Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 17.05.2024
Главная » 2011 » Шілде » 19 » «Біз күшті Қазақстан құра аламыз»
13:38
«Біз күшті Қазақстан құра аламыз»

d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b217Еліміз өткен жылдан бері үдемелі индустриялды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырып келеді. Қазақстанның әр облысында жаңа өндірістер іске қосылып, отандық экономикамыздың өсіп, өркендеуіне, бәсекеге қабілетті болуына жағдай жасалып жатқаны белгілі. Осыған орай Астанадағы «Көрме» орталығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуыменен Қазақстанның индустрияландыру картасының жобасымен таныстыратын «Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!» атты форум-көрме болып өтті. Елбасы бірінші кезекте 139 қазақстандық та­уар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің та­уарлары ұсынылған «Қазақстандық қамту-2011» атты көрмені аралап көріп, осы жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылған Қазақстанның индустрияландыру картасының жобасымен танысты. Нұрсұлтан Әбішұлы жалпы құны 114 млрд. теңгені құрайтын, 9 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын Индустрияландыру картасының 75 инвестициялық нысанымен танысып білісті. Мемлекет басшысына Премьер-министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев көрмедегі жобаларды жан-жақты талдап көрсеткен соң, арнайы түрде еліміздің индустриялық нысандары таныстырылымының телекөпірі өткізілді. Елбасы «онлайн» режимінде жаңа өндірістерді іске қосты. Жаңа кәсіпорындар ішінде Алматы облысындағы «СОНиК Компаниясы» ЖШС профильді құбыр шығаратын зауыты, Павлодар облысындағы «Қазақстан вагон жасау компаниясы» ЖШС жүк вагондары өндірісі, Жамбыл облысындағы Ақбақай алтын өндіру фабрикасы, Маңғыстау облысындағы «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ЖШС теңіз металлконструкциялары өндірісі, Қарағанды облысы «Green Technology» ЖШС жылыжай кешені, Қостанай облысы «АгромашХолдинг» АҚ-ның «SsangYong» маркалы автокөліктерін жинау өндірісі бар. Бұдан кейін Елбасы Қазақстанның индустриялық саясатының стратегиялық маңызы турасында сөз сөйлеп, еліміздің алдында бәсекеге қабілетті 50 елдің арасына кіру міндеті тұрғандығын және оны орындау үшін барлығымыз үлкен қажырлықпен күш салуымыз керектігін атап өтті.
«Біз көріп отырған көрмеге Қазақстанда атқарылып жатқан шаралардың барлығы қойылып отыр. Оған 139 отандық тауар өндірісінің өкілдері қатысып отырғанын көрдіңіздер. Сондықтан жылдан-жылға «Қазақстанда жасалған» деген тауарлар шығаруды арттыру – баршамыздың міндетіміз. Тәуелсіз, егемен ел болдық, енді сырттан келген тауарлармен емес, өз еліміздің өнімдерімен Қазақстанды танытуымыз керек. Олар сіздердің, бизнес азаматтарының қолындағы мәселе болып саналады» деді Елбасы.
Мемлекет басшысы бұл жаңа нысандар «Астананың өркендеуі – Қазақстанның өркендеуі» деген ұранмен салынып жатқан жас астанамыздың мерекесі – елорда күніне орай барлық өңірлердің үлкен тартуы, үлкен сыйлығы болып саналатынын айтты. Сондай-ақ Елбасы еліміздің биылғы мерейлі жылы – Азаттықтың 20 жылдығына тарту ретінде Қазақстанның әр өңірінде атқарылатын жұмыстардың аз емес екендігін жеткізді.
«Біз бүгін еліміздегі индустриялық-ин­но­ва­циялық бағдарламаның жақсы серпінмен бас­талғандығын айтамыз. Мұны мен мемлекет пен тәуелсіздікті құрумен маңызы бірдей мемлекеттік тапсырма деп есептеймін. Өйткені біз алдағы уақытта тек қана өзіміздің шикізаттық ресурстарымызға сеніп, тыныш отыра беруге тиісті емеспіз. Сіздер әлемдік рынокта мұнай, газ, металл және басқа да заттардың бағасы өзгерген кезде қандай жағдай болып жатқандығын өздеріңіз де көріп отырсыздар. Біз бұл жағдайға тәуелді болып қала алмаймыз. Қазіргі күні әлем қуат көздерінің жаңа түрлерін іздестіруде және оларды тауып та жатыр. Сондықтан бұл жағдайға біз де дайын отыруымыз керек. Әрине, бұл оңай емес. Өйткені біз көп артта қалдық. Сондықтан бізге оларды қуып жету ғана емес, олардың қатарына тұру міндеті қойылады. 2020 жылға дейін осы міндеттерге сәйкес жаңа көкжиектер айқындалып, біз әлемдік инновациялық экономикаға қосылуымыз керек» деген Нұрсұлтан Әбішұлы отандық эко­но­ми­каны дамытудың бес ағымына тоқталып өтті. Энер­гиялық тиімділік, шикізаттық емес сек­тордағы өсім, агроөнеркәсіптік кешен, ша­ғын және орта бизнес шұғылданып жатқан жаңа жо­­балар, еңбек өнімділігі – міне, осы бес оңтайлы эко­­­номикалық ағым мемлекет іргетасының бе­рік бо­луының, елде тұрақтылықтың болуының кепілі.
Елбасы елдегі жұмыссыздықты жою мәселе­сін­ де тілге тиек етті. «Менің биылғы Жолдауыма сәйкес шағын несиелендіру жүйесін құру қажет. Ауылда жұмыссыздар шағын несие алу арқылы өз кәсібімен шұғылдана алады. Ал бұған ыңғайы келмейтін жұмысы жоқ адамдарды қалаға әкеліп оқытып, жаңа кәсіп түріне бейімдеу арқылы ашылып жатқан индустриялық нысандарға жұмысқа орналастыратын боламыз. Осы мақсатта «Жұмыспен қамту-2020», «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламалары, «Даму» қоры, «ҚазАгро» холдингі жұмыс істеуде. Бұлардың мүмкіндігін біздің азаматтарымыз пайдалануы тиіс» деген Нұрсұлтан Назарбаев бүгінгі қазақстандық жол – индустриялық-инновациялық дамудың кең арнасы екендігін айтты. Инновациялық жобалар болу үшін ғылымда жаңалық ашатын инноваторлар керектігін және оларды тәрбиелеп шығаратын білім ордаларын да саралап өтті.
«Әрбір кәсіпорынға жаңа­шылдарды тауып, оларға қолдау білдіру, креативті ойлай білетін адамдарды іздестіру қажет. Олар сіздердің кәсіпорындарыңызға үлкен пайда әкелетін болады. Бүгін 100 тауар шығарсаңыздар, бір жылдан кейін 150, енді тағы бір жылдан кейін 300 тауар шығара алатындай жетістіктерге қол жеткізу қажет» деді Елбасы.
Елбасының айтуынша, ғылыми зерттеулерге бюджеттік салымдарды ұлғайту қажет. Онсыз ілгері жылжу, бәсекеге қабілетті болу мүмкін емес. Мемлекет басшысының бағамдауынша, индус­трияландыруды сараптамалық және ғылыми қамтамасыз етуге үлкен назар аударылуы керек. Оған барша Қазақстан халқы жұмыла кірісіп атсалысуға тиіс.
«Сондықтан барлығымыз күш біріктіріп, индустрияландыру мен инновациялар жолында жұмыс жасайық. Күндіз-түні ойланыңыздар, іздеңіздер, не істесек, қандай жаңа өнім шығарсақ өркендейміз деп. Мен кәдімгі инновациялар туралы айттым. Бұл – Батыста бар, бізде жоқ нәрсе. Абсолютті инновациялар деген де бар, бірақ олар еш жерде жоқ. Сондықтан абсолютті инновацияларға ұмтылу керек. Соған жетуді ой­ластыру қажет. Ақылды адамдар бізде аз емес. Біз бәріміз бірігіп күшті Қазақстан құра аламыз. Біз өз-өзімізден озып кеттік. Біз мемлекет, елорда және осындай экономиканы, осындай танымал Қа­зақстанды құрдық. Біз бір нәрсеге шындап кіріссек, бәрін де атқара аламыз. Сондықтан мен «Біз индустриялық Қазақстан құрдық!» деп айта­тынымызға сенемін» деді сөз соңында Елбасы.

Просмотров: 666 | Добавил: anonim02 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]