Главная » Файлы » Білім және ғылым » Философия |
Неміс философиясы
22.07.2011, 09:34 | |
Ал немiс классикалық философиясының өкiлдерiне келер болсақ - И.Кант, Г.Гегель, И.Фихте, Ф.Шеллинг, Л.Фейербах сияқты ғұламалардың атын, шығармашылық еңбектерiн бүгiнгi барлық елдердегi ағарған қауым бiледi. Әңгiменiң қызығы - өз заманының ең биiк деңгейiне көтерiлген немiс философиясы сол кездегi басқа Еуропа елдерiне қарағанда әлеуметтiк-экономикалық жағдайы анағұрлым артта қалып қойған елде пайда болады. Мұның өзi қоғамның материалдық дамуы мен оның рухани деңгейi әрқашанда бiр-бiрiне сәйкес келе бермейтiнiн көрсетедi. Сол кездегi немiс елi жүздеген кiшi-гiрiм мемлекеттерден тұрған болатын. Бұл елдердегi әрбiр князь, граф, герцог өзiн ағарған дана елбасы ретiнде көрсеткiсi келiп, ұлы ойшыл, жазушы, суреткер, әуеншi т.с.с. адамдарды өздерiне тартып, олардың өмiрге керек қаражаттарын өз мойындарына алып, шығармашылық еңбекпен айналысуға мүмкiншiлiк жасады. Уақытында Ф.Ницше айтқандай, шығармашылықпен айналысуға, бiрiншiден, бос уақыт, екiншiден, адам күнбе-күнгi материалдық мұқтаждықтардан құтылуы қажет. Әрине, бұл ойшылдардың көбi өз заманындағы алпауыттардан тәуелдi болды. Бiрақ, соған қарамастан, олар өздерiнiң философиясында, астыртын түрде болса да, сол кездегi халықтың аянышты жағдайына қарсы шығып, адам рухани пәнде ретiнде жағалай ортаны өзгерте алатындығы және өзгерту керектiгi жөнiнде тамаша ойларды философияға еңгiздi. Ол үшiн олар философияға диалектиканы, яғни даму тұжырымдамаларын өмiрге еңгiздi. Немiс философиясының келесi ерекшелiгi - Л.Фейербахтан басқа барлық немiс ойшылдары - идеализм бағытының өкiлдерi. Егер француз ағартушыларының көбi материалистiк атеистiк бағытта болса, И.Кант, Г.Гегель, И.Фихте сияқты ұлы философтарды бiз материалистiк бағытқа жатқыза алмаймыз. Бұлар, керiсiнше, адамның санасы, рухының құдiреттi күшiн көрсете бiлдi. Сонымен қатар, олар рухтың тарихи дамуын, ақыл-оймен зерденiң арасындағы қайшылықтың бар екенiн, рухани өмiрдегi ақиқат пен ерiктiң, iзгiлiк пен әсемдiктiң дүниедегi ең бійiк тамаша құндылықтар екенiн көрсете бiлдi. Ендi әңгiменi нақтылай түсiп, сол немiс классикалық философиясының көрнектi өкiлдерiнiң шығармашылық жолын сараптайық. И.Канттың өмiрi мен шығармашылық жолы Иммануил Кант (1724-1804) Шығыс Пруссиядағы Кенигсберг (қазiргi Калининград) қаласында дүниеге келiп өмiр бойы сол жерде өмiр сүрген. Жастайынан әлсiз бала болып өзiнiң денсаулығына мұқият қарауға мәжбүр болған. Өмiрiнiң аяғына шейiн қатаң тәртiптiң негiзiнде өмiр сүрiп, денсаулығын сақтап қалу үшiн тiптi жан-ұя құрудан да бас тартқан. И.Кант 1745 ж. Жергiлiктi университеттi бiтiргеннен кейiн жаратылыстану мәселелерiмен айналысады. Тек 1770 ж. бастап өмiрiнiң соңына дейiн философиямен шұғылданады. И.Канттың бұл өмiр кезеңiн "сындық кезең² деп зерттеушiлер атап кеткен. Себебi, И.Канттың бұл уақытта жарыққа шығарған үш негiзгi еңбектерi "сын² деген сөзден басталады. "Таза зерденi сынау² - негiзiнен дүниетаным мәселелерiне арналған, "Практикалық зерденi сынау² - мораль мәселелерiне, ал "Пайымдау қабiлетiн сынау²- табиғат философиясы мен өнер мәселелерiне арналған. Өзiнiң "сындық кезеңге² дейiнгi өмiр сатысында И.Кант күн жүйесiнiң пайда болуы жөнiнде болжам жасайды. Оның ойынша,, ғарышта тараған әр-түрлi материалдық бөлшектер тарту күшi арқылы үлкен бұлттарды құрайды, ал оның iшiндегi тарту және оған қарсы бағытталған итеру күштерi үлкен дауылдарды тудырып шарға ұқсайтын ұсақ бөлшектердiң үйкелесуiнiң негiзiнде қызып жанатын объектiлер дүниеге келедi. Ғарышта бiр жұлдыздық жүйелер пайда болып, екiншiлерi сөнiп жатады. И.Канттың ойынша бiз өмiр сүрiп жатқан жер планетасы сияқты ғарышта сан-алуан объектiлер бар. Ал олардың көбi бiз сияқты саналы пәнделердi тудыруы мүмкiн. Табиғат, жалпы алғанда, мәңгiлiк iс-әрекет пен жаңару жолында өмiр сүредi, ол өзiнiң бiтпейтiн қайта-құру әрекетiн тоқтатпайды. Өмiрiнiң "сындық кезеңiнде² И.Кант өзiнiң алдына бiрнеше көлемдi философиялық сұрақтарды қойып, соларға жауап беруге тырысады. Олар : "Мен ненi бiле аламын² , "Мен не iстеуiм керек² , "Мен не нәрсеге үмiттене аламын² , "Адам дегенiмiз не және ол өзi не бола алады² . И.Канттың гносеология (таным) саласында жасаған ²коперникандық төңкерісі² ²мен нені біле аламын?² деген сұраққа жауап беруiнен шығады. Бiрiншiден, И.Кант бiлiмдi екiге бөледi. Олар тәжiрибелiк (апостериорлық) бiлiм және априорлық (яғни тәжiрибеден бұрын, таза, оны тiптi туа бiткен деген мағнада да түсiнуге болады, өйткенi ол тәжiрибеге дейiн бiзге берiлген). Өзiнiң практикалық философиясында, яғни моральдық iлiмiнде, априорлық деп дүниедегi барлықты емес, болуға тиiс, керектiгiн көрсететiндi айтады. И.Канттың таным теориясындағы тағы да жиi кездесетiн категориялары - ол трансцендентальдық және трансценденттiк. Трансцендентальдық деп И.Кант тәжiрибенiң алдында және сол тәжiрибелiк танымның мүмкiндiгiн жасайтын ұғымдарды айтады. Ал трансценденттiк деп тәжiрибелiк шеңберден шығып кетуге ұмтылған, оның әр жағында жатқанды айтады. Келесi екi ұғым - ол "зат өз iшiнде², яғни заттың өзiндiгi - оны И.Кант "ноумен² деген ұғыммен бередi, ол - мән. Ал заттардың сыртқы құбылысын ол "феномен² деген атпен бередi. Оларды бiз сезiмдiк және ақыл-ойдың бiтiмдерi арқылы ретке келтiрiп тани аламыз. Ал ноумендi алсақ, ол танылмайды. Бiрiншiден, өзiндiк зат жөнiнде бiз тек қана оның өмiр сүрiп жатқанын көремiз. Олар бiздiң түйсiктерiмiздi қоздырушы күштер ғана.Үшiншi мағнасы - өзiндiк зат тәжiрибенiң әр жағында жатыр. Төртiншiден, оларды таным үрдісінде бiртi-бiрте жақындай беретiн идеалдар, неше-түрлi рухани құндылықтар ретiнде түсiнедi. Бұл жағынан алып қарағанда, ол сенiм аймағына жатады. Егер И.Кантқа дейiнгi ойшылдар танымның негiзi табиғатты аңлауда жатыр деп есептесе, ол дүниетануды адамның белсендi iс-әрекетiмен байланыстырып, осы жолда адам дүниенi өзiнiң априорлық формалары арқылы ретке келтiрiп құрады деген пiкiрге келедi. Философиядағы И.Канттың жасаған коперникандық төңкерiсi деп бiз осыны айтамыз. И.Канттың танымдық теориясы түйсiктер арқылы берiлетiн әр-түрлi құбылыстардан басталады. Оларды белгiлi бiр ретке келтiретiн априорлық сезiмдiк аңлау формалары бар. Олар - кеңiстiк пен уақыт. И.Канттың ойынша, кеңiстiк пен уақыт - белгiлi бiр сапасыз, бiртектi және шексiз созылымдар. Сезiмдiк аңлаудың таза формалары (трансценденталилер) ретiнде олар идеалды, ал материалдық тәжiрибемен қосылған кезде,- шынайы болып келедi. Егер кеңiстiк аңлаудың априорлық сыртқы формасы болса, уақыт - априорлық iшкi формасына жатады, өйткенi, уақыт адамға сырттай берiлмеген, бiз оны тек iштей санау арқылы ғана сезiне аламыз. И.Канттың ойынша, кеңiстiк пен уақытты аңлау математика ғылымының қайнар көзiн құрайды. Егер геометрияның негiзiнде кеңiстiк жатса, арифметика мен алгебраның негiзiнде уақыт жатыр, өйткенi сандарды есептеу, бiрiнiң соңынан екiншiсiн келтiру уақыт шеңберiнде оларды санауды қажет етедi. Алайда сезiмдiк аңлау, қайсыбiр одан шығатын тәжiрибе әрқашанда кездейсоқты, ал бiлiм жалпымағналық және қажеттiк, заңдылық дәрежесiне көтерiлуi керек. Оған жететiн жол - априорлық ақыл-ой формалары, оларды И.Кант категориялар дейдi. Ол категориялардың қайнар көзiн тәжiрибеден шығармайды - олар да кеңiстiк пен уақыт сияқты априорлық табиғатымен сипатталады. И.Канттың сараптауы бойынша ақыл-ойдың априорлық категорияларына сан, сапа, қарым-қатынас,модальдық т.с.с. жатады. әңгiменiң ғажаптығы И.Кант осы көрсетiлген категорияларды уштiк арқылы келтiредi. Мысалы, сан категориясын "бiрлiк², "көптiк², "бiртұтастық² арқылы, сапаны - "реалдық² (шынайылық), "терiстеу², "шектеу² т.с.с. шығарады. И.Кант философия саласында Жаңа дәуiрде алғаш рет категориялардың таным жолындағы аса үлкен рөлiн көрсете бiлдi. Сонымен,категориялар арқылы бiз сезiмдiк аңлаумен алынған дүние жөнiндегi қабылдауларды қажеттiлiк, жалпымағналық дәрежеге көтеремiз. И.Канттың айтуына қарағанда, сезiмсiз бiрде-бiр зат бiзге берiлмеген болар едi, ал ақыл-ойсыз бiрде- бiр нәрсенi ойлауға болмас едi. "Ойлау сезiмсiз - бос, аңлау ұғымдарсыз - соқыр². Ал осы адамның екi қабiлетiн бiр-бiрiмен қоссақ, онда бiз толыққанды бiлiм дәрежесiне көтерiле аламыз. Оны И.Кант тәжiрибе дейдi. Сонымен субъект категориялар арқылы заңдылық пен тәртiптi құбылыстарға берiп, оны табиғат деген атпен бередi. Адам табиғатқа заңдылық берушi. Мұндай көзқарасты, әрине, субъективтi-идеалистiк философия деп әбден айтуға болады. И.Канттың негiзгi бұл саладағы кемшiлiгi - адамның дүниетанымдағы ой белсендiлiгiн асыра көрсетуiнде. әрине, таным процесiнде адамның шығармашылық iс-әрекетi үлкен рөл атқарады. Осы шығармашылық iс-әрекеттiң негiзiнде адамзаты "екiншi² тағы табиғатқа қарсы тұрған дүниенi жасайды. Алайда бiз бұл "екiншi² табиғаттың тек бiрiншi алғашқы табиғаттың негiзiнде ғана пайда болатынын естен шығармағанымыз жөн. И.Канттың таным теориясын әрi қарай жалғастырсақ, онда бiз оның тәжiрибелiк танымның әрқашанда толық емес екендiгi жөнiндегi ойын байқаймыз - трансценденттiк әлемге ақыл-ой жете алмайды. Ал бiрақ адамның санасында ещқашанда жойылмайтын бүкiл дүние жөнiнде "соңғы ақиқатқа² деген құштар бар. Ал мұндай iстi өзiнiң мойнына ақыл-ой емес, зерде алады. Егер ақыл-ой қабiлетi арқылы бiз категориялдық ғылыми таным дәрежесiне көтерiлсек, зерде арқылы бiз толыққанды танымның "соңғы кiрпiшiне² дейiн көтерiлуге тырысамыз. Сананың шексiздiкке деген құштарлығын зерде шешкiсi келедi. И.Кант, жалпы алғанда, ақыл-ой мен зерденi адамның ойлау қабiлетiнiң екi бұтағы ретiнде қарайды. Егер ақыл-ой дүниедегi құбылыстарды зерттеп, оларды ретке келтiрсе, зерде құбылыстың әр жағында жатқан өзiндiк заттың iшкi сырын ашқысы келедi. Зерде ақыл-ой шеңберiнен аттап трансценденттiк әлемге өтуге тырысады. Ақыл-оймен зерденiң арасындағы айырмашылықты жете көрсету үшiн И.Кант "идея² ұғымын қолданады. Ақыл-ой категорияларды қолданса, зерде - идеяларды басшылыққа алады. "Қайсыбiр адамның дүниетануы аңлаудан басталып, ұғымдарға өтедi де, идеялармен бiтедi². Яғни идеялардың өрiсi ғылыми категориялардан кең, ол - метафизикалық категориялар. Идеялар арқылы бiз тәжiрибенiң әр жағына өткiмiз келедi, бiрақ ол iс-әрекетiмiз бiздi нәтижеге әкелмейдi. "Идеялар - жетiлгендiк, кемелiне келгендiктi көрсетедi, оған жақындауға болғанмен, бiрақ толығынан жетуге болмайды²,- деп қорытады ұлы ойшыл. Сонымен, зерде ұстай алмайтынды ұстағысы, шешiлмейтiндi шешкiсi келедi. И.Канттың ойынша, идеялардың үш түрi бар : олар жан-дүние, әлем және Құдай мәселелерi. Әлем мәселесiне келер болсақ, ол жөнiнде И.Кант төрт тұжырым жасап, оған қарсы тұрған төрт пiкiр келтiредi. Ойшыл оны антиномия дейдi, өйткенi, бiрiншi тұжырым мен оған қарсы бағытталған тұжырымның екеуi де тең дәлелденедi. Осының әсерiнен зерде шешiлмейтiн қайшылыққа келiп тiреледi. И.Канттың төрт космологиялық идеяларын осы жерде келтiрейiк : 1. Әлемнiң басталған 1.Әлемнiң уақыттық шеңбердегi уақыты мен кеңiстiктегi басы және кеңiстiктегi шеңберi шеңберi бар. Ол шектелген жоқ. Ол - шексiз. 2. Әлемдегi қайсыбiр күрделi 2.Бiрде-бiр күрделi зат тұрпайы субстанция тұрпайы бөлшек- бөлшектерден тұрмайды. Дүниеде терден тұрады бiрде-бiр тұрпайы нәрсе жоқ. 3.Дүниедегi құбылыстардың 3. Дүниеде ешқандай ерiктiк жоқ. бәрiн шығаратын табиғаттың Дүниедегiнiң бәрi тек қана заңдылықтарының негiзiндегi табиғи заңдылықтардың негiзiн- себептiлiк жаңғыз емес.Кейбiр де өмiр сүредi. құбылыстарды түсiну үшiн ерiктi себептiлiктiң бар екенiн мойындау қажет. 4. Дүниеге оның бiр бөлшегi 4.Еш жерде абсолюттi қажеттi я болмаса, себебi ретiнде мән - дүниеде де, дүниенiң жататын сөзсiз қажеттi сыртында да - себеп ретiнде мән болуы керек. жоқ. Әрине, И.Канттың жоғарыда көрсетiлген антиномияларында iргетасты философиялық мәселелер көтерiлген. Антиномияларда қарама-қарсы жатқан тұжырымдар өте өткiр түрде берiлген, сондықтан, оларды диалектикалық тұрғыдан шешуге итередi. Оның қойған бұл мәселелерiн болашақта Г.Гегель диалектикалық тұрғыдан шешуге тырысады. Сонымен, Жаңа дәуiрде И.Кант Қайта Өрлеу заманындағы ғалымдардың iлiмдерiн жаңартып, таным жолындағы қайшылықтың iргетастығын әлемге паш еттi. Моральдық мәселелер Ендi И.Канттың теортикалық зердесiнен өтiп, оның практикалық философиясына көшуге уақыт келдi. "Практикалық зерде² деп ол моральдық салаға әр-түрлi принциптер мен нормалар беретiн зерденiң қабiлетiн айтады. И.Канттың ойынша, "Ерiктiктiң негiзiнде болуы мүмкiннiң бәрi практикалық зердеге жатады². И.Кант өзiнiң философиясында моральдық саланы ғылыми салаға қарағанда анағұрлым жоғары қояды. өйткенi, моральдық сала - өз-өзiне жеткiлiктi, автономиялық ақуалда өмiр сүредi. Мораль адамды дүниеде болып жатқан емес, болуға тиiс биiктiктерге итередi. Адамның әр-түрлi сезiмдерiнен шығатын тiлек, өзiме ғана болсын деген ойдан щығатын iс-қимыл, пайдалықты көздейтiн әрекет - мұның бәрi де моральдық салада есепке алынбауы керек, өйткенi оның бәрi де күйкелi күнбе-күнгi өмiрлiк тәжiрибеден пайда болады. Практикалық зерде априорлық жолмен өз-өзiне моральдық принциптердi ұсынады. өмiрден емес, тек таза моральдық ерiктен шығатын нормаларды бiз басшылыққа алуымыз керек. Мұндай көзқарасты парыз этикасы деп әбден айтуға болады. Легальдық және моральдық iс-әрекеттер Адамды белгiлi бiр iс-әрекетке итеретiн тәртiп ережесiн И.Кант императив дейдi. Оның екi түрi бар. Бiрiншiсi - гипотетикалық императивтер. Олардың ережелерi өмiрде қалыптасатын нақтылы жағдайларға байланысты, ал соңғылар әр-қашанда өзгерiсте. Гипотетикалық императивтер, сондықтан, адамның сыртқы, яғни гетерономдық жүрiс-тұрысын ғана анықтайды, оның iшкi мотивтерiн еске алмайды. Мысалы, "егер сатып алушылардан айырылып қалғың келмесе, онда сауда-саттықта олармен адал бол², "егер өзiңе пайда болсын десең, онда басқаларға қызмет ет² т.с.с. Мұндай ережелерге сай жүрiс-тұрыс, әрине, құпталады. Сонымен қатар, олар орындалмаған жағдайдағы жазалау мүмкiндiгi де адамға өз әсерiн тигiзбей қоймайды. Мұндай жүрiс-тұрысқа И.Кант легальды, яғни заңға қарсы емес деген ат қояды. Императивтердiң екiншi түрi - ол категорикалық императивтер - оның ережелерiнiң түп-тамыры моральдық салаға кетедi. Оның талаптары үзiлдi-кесiлдi, қажеттi түрде әрқашанда орындалуы керек. Оның талаптары өмiрден алынған тәжiрибеден емес, адамның трансценденттiк табиғатынан шығады. Ол ешқандай "егер² деген сөзден басталатын тәртiп тәжiрибесiн мойындамайды. Сонымен қатар, гипотетикалық императивтер моральдық ережелерге қарағанда төмен болғанымен, соңғыларға қарсы емес. Мысалы, егер суға батып бара жатқан адамды құтқарған кiсi,- сол үшiн сый аламын,- деп суға түссе - онда оның iс-әрекетi легальды. Ал ондай есеп болмай, тек қана парыздың негiзiнде- өз өмiрiн ойламай,- басқа адамды судан шығарамын, өлiмнен құтқарамын деген оймен суға тап берген адамның iс-әрекетi - моральды. Сонымен, легальдық пен моральдықтың шекарасы адамның iшкi сана-сезiмi арқылы өтедi екен. Ендi сол И.Канттың моральдық салада жасаған категорикалық императивiн талдайық. Ол былайша берiлген : "әрқашанда жүрiс-тұрысыңның ережесi бүкiл адамзаттың талабына сай келсiн², яғни сенiң орныңда сол жағдайда басқа адам болса, ол да солай iстер едi. Категорикалық императивтiң талаптарын орындау жолында адам ешқандай пайдақорлықты iздемеуi керек. Тек басшылыққа басқа адамдар алдындағы парызымызды алуымыз қажет. Категорикалық императивтiң екiншi ережесi "әрқашанда адамзатқа - ол өзiң, иә болмаса басқа адам болса да - ешқашанда құрал ретiнде қарама, әрқашанда оны мақсат тұт². Адам - бұл дүниедегi ең биiк құндылық, оны басқа ешнәрсемен салыстыруға болмайды. Бұл ұлы гуманистiк принцип қайсыбiр дiндегi адамды төмендететiн қағидаларға қарсы бағытталған. Оны И.Канттың моральдық философиясының күштi жақтарына жатқызуға болады. Ал ендi И.Канттың моральдық философиясының әлсiз жақтарына келер болсақ - ол парыз бен бақытты бiр-бiрiне қарсы қойуда. Егер мен басқа адамға жақсылықты оны сүйудiң, жақсы көрудiң негiзiнде жасасам, онда ол iс-әрекет өзiнiң моральдық жағын жояды. Моральдық жолда адам тек қана парызды басшылыққа алуы қажет. И.Канттың ойынша, тек қана "Парызды орындадым² деген ой ғана адамды өзiн бақыттымын деген сезiмге әкеледi. "Парыз, сен сәулеттi, ұлы сөзсiң!²,-деп қорытады И.Кант. Әрине, адамдардың қарым-қатынасында, олардың iшкi ойлары мен сезiмдерi үлкен орын алады және адамдар оны аса бағалайды. Бiрақ, нақтылы жасалған iс-әрекеттi де естен шығармаған жөн. Нақтылы күнбе-күнгi өмiрде бiз бiреудi сүйемiз, екiншiнi жек көремiз, үшiншiнi - сыйлаймыз т.с.с. Адамның сезiм тебiренiсiз ешқандай қарым-қатынас жоқ, олай болса, мораль саласынан адамның сана-сезiмiн алып тастау тек қана абстрактылық теорияда ғана болса керек. Ерiктiк мәселесi И.Канттың ойынша, адам ерiктi түрде категорикалық императивтiң талаптарын мүмкiндiгiнше толық орындауы керек. Зорлықтың негiзiнде атқарылатын моральдық императивтер жоқ. Бiрақ, бұл теорияда ғана. Ал, нақтылы өмiрде, құбылыстар әлемiнде, адам көбiнесе гипотетикалық императивтермен кездеседi. Бұл жағдай оның жан-дүниесiнде үлкен қайшылықтарды тудырады. Бұл қайшылықты шешу жолында И.Кант категорикалық императив шынайы өмiрде толығынан емес, тек соның талабына шексiз жақындау арқылы шешiледi деген пiкiр айтады. Ал мұндай жағдайда адам бақытқа жете ала ма?,- деген сұраққа ол былайша жауап бередi : "Мораль - бiз өзiмiздi қалайша бақытты қылуымыз керек жөнiндегi iлiм емес. Ол бiз қалайша бақытқа сай болуымыз керектiгiн көрсетедi². Бақытты адам деп бiз өмiрден ләззат алғанды, иә болмаса барлық нәрсе соның еркi мен тiлегi арқылы орындалғанды емес, тек қана өзiнiң өмiрдегi парызын орындап, iс-қимылына қанағат еткендi айтамыз,- деп қорытады ұлы ойшыл. И.Канттың ойынша, ешкiм және ешқашан тек қана парыз идеясының негiзiнде өмiр сүре алмайды. Жоғарыдағы айтқандай, тек қана трансценденттiк шексiздiктiң аясында ғана категорикалық императивтiң толық орындалуына үмiт артуға болады. Сондықтан, адамның жан-дүниесiнiң өлместiгi болуы қажет. Мiне, бұл практикалық зерденiң екiншi тұжырымы. И.Канттың ойынша, тарихи, ғасырлар өткен сайын адамзаты моральдық идеалға жақындай түсуде, әсiресе, болашақ "этикалық мемлекет² орнаған кезде бұл процесс тездеуi мүмкiн. Ал, бiрақ, трансценденттiк жағдайда идеалға жақындап жету басқаша болмақ, өйткенi адам өлместiк сатысына көшедi. Жiгердiң ерiктiгi мен жан-дүниенiң өлместiгi үшiн қажеттi түрде белгiлi бiр онтологиялық (болмыстық) негiз керек. Ең болмағанда логикалық түрде адам Дүниеде құдiреттi күштiң бар екенiн мойындауы керек. Олай болса, мұндай негiз деп тек Құдайды атауға болады. Құдай, сондықтан, бар және болуы қажет. И.Канттың ойынша, Құдайға сенбеушiлiк адамдардың моральдық деңгейлерiн күрт төмендетер едi, олар табиғаттан әлсiз және жетiлмеген болып жаратылғаннан кейiн күнәға батып адамдық қасиеттерiнен жұрдай болуы мүмкiн. Сонымен, И.Кант "Мен не нәрсеге үмiттене аламын?,- деген сұраққа - "Дiни сенiмге²,- деп жауап қайтарады. Құқық және мемлекет мәселелерi Егер И.Канттың моральдық философиясы адамдардың күнбе-күнгi тәжiрибесiнен аулақ болатын болса, оның құқтық көзқарастары, керiсiнше, нақтылы өмiрмен тығыз байланысты. Адамдардың табиғи құқтарының негiзгi қызметi - тұлғаның моральдық еркiндiгiн бекiту, парыздың орындалуына жағдай туғызу. Құқтың өмiр сүруiнiң ерекшелiгi - ол әр-түрлi адамның қарым-қатынастарын әдiлеттiлiктiң негiзiнде ретке келтiредi. И.Канттың ойынша, адамдардың негiзгi табиғи құқтарына жеке меншiкке деген құқ жатады, тек ол басқа адамдардың бостандығына зияндығын тигiзбесе болды. Табиғи құқтың негiзгi қағидаларының бiрi - jus talions (тең құндық,тiске-тiс, көзге-көз). Ал мемлекет мәселесiне келер болсақ , - ол адамдардың заңдардың негiзiндегi бiрiгiп қауымдасуы, оның негiзiнде әдiлеттiлiк принципi жатуы қажет. И.Канттың ойынша, республикалық басқару жүйесi король билiгiне қарағанда жақсы, өйткенi король даналық пен әдiлеттiлiктi ұзақ уақыт бойы сақтай алмай қалады, ұзақ уақыт билiктi ұстаған адам қажеттi түрде зерденiң ерiктi тұжырымын бұрмалайды. Мемлекет аясында қоғамнан ажыратуға болмайтын үш принцип бар. Олар - әр адамның ерiктiлiгi, азаматтардың теңдiгi және әрбiр азаматтың дербестiгi. Тарих философиясы И.Канттың ойынша, халықтардың дамып жетiлуi көп жағдайларда "сол елдердiң туған жерiне, еңбек салаларына, әдет-ғұрыпына, қол өнерi мен саудаға, халықтың тығыздығына байланысты². Қоғам өмiрiнде гипотетикалық және категорикалық императивтер бiр-бiрiмен қайшылыққа түседi. Адамдар өз табиғаты бойынша тойымсыз, сараң және өлшемсiз, билiкке, үстемдiкке деген iңкәрләрiмен мiнезделедi. Сонымен қатар, категорикалық императивтiң талаптарына сәйкес, олар өздерiнiң жүрiс-тұрысын моральдық тұрғыдан ақтағысы келедi. Бiр жағынан адамдар бiр-бiрiнен алшақтап, екiншi жағынан бiр-бiрiне жақындайды, өйткенi олар неше-түрлi өздерiнiң қажеттiктерiн өтеу жолында бiр-бiрiнен көмек iздеуге мәжбүр болады. "Адам сондай қисық ағаштан жасалғаннан кейiн, оны қанша сүргелесең де түп-түзу қылу мүмкiн емес,- дейдi И.Кант. Бiрақ, осыған қарамастан, жеке адамдар арасындағы қайшылықтар бүкiл қоғамдық тұрғыдан алып қарағанда, тарихты алға жылжытады. Қоғам әлеуметтiк жағынан алға жылжыған сайын қайшылықтар да өсе бастайды. Жетiлген болашақ қоғамда "оның мүшелерiне орасан зор ерiктiк берiледi, олай болса, олардың арасындағы қайшылықтар да өмiр сүредi,- деп қорытады И.Кант. И.Канттың ойынша, адамзат тарихы бүкiладамзаттың құқтық- азаматтық ақуалына қарай дамып келедi, бiрақ оған толығынан бұл дүниеде жету мүмкiн емес. Жалпы алғанда, адамзаттың сыртқы мәдениетi оның моральдық жетiлуiне қарағанда анағұрлым тез дамып келедi. Бұл адамзат алдында тұрған үлкен үрей,- деп есептейдi ұлы ойшыл. Әрине, И.Канттың заманынан кейiнгi уақыт бұл кiсiнiң ойының негiзсiз емес екенiн ашық көрсеттi - тек өткен ХХ ғ өзiнде-ақ екi дүниежүзiлiк соғыста миллиондаған адамдар соның құрбаны болған жоқ па ?!! Сондықтан, И.Кант мемлекеттер арасындағы қайшылықтарды, халықтар арасындағы алауыздықты қалайша жойу керек, адамзат өмiрiнде "мәңгiлiк бейбiтшiлiктi² қалай орнату керек деген сияқты көкейтестi сұрақтарға жауап беруге тырысты. "Бүгiнгi таңда халықаралық қатынастарда үстемдiк жасайтын құқ емес, тек қана зорлық-зомбылық²,- деп қорытады ұлы ойшыл. Соғыс - адамның өз-өзiне мақсат екенiн аяққа басады, сондықтан, "ол болмауы қажет². Соғыс болмауы үшiн мемлекеттер арасында тек қару-жарақ болып, олар өздерiн өзара қорқытып ұстауы қажет, я болмаса болашақта бүкiл адамзатын бiр ғана дүниежүзiлiк мемлекеттiң аясында бiрiктiру қажет деген кең тараған пiкiрлерге И.Кант үзiлдi-кесiлдi қарсы шығады. Оның ойынша, мемлекет арасындағы қару-жарақ, күш теңдiгi ертелi-кеш әрқашанда бұзылады, ал бүкiл дүниежүзiлiк мемлекет халықтардың бостандығын аяққа басар едi. И.Канттың ойынша, тек қана бүкiл жер бетiндегi мемлекеттердiң ерiктi федерациясы ғана халықтардың бостандығы мен саяси дербестiгiн сақтап қалуға мүмкiншiлiк бередi. "Ол халықтар одағы болар едi, бiрақ ол ешқашанда халықтардың мемлекетi болмауы керек²,- деп ойлайды И.Кант. Сонымен, ол ұлттық мемлекеттiң өмiр сүру құқын осылайша қорғайды. Бүкiл адамзаттық-азаматтық ақуалды жақындату үшiн халықаралық келiсiмдер қатаң сақталып, мемлекеттiң iшкi iстерiне басқалар араласпай, халықтар арасында сауда-саттық, мәдени байланыстарды дамыту қажет. Байқағанымыздай, И.Канттың бұл саладағы негiзгi идеялары өз заманын озып бүгiнгi уақытта да өзектiлiгiмен байқалады. И.Канттың философиясы дүниежүзiлiк философия тарихында өзiнiң өшпес iзiн қалдырды. Көп ғалымдардың айтуына қарағанда, И.Кант Х1Х ғ Немiс философиясының негiзiн ғана қалап қоймай, ХХ ғ көп философиялық толғауларға өзiнiң әсерiн тигiздi. Гегель - немiс классикалық философиясының шыңы Георг Вильгельм Фридрих Гегель (1770-1831 ж.ж.) - Германияның Штутгарт қаласында лауазымы биiк шен иесiнiң жанұясында дүниеге келген. Гимназияны үздiк бiтiрiп, 1788-1793 ж.ж. Тюбинген теологиялық институтында оқиды. 1801 ж. бастап Иена университетiнде ғылыми-педагогикалық жұмыс атқара бастайды. Негiзгi еңбектерi: "Рухтың феноменологиясы (құбылысы) ², "Логика ғылымы², "Философиялық ғылымдардың энциклопедиясы², "Құқ философиясы², "Эстетикаға арналған лекциялар² т.с.с. Өзiнiң философиялық жүйесiн жасау жолында Гегель ойлау мен болмыстың теңдiгiнен бастайды. Ал онда оның Шеллингтiң философиясынан айырмашылығы неде?,- деген сұрақ пайда болуы мүмкiн. Расында да, Шеллинг , жоғарыда көрсеткендей, Абсолюттiң ойлау мен болмысының тепе-теңдiгiн мойындады. Бiрақ, сол тепе-теңдiктен шығудың қайнар көзiн ол белгiсiз бiр құдiреттi күштен көредi де, оны тек қана эзотерикалық (құпия) жолмен сезiнуге болатынын айтады. Ал Гегельге келсек, ол сол ойлау мен болмыстың теңдiгiн ғана мойындап қоймай, оны айырмашылық ұғымымен тығыз байланыстырып, олардың өзара iшкi диалектикасын ұғымдық (категориялық) деңгейде түсiнуге болатынын айтады. Екiншiден, Гегель Абсолюттi дамып жатқан субстанция ретiнде қарап, философияға тарихи көзқарасты еңгiзедi. Сонымен қатар, дамудың өзi қайшылықтың негiзiнде, заттың бүгiнгi жағдайының терiске шығарылып, оның қарама-қарсыға өтуi, соңғының өзi жүре келе терiске шығарылатыны т.с.с. ретiнде қаралады. Көркем сөзбен пайымдай келе, Гегель "ақиқат - алдын-ала құйылып қалтаға салуға дайын тұрған күмiс ақша емес², оған жету үшiн жеке адам жалпы рухтың өткен тарихи жолымен танысып, оны егжей-тегжей бiлiп, игеру керек екенiн айтты. Осындай диалектикалық көзқарастың негiзiнде Гегель өзiнiң орасан зор философиялық жүйесiн тудырды. Ол Абсолюттiк идеядан басталады. Басқаша сөзбен айтқанда, ол - абсолюттiк бiлiм, таза ұғым - шынайы болмыстың өзi. Оның өз-өзiне келiп тануын, өз-өзiн анықтауын ол "Логика ғылымы² арқылы бередi. Сонымен қатар, абсолюттiк идея өз-өзiне тең ойлау сатысынан өтiп, iс-әрекет арқылы өзiнiң өзге болмысына - табиғатқа айналады. Ал табиғат дегенiмiз, Гегельдiң ойынша, немқұрайлы сыртқы затқа айналған идея. Табиғаттың мақсаты - өзiнiң тiкелей сезiмдiк сатысынан өтiп, Феникс құсы сияқты өзiн қайта жаңару үшiн жағып, жасарып, осы сыртқы болмыстан рух ретiнде қайта дүниеге келу болып табылады. Рух дегенiмiз - шектелген сана, ойлай алатын қабiлетi бар пәнде, яғни - адам. Бiрақ, ол табиғаттан шықса да, Гегельдiң ойынша, оның туындысы емес - ол өзiнiң өзiндiк нәтижесi. Рух өзiнiң алғы шарттарынан - логикалық идея мен сыртқы табиғаттан - өзiн тудырады. Сонымен, абсолюттiк идея ең алдымен таза логикалық дәрежеде болады, соңынан табиғатқа айналып, соның iшiнен адамзат осы тұрғыдан қарағанда, Гегельдiң ойынша, философия ғылымын үшке бөлуге болады. Бiрiншi, ол - Логика. Ол - өзiнде және өзiне бағытталған идеяны зерттейтiн ғылым. Екiншi - табиғат философиясы. Ол - өзiнiң өзгеше болмысындағы идеяны зерттейтiн ғылым. ұшiншi - рух философиясы. Ол - өзгеше болмысынан қайта өзiне оралып жатқан идея жөнiндегi ғылым. Сонымен, Гегельдiң абсолюттiк идеализм жүйесiнiң қабырғалары осылай қалыптасты. Жоғарыдан байқағанымыздай, Гегельдiң философиялық жүйесiн объективтi идеализм бағытына толығынан жатқызуымызға болады. Осы арада оқырманның шыдамы бiтiп, мынандай сұрақ қойуы мүмкiн: табиғатқа дейiн таза ақиқат ретiнде өмiр сүрген "абсолюттiк идея² - ол не? Бұл сауалды уақытында Гегельдiң лекцияларын тыңдаған оқушылары да қойыпты, - деген аңыз бар. әрине, ол басқаша сөздермен айтылған Құдай идеясы. Тек христиан дiнiндегi Құдайға қарағанда, оның денелiк адамдық қасиеттерi жоқ, ол таза логикалық идея ғана. Сонымен, бiз Гегельдiң жасаған философиялық жүйесiн неше-түрлi философиялық категориялармен (ұғымдармен) әсемделген нәзiк дiни көзқарас десек те болғаны. Егер бiз Гегельдiң философиясындағы алғашқы абсолюттiк идеяны сызып тастап, өзiмiздiң Дүние жөнiндегi ой-өрiсiмiздi мәңгi өмiр сүрiп жатқан "ұлы мәртебелi Табиғаттың² өзiнен бастап, тiршiлiк әлемiн, тiптi сана-сезiмi бар адамның өзiн соның туындысы ретiнде қарасақ, онда бiз таза материалистiк көзқараста болар едiк. Алайда, Гегельдiң философиялық жүйесiндегi ең құндысы - оның рух жөнiндегi ойлары. Ол адамзат рухын тарихи көзқарас тұрғысынан талдап, оның даму сатылары жөнiнде тамаша ойлар мен пiкiрлер айтады. Гегельдiң ойынша, рух даму процесiнде өзiнiң үш сатысынан өтедi : 1. Субъективтi рух, яғни жеке адамның санасы, 2.Объективтi рух, оған ол құқ, мораль, адамгершiлiк, жан-ұя, азаматтық, мемлекеттiктi жатқызады, 3 Абсолюттiк рух - ол өнер, дiн және философия. Субъективтi рухты Гегель үш ғылымның шеңберiнде қарайды. Олар антропология, феноменология және психология. Антропология iлiмiнде ол жеке адамның тұлғалық қасиеттерiнiң қалыптасуына, дене мен жанның ара-қатынасына, адамзаттың нәсiлдiк айырмашылықтарына, мiнез-құлық пен темпераментiне, адамдардың өмiр кезеңдерiндегi айырмашылықтарға т.с.с. көңiл бөлiп талдайды. Гегельдiң ойынша, адамның басқа тiршiлiктен бiрде-бiр айырмашылығы - оның тiке жүруiнде. Ашық нәсiлшiлдiктi қолдамағанмен, Гегель нәсiлдер мен ұлттардың арасындағы айырмашылықтарды "абсолюттi рухтың² әр-түрлi сатыларындағы өз-өзiн анықтауымен теңеп, олардың арасындағы мәдени айырмашылықтар ешқашанда жойылмайды деген кертартпа пiкiр айтады. Адамның өмiр кезеңдерiндегi айырмашылықтарды қарап, ойшыл қоғамдық қатынастардағы тәртiпке адамдар тек қана жастық шағында ғана қарсы шығады, есейе келе, пiсiп-жетiлген шағында олар қирату мен бүлдiруден гөрi тәртiптi сақтауды, жасампаздық еңбектi қалайды. Субъективтiк сананың дамуының екiншi сатысы "Рух феноменологиясында² қаралады. Онда негiзiнен адамның санасы сезiмдiк сатысынан ақыл-ойға, одан әрi зердеге қарай көтерiледi. "Психология² тарауында Гегель адамның танымдық қабiлеттерiне көңiл бөлiп, рухтың теоретикалық, практикалық және ерiктi сатыларын талдайды. Адам теоретикалық сана шеңберiнде қалып қоймай, әрқашан оны өзiнiң еңбек процесiмен ұштастырып, жасампаздық сатысына көтерiледi. Мiне, осы теоретикалық және практикалық рухтың бiрлiгi ерiктi рухты тудырады. Ал соңғы өзiнiң мазмұнын, iшкi сырын дереу объективациялауға (сыртқы дүниеге таңуға) тырысады. Осы сатыға жеткен кезде субъективтiк рух секiрiс арқылы объективтiк рухқа айналады. Объективтiк рух, Гегельдiң түсiнiгi бойынша, қоғам өмiрiндегi құқтық және адамгершiлiк қатынастарды қамтиды. Рухтың терең мәнi ерiктiкте болғаннан кейiн құқтық қатынастардың өзi тiкелей шынайы өмiрге еңген ерiктiктiң болмысы болып есептеледi. Осы тұрғыдан ол қайсыбiр озбырлыққа, тәртiпсiздiкке қарсы жатқан құбылыс. Құққа иеленген адам өзiнiң еркiн сыртқы дүниедегi заттарға таңып, оларды иеленiп "Менiкi² дейдi. Жеке меншiк сонымен, Гегельдiң ойынша, ерiктiктiң қажеттi де субстанциалды өмiрге енуi. Тек жеке меншiкте адамның еркi өз-өзiне тұлғалық ерiк ретiнде қалыптасады. Соның арқасында адамның еркiнiң субъективтiгi жойылып, ол зерделi тұлғаға айналады. Олай болса, тарихи жерге деген жеке меншiктiң ұзақ күрес жолында қоғамдық меншiктi жеңуi - заңды нәрсе, ол зерденiң жеңiсi. Мораль құқтық сатыға қарсы тұрып оны ауыстырады. Ол саналы ерiктiң субъективтiк құқы. үшiншi сатыда құқ пен моральдық саты өнегелiкке, адамгершiлiкке айналады. Ол семьяда, азаматтық қоғамда, мемлекетте iске асады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, адамзат тарихы - халықтар рухының дамуымен тең. Бiрақ ол тек қана объективтiк рухтың өзiндiк санасы ғана. Шынайы өмiрде адамдар өз алдына әр-түрлi мақсаттар қойып, соған жетуге тырысса да, нәтижесiнде - басқаша бiр биiк, алыстағы, өздерi түсiне алмайтын нәрсенiң атқарушыларына ғана айналады. Оны Гегель "дүниежүзiлiк рухтың қулығы² дейдi. Сонымен, Гегельдiң философиясында адамдар мен халықтар - дүниежүзiлiк рухтың пайдаланатын құралы ғана. Қоғам тарихының мақсаты бар. Ол жер бетiнде идеалдық мемлекеттi орнату. Ендi объективтiк рух өзiнiң абсолюттiк сатысына көтерiледi. Тарихи абсолюттiк идея өзiнiң абсолюттiк рух сатысына көтерiлген кезiнде өзiн-өзi түбегейлi танып-бiлiп қанағаттанады. Өнер саласында ол өзiнiң толық ерiктiгiн сезiнедi, дiнде - өзiн марқабатты түрде қабылдайды, ал философияда - өзiнiң мәнiн категориялдық (ұғымдық) дәрежеде түсiнiп, таниды. Олай болса, философия дiннен жоғары, өйткенi, дiндегi қабылдау философиядағы ұғымнан төмен. Сонымен, философиямен рухтың дамуы бiтедi, өйткенi ол өзiн-өзi түсiнiп тынышталады. Бiздi бүгiнгi таңда Гегельдiң жасаған философиялық жүйесi қанағаттандырмауы мүмкiн. Алайда, осы жүйенi жасау жолында ол көне заманда негiзi қаланған диалектикалық iлiмдi пайдаланып бүкiл табиғат, тарих және рухани өмiрдi белгiлi бiр процесс, яғни тоқтаусыз қозғалыс, өзгерiс, қайта құрылу, даму ретiнде қарап, олардың iшкi қайшылықтары мен байланыстарын зерттедi. Ал мұның өзi диалектика iлiмiн жаңа сатыға көтерiп, дүниеге деген жаңа таным теориясын тудырды. Негiзiнен алғанда, Гегельдiң философия саласындағы қалдырған өшпес iзiн көп ғалымдар осыдан көредi. Бұл пiкiрге толығынан қосылуға болады. Гегельдiң ойынша, диалектика шынайы танымның iшкi қозғаушы күшi, ол қайсыбiр ғылымның мазмұнына iшкi байланыс пен қажеттiлiктi еңгiзедi, соның арқасында бiлiм теориялық сатыға көтерiледi. Гегельдiң өшпес еңбегi - ол диалектикалық тұрғыдан бүкiл философия саласында қорытылған ұғымдарды сараптап шықты. Соның iшiнде ол алғашқы рет диалектиканың үш негiзгi заңын ашып, сонымен қатар, барлық парлық категорияларды белгiлi бiр жүйеге келтiрiп, олардың өзара бiр-бiрiне өтетiндiгiн, iшкi байланыстарын көрсете бiлдi. Сонымен қатар, Гегель адамның дүниетанымын терең зерттеп, оның да диалектикалық жолмен жүретiнiн көрсеттi. Гегельдiң ойынша, адамдар өздерiнiң күнбе-күнгi өмiрiнде ақыл-ой арқылы заттар мен құбылыстарды талдап, олардың бiр-бiрiнен айырмашылығын анықтайды. Тiкелей заттарды аңлауға қарағанда, ақыл-ой оларды бiр-бiрiнен абстракциялау арқылы бөлiп алып қарайды. Ол шынайы адамдардың күнбе-күнгi өмiрiнде де, таным процесiнде де қажеттi нәрсе. Мысалы, қоғам өмiрiндегi адамдардың өзара байланыстары мен iс-әрекеттерi жемiстi болуы үшiн олардың алдына қойған мақсаттары айқын да анықталған болуы керек. Немiстiң ұлы ойшысы Гете айтқандай, ұлылыққа жеткiң келсе, өзiңдi өзiң шектей бiл. Кiмде-кiм бәрiне жеткiсi келсе, ол оның шынында да ештеңеге iңкәрiнiң жоқ екенiн көрсетедi. Өнер саласына келер болсақ, ондағы ұлы туындылардың да құндылығы әсемдiктiң айқын да айрықша бiтiмiн көрсетуде болса керек. Қайсыбiр ғылым саласында, тiптi философияның өзiнде де ойлау процесiнде қолданылатын ұғымдар айқын, сонымен қатар, тұрақты мағналы болуы қажет. Егер олар бұлдыр және тұрақсыз болатын болса, онда бiз ешқандай нәтижеге жете алмай бiр-бiрiмiздi түсiнуден қаламыз. Ендi сол бiздiң жан-дүниемiзде бейнеленетiн Дүниенiң өзiн алып қарасақ, онда да бiз заттардың өзгеруiмен қатар белгiлi бiр жағдайдағы тұрақтылығын байқаймыз. Алайда, бiз осы ұғымдардың тұрақтылығын шегiне шейiн жеткiзсек, онда олар өзiнiң қарама-қарсылығына айналып, абстрактылық ойлауды тудырады. Гегельдiң ойынша, ол қуыс кеуделiктi, мәселеге үстiрт қарауды туғызады. Мысалы, дарға асуға қылмыскерді әкеле жатыр. Оны қарапайым жұрт тек қылмыскер ретiнде қарауда. Бiрақ, кейбiр әйелдер оған қарап: "ол қандай сұлу, қайратты, тартымды едi ²- деп қалуы мүмкiн. Сол сәтте-ақ басқа адамдар оларға бас салып: "Қалай? Қылмыскер сұлу ма? Қалайша бұлай ойлауға болады ?! Шамасы, өздерi де сол қылмыскерден артық емес шығар²,- деп қорытады. Осы мысалды келтiрiп, Гегель оны абстрактлы ойлау түрiне жатқызады. Өйткенi, алаңдағы жиналған адамдар қылмыскерден оның тек қылмыс жасағанынан басқа ешқандай қасиеттердi көрмейдi. Мұндай ойлау бiтiмiн Гегель метафизикалық ойлау әдiсi деп қорытады. Алайда, абстрактылық - таным процесiндегi бiр сәт қана. Таным ол сатыда тоқтап қалмай, одан әрi жылжып нақтылыққа жетуi керек. | |
Просмотров: 5816 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 3.8/4 |
Всего комментариев: 0 | |