялық шешімдерді қажет етеді. Бұл өңірдің инженерлік және ғылыми кадрларын ортақ іске жұмылдыруға жол ашады. - Енді мен әкімдерді тыңдағанда, олардың қызметін индустриалдық-инновациялық салада қол жеткізген нәтижелері бойынша бағалаймын. Сондай-ақ, экономиканы әртараптандыру бойынша біздің жоспарларымыздың жүзеге асуы жеке бизнес пен кәсіпкерліктің бастамасы мен белсенділігіне қатысты екенін атап өткім келеді. Мен бүгін кәсіпкерлерді экономиканы жаңартып, дамытуда бірлесе жұмыс істеуге шақырмақпын. Бизнес елімізді дамытудың локомотивіне айналуы тиіс. Өз тарапынан мемлекет бизнес үшін жайлы инвестициялық және іскерлік ахуал қалыптастыруда аз шаруа істеп жатқан жоқ. Өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жаңа салықтық және инвестициялық преференциялар қарастырылуда. Биыл корпоративтік кіріс салығы 20 пайызға дейін азайды, 2011 жылы 15 пайызға дейін, қосымша құн салығы 12 пайызға дейін төмендейтін болады. Менің өкіміммен қазір жеке кәсіпкерлік туралы заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатыр. Нәтижесінде бизнесті тексеру едәуір қысқарады және бизнесті жүргізу үшін жағдай туғызылады. Ресеймен және Белорусьпен кедендік одақ біздің кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл кеңістікті қазақстандық кәсіпкерлер игеруі қажет және де бұған біз тиісті жағдай жасаймыз. Сондықтан да кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдармен белсенді жұмыс істеп, әрбір саланы дамыту проблемалары мен міндеттерін бірлесе шешуі тиіс. Жергілікті органдар өз кезегінде сіздердің ұсыныстарыңыз бен бастамаларыңызға назар аударып отыруы қажет. Біз сіздерден тың бастамалар мен жаңа идеялар күтеміз. Қазақстан аймақта қуатты да көп деңгейлі кәсіпкерлік секторы бар үздік бизнес - алаңына айналуы тиіс. Қорыта келгенде, айтарым, бүгіндері ең бастысы – біздің барлық ресурстарымызды, ерік-жігерімізді бір арнаға жұмылдырып, алға басу керек! Біздің болашағымыз өзімізге ғана байланысты. Мен бұл жолдан да өтетінімізге сенімдімін. Сіздерге жемісті де нәтижелі жұмыс тілеймін. Форум жұмысының аяғында келісім-шарттар жасалды. Олардың ішінде «СемАЗ» ЖШС директоры Әсемхан Досқожанов, «Өскемен арматура заводы» АҚ басқарма төрағасы Николай Грезнев те келісім-шартқа қол қойды. | |
Просмотров: 1691 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0 |
Всего комментариев: 0 | |