Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 17.05.2024
Главная » 2011 » Шілде » 19 » Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады
13:32
Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады

d0b6d0bed0bbd0b4d0b0d183-2011

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың
«Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қадірлі отандастар!
Құрметті депутаттар мен Үкімет мүшелері!
Ханымдар мен мырзалар!
Биыл – біз үшін ерекше қастерлі жыл.
Біз ел тәуелсіздігінің 20 жыл­дығына қадам бастық.
Бодан жұртты бүгінгідей бостан күнге жеткізген бұл жолда біз биік белестерді бағындырдық.
Естеріңізде болар, 1997 жылғы халыққа алғашқы Жолдауымда мен былай деген едім:
«2030 жылы біздің ұрпақтарымыз бұдан былай әлемдік оқиғалардың қалтарысында қалып қоймайтын елде өмір сүретін болады».
Осы сөздерге кезінде күмән келтіргендер аз болған жоқ.
Дегенмен діттеген бұл межеге біз 33 жылда емес, бір мүшел жастың өзінде жеттік!
Күні кеше Астанада 56 елдің басшылары мен халықаралық ұйым өкілдерінің басын қосқан Саммит – соның айшықты айғағы.
Жұлдызымызды жарқырата түс­кен бұл мерейлі белестен бұрын да біз біршама биіктерді бағын­дырдық.
Біз талайлы заманда тарыдай шашылып кеткен қандастарын атамекенге жинаған әлемдегі үш елдің бірі болдық.
Осы жылдары шетелдерден 800 мыңнан астам отандасымыз келіп, халық саны бір жарым миллионға артты.
Біз Сарыарқаның сайын даласына сәулеті мен дәулеті келіскен Астана салдық.
Есілдің жағасына серпінді дамуымыздың символы болған еңселі Елорда қондырдық.
Халқы тату-тәтті, саясаты сарабдал елдің ғана қазынасы қыруар, болашағы баянды болады.
Қазақстанның халықаралық резерві бүгінде 60 миллиард долларға жуық қаржыны құрайды.
Ырыс – ынтымаққа жолығады, дәулет – бірлікпен толығады.
Тәуелсіздік жылдарында ел эко­номикасына 120 миллиард дол­лардан астам шетелдік инвес­тиция тартылды.
Сонымен қатар біз әлемнің 126 еліне 200-ден астам өнім түрін шығарамыз.
Бүгінде ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құралады.
Ауыл шаруашылығы саласы да дамып келеді.
Ішкі жалпы өнім өсімі 2010 жылы – 7 пайыз, өнеркәсіп өндірісі – 10 пайыз, өңдеу өнеркәсібі 19 пайыз мөлшерді құрады.
Орташа айлық жалақы 2007 жылғы 53 мыңнан 2010 жылы 80 мың теңгеге дейін артты.
Ұлттық әл-ауқат деңгейі жөнінен әлем мемлекеттерінің рейтингінде Қазақстан өткен жылы 26 сатыға ілгерілеп, 110 ел арасынан 50-ші орынға көтерілді.
Біздегі орташа айлық жалақы 5 жарым есеге, зейнетақының орташа көлемі 4 есеге көбейді.
Біз дүниені дүрбелеңге салған дағдарыстан демікпей шығып, дамудың даңғыл жолына батыл бет бұрдық.
Алдымызға ұлан-ғайыр мақ­сат­тар қойдық және оларға қысқа мерзімде қол жеткіздік.
Тәуелсіздік жылдарында 500-ге жуық жаңа денсаулық сақтау нысандары салынды.
Медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы айтарлықтай жақсарды.
Еліміз білім беру ісін дамы­туда 129 елдің арасында көш бастаушылар қатарында келеді.
Өткен онжылдықта білімге бөлінетін қаражат 10 есеге көбейді.
Осы жылдары 750 жаңа мектеп салынды.
Сонымен қатар 5 302 мектепке дейінгі мекемелер, 1 117 балабақша мен 4 185 орталық ашылды.
Астанада ғылым мен білім индустриясының жаңа ғасырдағы орталығы болатын университет ашылды.
Біз осылайша аз жылда абыройы артқан айдынды елге, қуатты ұлтқа айналдық.
Осының бәрі жұртымызды жа­һандық ауқымда ойлауға баулу мақсатында жасалуда.
1. Жеделдетілген экономика­лық жаңғырту – Үдемелі инно­вациялық индустрияландыру бағ­дарламасының жалғасы
Құрметті қазақстандықтар!
Біз Тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылына аяқ бастық.
1991 жылдың желтоқсанында, өзіміздің стратегиялық мақсатымыз ретінде орнықтылық пен табысқа жетуді таңдап ала отырып, біз әр жаңа кезеңнің дамуына жаңа бағдарламалар жасап, алға жылжыдық.
Біз кеуделі міндеттерге ұмтылып, оларға қол жеткіздік.
Ел ілгерілеуінің шоғырланған көрсеткішін ғана келтірейін.
1994 жылы жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім жеті жүз доллардан сәл ғана асатын.
2011 жылдың 1 қарашасына қарай бұл көрсеткіш 12 еседен артық өсіп, 9 мың АҚШ долларынан асып түсті.
Біз бұл деңгейге тек 2015 жылы ғана жетеміз деп есептеп едік.
Әлемдік тәжірибе тәуелсіздіктің алғашқы 20 жылында мұндай нәтижеге ешқандай ел қол жеткізе алмағанын көрсетеді.
Мысалы, егемен дамудың алғашқы жиырма жылында жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім Оңтүстік Кореяда 3 есе, Малайзияда – 2 есе, Сингапурда – 4 есе, Венгрияда – 5 есе, Польшада 4 есе өскен.
2010 жылдың қаңтарында ел халқына Жолдауымда мен Ин­дустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жария еттім.
Қазірдің өзінде оны жүзеге асырудың алғашқы жылының нақты қорытындылары бар.
Біз 152 кәсіпорынды іске қостық, 24 мыңға жуық қазақстандықты тұрақты жұмыспен қамтамасыз еттік.
Бүкіл ел бойынша барлығы сегіз жүзге жуық әртүрлі өндіріс орны құрылды.
Біз химия және жеңіл өнеркәсіпті белсенді түрде қалпына келтіру мен дамыту үдерісін бастадық, ауыл­ша­руашылық өнімдерін өңдеуде серпіліс жасадық.
2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 триллион теңгені құрайтын 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
161 мың тұрақты жұмыс орны және 207 мың құрылыс уақытына есептелген жұмыс орны құрылады.
Алғашқы индустриялық бес­жылдықтың алғашқы жылының бас­ты қорытындысы – эко­но­ми­каның нақ­тылы секторының есебінен эко­номикалық өсуде елеу­лі құры­лымдық өзгерістердің басталуы.
Таяу онжылдықтағы Стратегиялық жоспардың мақсаттарын тағы да еске салып өтейін.
2020 жылға қарай біз мынандай көрсеткіштерге қол жеткізуге тиіспіз.
Ішкі жалпы өнім өсуі кемінде 30 пайыз болады.
Өңдеуші салалардағы өсім игеруші салалар деңгейінен асып түседі немесе соған жетеді.
Ұлттық қордың активтері ІЖӨ-нің кемінде 30 пайызын құрайды.
Экономиканың шикізаттық емес секторына салынатын отандық және шетелдік инвестиция кемінде 30 пайызға артады.
Ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрайды.
Халықтың саны 18 миллион адамға жақындайды.
Білікті мамандардың үлесі 40 пайызды құрайды.
Жұмыссыздық деңгейі 5 па­йыз­ға дейін төмендейді.
Ауыл шаруашылығындағы ең­бектің өнімділігі 2014 жылға қарай 2 есе, ал 2020 жылға қарай 4 есе өседі.
Аграрлық секторда етті мал шаруашылығын дамыту жөнінде бұрын-соңды болып көрмеген жоба жүзеге асырылады.
2016 жылдың өзінде ет экспорты 60 мың тоннаға жетеді, мұның құны 4 миллион тонна бидай экспортына тең.
Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңгелік несие ресурстарын бөледі.
Бұл ауылдық жерлерде 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауыл тұрғындарының кіріс көзіне айналады. Мұның өзі малдың барлық түрінің асыл түліктері мен тұқымдарының бас санын көбейтуге мүмкіндік береді.
Бұлардың барлығы сабақтас салаларда – ауылшаруашылық мәшине жасауда, химия және тамақ өнеркәсібінде, жемшөп өндірісінде, техника жөндеуде өндірісті ұлғайтуға қозғау салады.
Үкімет, барлық өңірлердің әкімдері селодағы индустрияландырудың осы­нау маңызды бөлігімен айналысуға тиіс.
Біздің экономикамыздың бәсекеге қабілеттілігі қуат шығындарын азайтуды қамтамасыз ететін тиімді технологияларға негізделуі керек.
Шикізаттық емес секторларды дамыту мақсатында Үкіметке Қуат тиімділігінің кешенді жоспарын жасап, бекітуді тапсырамын.
Индустрияландыру өңірлік саясаттың жаңа парадигмасын қалыптастырады.
Үкімет әкімдермен бірлесе отырып Өңірлерді дамыту бағдарламасын жасап, бекітуі керек.
Мұның барлығы – біздің саналған-сараланған жоспарларымыз.
Біз әлі жол басында тұрмыз.
Егер жақсырақ, дәулеттірек өмір сүргіміз келсе, біз осы жұмысты атқаруға тиіспіз.
Мен бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты деген қағидатты жақтаушымын.
Біз алғаш рет «Мемлекеттік ба­қылау мен қадағалау туралы» Заң қабылдадық.
Бақылау жүргізудің бүкіл ме­млекеттік органдар үшін ортақ қағидаттары мен тәртібі белгіленген. Бұл бизнеске әкімшілік қысымды бұ­рынғыдан да азайта түсу үшін жасалды.
Құқық қорғау жүйесін реформалау аясында қазірдің өзінде 16 заң қабылданды.
Меншікті қорғаудың құқықтық тетіктері енгізілді, үлкен қоғамдық қауіп төндірмейтін қылмыстар бойынша қылмыстық заңдылықты ізгілендіру жүргізілді, бостандығынан айырумен байланысты болмайтын, сондай-ақ қамауға алуға балама жазаларды қолданудың аясы кеңейтілді. Осының арқасында биылғы жылдың өзінде ауырлығы азын-аулақ және орташа қылмыстары үшін сотталған екі мыңға жуық адам бостандықтан айыру орындарынан шығарылады.
Құқық қорғау органдары ап­параттарының саны 15 пайызға қысқартылды. Олардың құрылымдары оңтайландырылды.
Құқық қорғау органдарына тән емес қызметтер жеке секторға берілді.
Сот жүйесінде елеулі өзгерістер жасалуда.
Сыбайлас жемқорлықпен бітіс­пес күрес жүріп жатыр.
Қазіргі таңда халықаралық сарапшылардың бағасы бойынша Қазақстанның сыбайлас жемқор­лыққа қарсы заңнамасы ең тиімділердің бірі деп танылған.
Тек 2 жылдың ішінде қылмыстық жауапкершілікке 40-тан астам рес­публикалық деңгейдегі жетекші, об­лыстық және қалалық ауқымдағы 250-ден астам лауазымды тұлғалар тартылды, олардың арасында 39 әкім мен олардың орынбасарлары бар.
Қоршаған ортаны қорғау, денсау­лық сақтау министрлерінің, статисти­ка жөніндегі агенттік төрайымының, төтенше жағдайлар және қорғаныс вице-министрлерінің, «Қазақстан те­мір жолы» компаниясы басқарма тө­рағасының, «ҚазМұнайГаз», «Қаз­атом­пром» компаниялары прези­денттері­нің үстінен қыл­мыстық іс қоз­ғалып, жауапкершілікке тартылды.
Үш жылдың ішінде біздің еліміз әлемдік антикоррупциялық рейтингтегі көрсеткішін бірден 45 сатыға жақ­сартты.
Осы индекс бойынша біз бүкіл ТМД-да үздік позицияда тұрмыз.
Бұл жұмыс ымырасыздықпен жалғасты­рылады.
Бүкіләлемдік банктің 2010 жылғы баяндамасында Қазақстан бизнес мүддесі үшін реформа жүргізуде көшбасшы деп танылған.
Бизнеске неғұрлым қолайлы ахуал жасау жөніндегі әлемдік рейтингте Қазақстан 183 елдің арасынан 59-шы орынды иеленеді.
Тұтастай алғанда мемлекеттік орган­дардың шаруашылық жүргізуші субъек­тілердің қызметіне негізсіз араласу фактілері тыйылды деуге жақын қалды.
Өткен жылы Қазақстан, Ресей мен Беларусьтің Кедендік одағы жұмысын бастады.
2010 жылдың 10 айының нә­ти­жесінің өзінде Ресеймен және Бе­ла­русь­пен сауданың көлемі 38 пайызға өсті.
Қазақстандық өнімдердің Кедендік одақ елдеріне экспорты 52,4 пайызға артты. Бюджетке құйылатын кедендік баждың өсімі 25 пайыз болды.
Осының бәрі Кедендік одақтың біздің елдеріміздің экономикалық міндеттерін шешетін өте праг­матикалық әрі нақты жоба екенін ап-анық көрсетеді.
Біз Біртұтас экономикалық кеңістік құру ісінде барынша ілгеріледік. Ол кеңістік қазақстандық өн­ді­рушілер үшін өнім өткізудің байтақ базарын ашады.
Бұл бәсекеге шыдас беретін тауарлар шығару мен қызмет көрсету үшін біздің бизнесімізді ынталан­дырады.

2. Әлеуметтік жаңғырту –
жаңа әлеуметтік саясат

Біз өзіміздің индустрияландыру және эко­номиканы технологиялық тұр­ғыдан дамыту жөніндегі жоспар­ла­рымызды нақпа-нақ айқындап алдық.
Біздің бағдарламаларымыздың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын нығайту.
Сондықтан да мен биылғы Жолдауда әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне ерекше назар аударып тұрмын.
Мен үш аса маңызды мемле­кет­тік бағ­дар­ламаларды – білім беру, денсаулық сақтау және тілдерді да­мыту бағдарламаларын бекіттім.
Үкіметке әкімдермен бірлесе отырып биылғы 1 мамырға дейін мынандай қағидатты түрде жаңа бағдарламаларды, яғни:
жұмыспен қамтудың жаңа стратегия­сын;
тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лықты жаң­ғырту;
халықты сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету бағдарламаларын жасап, қабылдауды тапсырамын.
Бұл бағдарламалар елдің мил­лион­даған қара­пайым адам­да­рының күнбе-күнгі мәселелерін ше­шуге бағытталған.
Олар қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартады.
Жаңа әлеуметтік саясаттың басты аспектілеріне нақтырақ тоқталып өтпекпін.

2.1. Білім беру

Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жал­ғастыруға тиіспіз.
Бүгінде мектептерді компьютер­лендіру толықтай аяқталды.
Орта білім берудің 12 жылдық моделі енгізілуде.
«Өмір бойы білім алу» әрбір қазақ­стандықтың жеке кредосына айналуы тиіс.
Біз кәсіптік және техникалық білім берудің мазмұнын толық жаңартпақ ниеттеміз.
Бүгінде дамыған елдерде 1 мил­лион тұрғынға 1-ден 6 жоғары оқу орнына дейін келеді.
Қазақстанда барлығы 149 жоғары оқу орны бар.
200 ғылыми кеңестер кандидат­тар мен док­торларды қалыптан құй­ғандай етіп жасап шығарып жатыр.
60 кандидаттың 1-і және 37 док­тордың 1-і ғана ғылымға барады.
Осы жылдан бастап ол кеңестердің жұмыстары тоқтатылады.
Бұдан былай магистрлар мен PhD докторлар дайындалатын болады.
Біз университеттік білім беру мен ғылымды дамытудың жаңа деңге­йін қамтамасыз етуге міндеттіміз.
Бүгінде жаңа «Назарбаев уни­верситеті» ар­қауында нарық сұ­ранысына бағдарланған жоғары оқу орнының инновациялық моделі қалыптастырылуда.
Ол барлық қазақстандық жоо-лар үшін үлгі болуы керек.
Менің тапсырмам бойынша бүкіл елде ашылып жатқан 20 зияткерлік мектептер дарынды балаларды үздік жоо-лар үшін дайындаудың негізгі арқауына айналатын болады.
Үкіметке мыналарды тапсырамын:
жоо-лардың инновациялық қызметке көшу тетігін қалыптастыру;
білім берудің сапасын арттыру және қолжетімділігін кеңейту үшін білім беруге қолдау көрсетудің жаңа қаржылық-экономикалық құрал­дарын енгізу;
техникалық және жоғары білім берудің деңгейлері үшін бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ипотекалық құрылыста жүзеге асырып отырғанға ұқсас жинақтау жүйесін әзірлеу.
Қазақстандықтарда мемлекеттен пайыздық бонустар ала отырып балаларын оқытуға қаржы жинаудың жаңа мүмкіндіктері пайда болуға тиіс.
бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілер өкілдерін қатыстыра отырып Кәсіптік-техникалық кадр­лар дайындау жөнінде ұлттық кеңес құру.
Білім беру жүйесіндегі барлық жұмыс мынандай нәтижелерге қол жеткізуге бағытталуы тиіс.
Мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамтылған балалардың үлесі 2015 жылға қарай 74 пайыз­ды, 2020 жылға қарай 100 пайызды құрайтын болады.
Менің тапсырмам бойынша қа­былданған «Балапан» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде тек 2010 жылы ғана 35 балабақша, 1534 мини-орталық, 137 жекеменшік ба­лабақшалар салынды.
Бұрын жекешелендіріліп кеткен мектеп жасына дейінгі мекемелерді қайтару есебінен 172 балабақша ашылды.
Балаларды мектепке дейінгі ұйым­дармен қамту 30-дан 55 пайызға дейін өсті.
2020 жылға қарай біз оқыту­дың 12 жылдық моделіне толық­тай көше­тін боламыз. Ол үшін біз 2015 жылға қарай республикалық бюджет қар­жысы есебінен кемінде екі жүз мектеп са­лып, осынша мектепті жергілікті бюд­жет есебінен тұрғызамыз.
2015 жылға қарай білім беру ұйымдарының 50 пайызы электронды оқытуды пайдаланып, 2020 жылға қарай оның саны 90 пайызға дейін артады.
2020 жылға қарай халықара­лық стандарттар бойынша тәуелсіз ұлт­тық аккредитациялаудан өткен жоо-лар үлесі 30 пайызды құрайтын болады.
Инновациялық қызметті жүзеге асыратын және ғылыми зерттеулердің нәтижелерін өндіріске енгізетін жоо-лардың үлесі 5 пайызға дейін артады.
Кемінде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингінде аталатын болады.
Сапалы білім беру Қазақстан­ның индус­трия­ландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс.
2.2. Денсаулық сақтау

Осы жылдар бойына біз қазақ­стандықтардың денсаулығын жақ­сарту үшін қажет нәрсенің бәрін жасадық.
Денсаулық сақтауды қаржыландыру 2002 жылғы ІЖӨ-нің 1,9 пайызынан 2010 жылы 3,2 пайызына дейін ұлғайды.

Бүгінде бүкіл ел көлемінде тұңғыш рет медицинаның ең бір күрделі бағыттары бойынша операциялар жасалуда.
Жетекші шетелдік клиникалармен байланысы бар 150 телемедицина орталықтары құрылды.
Осыдан жиырма жыл бұрын бізге ол тек арман ғана болатын.
Жүргізілген жұмыс нәтижесі ретінде бала туудың 25 пайызға көбейгенін, адам өлімінің 11 пайызға төмендеп, халықтың табиғи өсімінің 1,7 есе артқанын атап өтуге болады.
2013 жылы Біртұтас ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу аяқталады.
Біз аурудың алдын алуға шын­дап кірісіп бастапқы медицина­­лық-санитарлық жәрдемнің сапа­сын арттыруымыз керек.
Халықаралық бағалаулар бойынша, негізгі науқастар түрлерімен ауыратын тұрғындардың 5 пайыздайы денсаулық сақтаудың барлық қызметтерінің 70 пайыздайын ғана пайдаланады.
Профилактикалық жұмыстарды сауатты ұйымдастырған жағдайда ерте сатыда-ақ аурулардың алдын алуға болады.
Сондықтан Қазақстанда халықтың мақсатты топтарының денсаулық жағдайын бақылаудың ұлттық бағ­дарламалары кешенін енгізу қажет.
Бірінші кезекте, олар балалар, жасөс­пірімдер, бала туу жасындағы әйелдер.
Ауыл тұрғындары үшін ме­дициналық көмектің қолжетімділі­гін кеңейтуге айрықша назар аудару қажет.
Өткен жылы жаңа әлеуметтік жоба – мамандандырылған емдеу-диагностикалық екі «Денсаулық» пойызы жұмысын бастады.
Олар еліміздің ең шалғай түкпірлерінде ондаған мың адамдардың денсаулықтарын тексеріп, ем жасады.
Қазақстан үшін көліктік медицина өте көкейкесті, сондықтан біз оны дамытатын боламыз.
Биылғы жылы тағы бір пойыз жіберілетін болады.
Жұмылғыш медициналық кешендер-автоклиникалар санын 50 бірлікке дейін жеткізу қажет.
Оларды шығару Қазақстанда жүзеге асырылуға тиіс.
Үкіметке 2015 жылға дейін санитарлық авиация мұқтажы үшін кемінде 16 тікұшақ ұйымдастыруды қамта­масыз етуді тапсырамын.
Сол сияқты жол бойындағы медициналық-құтқару пунктте­рін құру мәселесін жеделдете қарастыруды да тапсырамын. Оларды республикалық маңыздағы жолдар­дың апаттық қауіпті учаскелерінде орналастыру қажет.
Төтенше медициналық жәрдем қызметі көп салалы жұмылғыш және аэрожұмылғыш госпитальдар­мен жарақтандырылуы тиіс.
Бұл шаралардың біздің мың­­да­­ған азамат­тарымыздың өмірін құтқа­рып қалатынына сенімім мол.
Қылмыстық-атқару жүйесіндегі ту­беркулез бен ВИЧ аурулары және одан болатын өлім деңгейін төменде­туге мұқият назар аудару қажет.
Осы міндеттерді орындау нәтижесінде 2015 жылға қарай қазақстандықтардың өмір жасының күтілетін ұзақтығы 70 жасқа дейін, ал 2020 жылға қарай 72 жасқа дейін ұлғаятын болады.
Саламатты өмір салтын насихаттап, барлық жерде салынған спорт базаларын пайдалану керек.
2015 жылға қарай 350 дәрігерлік амбулато­риялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және емханалар салынатын болады.

2.3. Тілдерді дамыту

Көп тілді және көп конфессиялы қоғамдағы бейбітшілік пен келісім – бұл сіздер мен біздің еңбегіміз, құрметті қазақстандықтар.
Қазақстандықтардың өзіміз өмір сүріп, елімізді жақсылықтарға бастап бара жатқан туған жерге атауын берген мемлекеттік қазақ тілін құрметпен және лайықты оқып-үйрене бастағандығын атап өтудің өзі қуанышты.
Бүгінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген ересек тұрғындардың үлесі басым көпшілікті құрайды.
Бұл – Тәуелсіздіктің орасан зор жетістігі.
Біздің міндетіміз – 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді білетін қазақстандықтар санын 80 пайызға дейін жеткізу.
Ал 2020 жылға қарай олар кемінде 95 пайызды құрауы тиіс.
Енді он жылдан кейін мектеп бітірушілердің 100 пайызы мемлекеттік тілді біліп шығатын болады.
Ол үшін біз бәрін де жасап жатырмыз.
Біз сол сияқты орыс тілін және өзге де қазақстандық этностар тілін дамытатын боламыз.
Мен қазіргі заманғы қазақстандық үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты екендігін әрдайым айтып келемін.
Сондықтан 2020 жылға қарай ағылшын тілін білетін тұрғындар саны кемінде 20 пайызды құрауы тиіс деп есептеймін.

2.4. Жұмыспен қамтудың
жаңа стратегиясы

Екі жыл ішінде дағдарысқа қар­сы «Жол картасы» шеңберінде біз ха­лықты еңбекпен қамтамасыз етіп, жұмыссыздықты азайттық және қа­лалары­мыз бен селоларымыздағы ин­фрақұрылымдарды жақсарттық.
Бұл бағдарламалар қазақстандық­тардың кең қолдауы мен разылы­ғына ие болды.
Бүгінде жаңа экономика білікті кадрлардың жаңа генерациясын талап ететін болғандықтан еңбек рыногының тиімділігін арттыру қажет.
Өзін-өзі еңбекпен қамтып отыр­ған тұрғын­дар – біздің эконо­ми­камыздың зор кадрлар резерві.
Жаңа кәсіпорындарды біз оларда қазақ­стандықтардың жұмыс істеуі үшін салып жатырмыз.
Олар оған дайындалуы керек. Жаңа маман­дықтарға үйренулері қажет.
Үкіметке облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкім­дерімен бірлесіп, 2011 жылдың 1 мамы­рына дейін халықты ең­бекпен қамту жөнінен қағидатты түрде жаңа бағдарлама әзірлеуді тапсырамын.
Үкімет бизнес-қауымдастықпен бір­лесіп ин­дустриялық нысандарда жұмыс істегісі келетіндер үшін тегін кәсіптік оқу ұсынуы керек.
Әрбір қазақстандықтың елді ауқымды ин­дустрияландыруға қа­тысу мүмкіндігін қам­тамасыз ету қажет.
Кезінде мен дағдарысқа қарсы «Жол картасы» бағдарламасы әрбір қазақстандықтың отбасына дейін жететін болсын деген міндет қойдым.
Ол табысты жүзеге асырылды.
Осы тәжірибені пайдалана оты­рып, қазіргі уақытта жұмысты ин­дустрияландыру шынымен де бү­кілхалықтық сипат алып, әрбір қазақстандықтың ісі болатындай етіп құру қажет.
Өз өмірлерін ауылмен байланыс­тар­ғандар үшін Үкімет жергілікті билік органдарымен бірлесіп, селолық кәсіп­керлікті дамыту жөнінен шаралар кешенін әзірлеуге тиіс.
Өткен жылы селолық аумақтарды дамыту бағдарламасы аяқталды.
Енді бұл жұмыстар Елдің 2020 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік да­муының болжамдық схемасы шең­берінде одан әрі жалғасатын болады.
Даму әлеуеті жоғары елді ме­кендерде селолық инфрақұры­лым­дар дамытылып, суа­ратын суларға, мик­ронесиелеу бағдарламалары мен табиғи гранттарға қолжетімділік кеңей­тіліп, кәсіпкерлік дағдыларына үйрету ұйымдастырылады.
Қазірдің өзінде микронесиелік ұйымдар қызметінің құқықтық негізі бар.
Бүгінде рыноктағы олардың саны бір мың екі жүздей және олар халыққа сомасы 16 миллиард теңге болатын 110 мың несиелер берді.
Дегенмен олар негізінен айтар­лықтай жо­ғары мөлшерлемемен тұты­нушылық мақсат­тарға жұмсалуда.
Ахуалды өзгертіп, тұтынуға емес, еңбекпен қамту жағына басымдық беру керек.
Сондықтан Үкіметке қаржы рет­теушілермен бірігіп, шұғыл түрде тиісті заң жобасы мен кешенді шаралар жасауды тапсырамын.
Үстіміздегі жылы қосымша 3 миллиард теңге қарастырылсын.
2012-2015 жылдары бұл қар­жыландыру жыл сайын 10-15 мил­лиард теңгеге көбейтілсін.
Мемлекеттік желі бойынша берілген микронесиелердің барлық 100 пайызы тек өз ісін ұйымдастыруға ғана жұмсалуы тиіс.
Жоғарыда айтылған мал шаруа­шылығын дамыту бағдарла­маларын жүзеге асыру ондаған мың ауыл тұр­ғындарына жұмыс тауып береді.
Сондықтан атқарушы биліктің барлық деңгейлері мен «Нұр Отан» партиясынан үлкен түсіндіру жұ­мыстары талап етіледі.
Үкіметке алдағы жылдан мо­тивациялы ақшалай төлемдерге көшуді тапсырамын.
Басты мәселе – масылдықты еңсеру.
Жұмыссызға жұмыссыз болғаны үшін емес, мамандық алу үшін грант берілетін болады.
Кедейшілік проблемаларын мем­лекеттік жәрдемақы есебінен жұмсар­ту емес, шешу керек.
Мемлекет тек объективті тұр­ғыдан еңбекке қабілетсіздер мен аз қамтамасыз етілгендерге ғана көмек­тесетін болады.

2.5. ТКШ-ны жаңғырту

Азаматтардың өмір сапасының озық көрсеткіші – тұрғын үй жай­лылығының деңгейі.
Соңғы 10 жылда тұрғын үй қоры 30 миллион шаршы метрге ұлғайды.
Бұл бүгінде бір миллионнан ас­там азамат жаңа пәтерлерде тұрады де­генді білдіреді.
Бұл – біздің тұрғын үй сая­са­тымыздың маңызды нәтижесі.
Көптеген жылдар бойы комму­нал­ды сектор қалған-құтқанды бөлу қағидаты бойынша қаржыланды­ры­лып келді. Соның салдарынан 2008 жылға қарай коммуникациялардың 72 пайызы жөндеуді немесе ауыстыруды қажетсінді.
«Жол картасы» аясында біз 2009 және 2010 жылдары ТКШ нысандарын жөндеу бойынша үлкен жұмыс жүргіздік.
Бұл жұмысты жалғастыру қажет.
Сумен, жылумен, электр және газбен қам­тамасыз ету жүйелеріне кең ауқымды жаңғырту жүргізіп, сондай-ақ тұрғын үй қатынасының оңтайлы моделін құруды қамтамасыз ету қажет.
Күрделі жөндеуді қажет ететін ны­сандардың үлесі 32 пайыздан 2015 жыл­ға қарай 22 пайызға төмендеуі тиіс.
Жаңғыртылған жүйелердің ұзын­дығы 2015 жылға қарай ел бо­йынша тұтастай алғанда 31 мыңнан астам шақырымды құрайтын болады.
Мемлекет халықаралық қаржы институттары мен біздің банктерімізді тарта отырып, жеке инвесторларға, кәсіпорындар мен азаматтарға тұрғын үйлер мен коммуналдық нысандарды жөндеу және реконструкциялау үшін қаржыландырудың бірлескен арнайы тетіктерін ұсынады.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыру жыл сайын 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Тұтастай алғанда, оны жүзеге асыруға 1,5 миллион адам – көп­пәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары қатысады.
Үкіметке ортақ мүлікті жөндеу мен қалпына келтіруге қаржы жи­нақтауды ынталандыру мен қосыла қар­жыландырудың тетігін жасауды тапсырамын.
Біз тек осылай еткенде ғана тұрғын үй жағдайын жақсартып, азаматтардың өз мүлкін сақтауға жауапкершілігін жоғарылата аламыз.

2.6. Сапалы ауыз су

Қазақстандықтарды сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелері – халықтың ден­саулығын жақсартудың аса маңызды міндеті, сондықтан бұл біздің басымдығымыз болады.
Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бойынша жұмыс 8 жыл бұрын басталған болатын және оның оң нәтижелері бар.
Орталықтандырылған сумен қамта­масыз етуге қолжетімділік ауылды елді мекендерде 41 пайызға дейін, қа­лаларда 72 пайызға дейін өсті.
Тасымалы суды пайдаланатын адамдар саны 4 есе азайды.
Сонымен бірге, сумен қамтамасыз ету жүйелерін жақсартуды қажет ететін ауылдар да әлі аз емес.
Қалалардағы сумен қамтамасыз ету жүйелерінің 60 пайызының тозығы жеткен.
Орташа алғанда республика бойынша ауыз суға қолжетімділік деңгейі 2020 жылға қарай 98 пайызды құрауы тиіс, ал судың сапасы белгіленген барлық санитарлық нормаларға сай болуы керек.
Үкіметке жеке капиталды су шаруашылығы секторына барынша молынан тарту үшін ынталандырудың тиімді жолдарын қарастыруды тапсырамын.
Жерасты суларының әлеуетін кеңінен пайдаланып, сумен қамтамасыз етудің жаңа нысандарын салу кезінде жүйелі қадамдар жасау керек.
2020 жылға қарай сумен қам­тамасыз етудің орталық желісіне қол­жетімділік қалаларда 100 пайызды құрауы тиіс.
Ал ауылды жерлерде екі есе артып, 80 пайызға дейін жетуі қажет.

2.7. Табыстардың артуы –
өмірдің жаңа сапасы

Құрметті қазақстандықтар!
Үстіміздегі жылы біз зейнетақылар мен стипендиялар көлемін, бюджеттік сала қызметкерлерінің еңбекақыларын 30 пайызға өсіреміз.
Екі жыл қатарынан біз оларды 25 пайызға ұлғайтып келдік.
«Нұр Отан» партиясының Ха­лық­тық тұғырнамасында жоспарлан­ға­нындай, 2012 жылға қарай зей­нет­ақылар­дың, бюджеттік ұйым­дар еңбекақыла­рының және стипен­дия­лардың орта­ша көлемі 2008 жылмен салыстыр­ғанда 2 есе өседі.
Біз бұған уәде бердік, біз мұны орындадық.
Менің тапсырмам бойынша үш жылдық бюджетте сіздерге айт­қан индустриялық-инновация­лық, сондай-ақ әлеуметтік бағдар­лама­ларды
қаржылай қамтамасыз ету қарастырылған.
Енді барлығы Үкімет пен жер­гілікті билік органдарының бұл міндеттерді қалай орын­дайтынына, бұл жұмыстың қалай ұйым­дасты­рылатынына байланысты болмақ.
Бұл – таяудағы онжылдықта жа­салуы тиіс жұмыстың ең аз деген мөлшері.
Біз бұл жоспарларды артығымен орындауға ұмтылуға тиіспіз.
Онжылдықтың басты әлеуметтік мақсаты, міне, осында.
Қымбатты қазақстандықтар!
Менің Жарлығыммен 2011 жыл Тәуелсіздіктің 20 жылдығы деп жарияланды.
Мемлекеттік комиссия құрылып, шараның Жалпыұлттық жоспары бекітілді.
Бұл – жалпыхалықтық іс.
Үкіметке оны жүзеге асыруда инвесторлардың, бизнес-қауым­дас­тықтарының, қазақстан­дық­­тар­дың күшін біріктіруді тапсырамын.
«БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ЖАСАМ­ПАЗ­ДЫҚТЫҢ 20 ЖЫЛЫ» – біздің мерейтойымыздың ұраны осы.
Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан жолының – БОСТАНДЫҚ, БІРЛІК, ТҰРАҚТЫЛЫҚ, ӨРКЕНДЕУ секілді арқаулық құндылықтары қалып­тас­тырылды.
Қымбатты қазақстандықтар!
Құрметті депутаттар!
Мен үшін және бәріміз үшін Пре­зи­денттің өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту бойынша референдум өт­кізу туралы жалпыхалықтық бастама­ға байланысты әжептәуір саяси коллизия қалыптасып отыр.
Мен референдумды қолдап, өз­дерінің қолдарын қойған барлық қазақстандықтарға, сондай-ақ ак­ция бас­тамашыларына шынайы ри­зашылығымды білдіремін.
Халықтың еркін білдіруі тол­қынында қаңтардың ортасына қарай Орталық сайлау комиссиясы 5 мил­лионнан астам адамның қол қойғанын жариялады.
Санаулы күндер ішінде ре­фе­рендум туралы бастама іс жүзінде бү­кілхалықтық қозғалысқа ай­налды.
Осы акция барысында «Нұр Отан» партиясы демократиялық күштер­дің «Қазақстан-2020» қоғамдық коалициясын құрды.
Халықтық бастама қазақ­стан­дық­тардың өшпейтін азаматтық белсенділігін көрсетті.
Ол елдің саяси, интеллектуалдық өмірін белсенділендірді.
Бұл даму мен прогрестің үлкен әлеуеті барлығын айғақтап берді.
Сіздер осы мәселе бойынша бар­­лық жағдаяттарды жақсы білесіздер.
Мен өзімнің Жарлығыммен Пар­ламенттің референдум өткізу туралы ұсынысын қабылда­май тас­тадым. Өйткені 2012 жылғы президенттік сайлауға қатысуға дайындалып жүрген едім.
Парламент, өзінің конституциялық өкі­леттігін пайдаланып, Конститу­ция­ға өзгеріс енгізу туралы Заң қа­былдады.
Мен заңды Конституциялық Кеңеске жол­дадым, ол оның конс­титуциялығын айқындауы тиіс.
Тек осыдан кейін шешім қа­былданатын бо­лады.
Ол Конституция мен біздің заңдарымызға сәйкес келуі және халқымыздың ұзақ мерзімді мүд­десін ескеруі тиіс.
Қалай болғанда да, халықтың еркі – бәрінен жоғары.
Солай дей тұра, мен сыртқы саясатта біз бүкіл әлемдегі инвес­торларға, бизнес-қауым­дас­тық­тар­ға міндеттемелеріміздің тұрақ­ты­лы­­ғын қамтамасыз ететіндігімізді мә­лімдеймін.
Біздің саясатымыз барлық әріптес­теріміздің үміттері мен күткендеріне сәйкесетін болады.
Қазақстан Ресей, Қазақстан және Беларусь Кедендік одағын же­дел де тиімді дамыту ұстанымын­да қалады.
Біз ТМД елдерімен ынтымақ­тасты­ғымызды дамытатын боламыз.
Біз еуропалық әріптестеріміз­ге бірлесіп, көпжақты немесе екіжақ­ты пішінде «Қазақстан – ЕО:2020» энергетикалық хартиясын жасап, қабылдауды ұсынамыз.
Бұл Еуропа рыногына энергия ресурстарын жеткізу, тұрба құбыры жүйесін дамыту тұрақтылығына кепілдікті қамтамасыз етеді.
Біз осы жылы Алматыда Ау­ғанстан бойынша арнайы до­норлық конференция өткізуге бастамашылық танытпақпыз.
Бұдан бұрын мен Каспийдегі тұрақтылық пактісін қабылдау идеясын ұсынғанмын.
Бұл халықаралық құжат Орталық Азия мен Кавказдың барлық кең байтақ өңірінде тұрақтылықтың берік іргетасын қалай алады.
Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалығы шең­берінде бастаған жанжалдар­ды реттеу жөніндегі жұмысын жалғастырады.
Біз жаһандық ядролық қауіп­сіздік саласында көшбасшы болып қалып отырмыз.
Қазақстан БҰҰ-ға Жалпыға ортақ ядро­сыз әлем декларациясын қабылдауды ұсынады.
Сондай-ақ Қырғызстанға кө­мек­тің мемлекетаралық бағдар­ла­ма­сын жасап, қабылдау маңызды деп са­наймын.
Үстіміздегі жылы Қазақстан Ис­лам Конференциясы Ұйымына жетекшілік етеді.
Біз Батыс пен Ислам әлемі үнқатысуын нығайту бойынша бастама көтердік.
ИКҰ-ға төрағалық Қазақстан­ның сыртқы саясатының азиялық векторын күшейтуі тиіс.
Үстіміздегі жылдың шілдесінде Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді.
ШЫҰ біздің белсенді қаты­суымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз.
Мұның барлығы Қазақстанның өңірлік және жаһандық тұрақ­тылықты нығайтуға қосқан маңыз­ды үлесі болады.
Қадірлі қауым!
Қымбатты қазақстандықтар!
Таяуда Елбасы өкілеттігін ұзарту үшін бүкілхалықтық референдум өткізу туралы бастама көтерілгенін баршаңыз білесіздер.
Бастамаға үкіметтік емес ұйымдар мен жекелеген азаматтар, зиялы қауым өкілдері мен Парламент депутаттары қолдау білдіруде.
Мен елдің бұл ыстық ықыласын тәуелсіздікті нығайту, мемлекетті орнықтыру ісіне берген бағасы деп білемін.
Отанды қалтқысыз сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күюді талап етеді.
Менің ғұмырым ел тағдырымен еншілес.
Маған Сират көпіріндей қыл­пыл­даған кезеңде тәуелсіздік алып, мемлекет құру ісі сеніп тап­сырылды.
Сондықтан мен сенімге серт беріп, бар жауапкершілікті мойныма алдым.
Күрмеуі қиын түрлі тағдырлы шешімдерді жүрегімнен өткізіп қабылдадым.
Мен 20 жылдан бері бар күш-жігерім мен білік, тәжірибемді аямай, халқыма қалтқысыз қызмет етіп келемін.
Осы жылдары мәртебемізді кө­теріп, мерейімізді асырған барша же­­тістіктеріміз – біздің ортақ табысымыз.
Сондықтан бастамашы азамат­тар мен тілекші болған барша қа­зақ­стандықтарға ризашылық біл­діремін!
Мен үшін қашанда мемлекет мүддесі мен ел игілігі жолында қызмет атқарудан артық бақыт болған емес.
Алдымызда атқарылар қыруар істер бар.
Бұл жолда біздің ең басты байлығымыз – берекелі бірлігіміз.
Мен ауызбіршіліктен айнымайтын ақжүрек жұртымның қуатты ұлт­қа, шуақты ұлысқа айналарына кәміл сенемін.
Халқымызда «Бақ берерде елге ырыс қонады, ұстанған жолы дұрыс болады» деген даналық сөз бар.
Біз бүгінгі Жолдау арқылы мерейлі белестегі атқарған істерімізді қорытындылап, болашаққа бағдар жасадық.
Баршаңызға ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы абыройлы істерде мол табыс тілеймін!
Мерекелі күндерге жеткізген бе­рекелі тірлігіміз баянды болсын, ағайын!
Назарларыңызға рахмет.

Просмотров: 1052 | Добавил: anonim02 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]