Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 17.05.2024
Главная » 2011 » Шілде » 19 » Төл тарих, Ясауи ілімі, Абай өркениеті – қазақты адастырмас темірқазық
13:39
Төл тарих, Ясауи ілімі, Абай өркениеті – қазақты адастырмас темірқазық

d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2-d182d183d180d0bad0b8d181d182d0b0d0bdd0b4d0b0Өткен аптаның аяғында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапармен барып қайтты. Оңтүстік өңірдің тіршілік тынысымен танысқан Елбасы бірнеше шаруашылық нысандарды аралап көрді. Одан кейін түркі әлемінің рухани орталығы Түркістан шаһарына ат басын тіреп, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде болып, осында жатқан еліміздің ұлы тұлғаларына зиярат етті. Түркістанда жаңадан ашылған мәдени-тарихи этнографиялық орталықта болып, зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Елбасының Оңтүстік Қа­зақстан облысына жұ­мыс сапары үдемелі ин­дустриялдық-инно­ва­ция­­лық даму мемлекеттік бағ­­дарламасы аясында іске қосылып, өнеркәсіп не­гізінде күркетауық өсі­ретін алғашқы жоба болып отырған «Ордабасы құс» ЖШС-ның жаңа құс кешенін аралап көруден басталды. Заманауи кәсіп­орын тұйық өнеркәсіптік цикл ретінде құрылған, құс өсі­румен, құрама жем өндірісімен, ет өңдеумен шұғылданады. Құс кешенін аралау кезінде Мемлекет басшысы облыста шағын несиелік ұйымдардың жо­баларымен танысты. Оң­түстік Қазақстан облы­сында өткен жылы сомасы 34 млрд. теңгеден аса­тын 7 индустриялдық нысан іске қосылған еді. Биылғы жылы тағы облыста 6 инновациялық кәсіпорын құрылмақшы. Облыста құрылған «Ырыс» және «Оңтүстік-Финанс» шағын несиелік ұйымдары тек өткен жылы сомасы 1 млрд. 800 млн. тең­генің 1800-ден астам жобасын қаржыландырған екен. Өт­кен жылы шағын кре­диттік ұйымдар таңдаулы мал шаруашылығын, құс шаруашылығын, ара өсіру шаруашылығы мен өсімдік зерттеу ғылымын дамыту­­ды, наубайхана, жылыжай­лар шаруашылығын, құры­лыс материалдар өндірісін жолға қоюды қаржыландырған. Осындай шаралар арқылы облыстың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші еселене түскен. Елбасы бұл атқарылып жатқан жұмыстарға жоғары баға берді. Мемлекет басшысы микронесиелендіру жүйесін дамыту – ел халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында айтылған жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясының элементтерінің бірі екендігін еске сала кетті. «Биылғы жылы Үкіметке осы мақсатқа қосымша 3 млрд. теңге қарастыру туралы, ал 2012 жылдан 2015 жылдар аралығында қаржыландыруды жыл сайын 10-15 млрд. теңгеге арттыру туралы тапсырма берілді» деді Н.Ә.Назарбаев. «Мемлекеттік желі бо­йынша бөлінген барлық микронесиелер тек өз ісін ұйымдастыруға жұмсалып, халықтың жұмыспен қамтылуы деңгейін арттыра түсуі тиіс» деп атап өтті Президент.
Елбасы Шымкент қаласындағы жаңа перинатальдық орталықта болды. Орталықтың бас дәрігері Ләйлә Үкібаева айтқандай, онда 80 кереуеттік босану бөлімшесі жұмыс жасайды, оның ішінде 12 кереует ересектер реанимациясы және 9 кереует жаңа туған нәрестелер реанимациясына тиесілі. Орталық заманауи диагностикалық және реанимациялық аппаратуралармен жарақтандырылған. Перзентхана жылына 6 мыңға жуық әйелді босандырып, осы амбулаторлық учаскеде тұрып жатқан 72 мыңнан астам әйелге амбулатор­лық емханалық көмек көрсете алады деп жос­парланып отыр. Орталықтың жұмысымен толықтай танысқан Елбасы қазіргі заманғы жабдықтарды мейлінше тиімді пайдалана алуы үшін дәрігерлердің білімі мен біліктілігі сай болуы қажеттігін атап өтті.
Елбасының екінші күнгі жұмыс сапары Түркістан қаласында жалғасын тапты. Нұрсұлтан Назарбаев түркі әлемінің рухани астанасы аталған аймаққа мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы ат басын бұрып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етіп, кесененің жөнделіп жатқан кескін-келбетімен танысты. Өткен жылдың соңында Түркістан қаласында облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа тағы бір нысан – мәдени-тарихи этнографиялық орталық ашылған болатын. Қазақ елінің әр дәуірдегі тарихынан сыр шертетін бұл орталықта сирек кездесетін аса құнды жәдігерлер өте көп. Орталықтың экспонаттар қоры 14 мыңға жуық болса, ал кітап қоры 5 мыңнан асады. Бұл рухани қазынаның барлығы «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында жинастырылып, 8 бөлімнен тұратын ғимаратта топтастырылған. Қысқа мерзім ішінде бой көтеріп, қаланың рухани-әлеуметтік бейнесіне жаңартуға үлес қосқан орталыққа Елбасы өзінің ризашылығын білдірді. Одан кейін «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған істердің барысымен танысу үшін зиялы қауым мен еліміздің мәдениет, өнер саласындағы көр­некті қоғам өкілдерімен кездесіп, ашық-жарқын пікір алмасты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық рухани мұрамызды сақтау, оны өскелең ұрпаққа наси­хаттау «Мәдени мұра» бағдарламасы арқы­лы жүзеге асып жатқанын және оның ұлт­ты сақтайтын қорған екенін, әр халықтың өзіне сай салт-дәстүр, әдет-ғұрпы болатынын айтты.
– Біз дұрыс бағытта келе жатырмыз, тарихты оқып-үйрену, әсіресе, оған жастарды тарту – аса маңызды. Бірақ мен пәренже кигенге қарсымын. Әсіресе, хиджаб пен пәренжені студенттер мен оқып жүрген жастардың киіп жүргеніне қарсымын. Біздің әйелдер ешқашан оны кимеген, жүздерін жасырмаған. Әрине, біз мұсылман дінінің барлық өкілдеріне құрметпен қараймыз, бірақ біздің өз жолымыз бар, өз ұлттық салт-дәстүрлеріміз бар, – деді Президент Н.Назарбаев. Ол атап өткендей, жастардың бойында дінге деген қызығушылықтың артуы – жағымды үрдіс. «Бірақ шынайы дінді жалған діннен айыра білу қажет» деп мәлімдеді Елбасы. Кездесуде алғашқы болып сөз алған «Қазқайтажаңғырту» РМК директоры Қанат Тұяқбаев өз баяндамасында «Әзірет-Сұлтан» қорық-мұражайына жүргізілген жаңғырту жұмыстары және жалпы оңтүстік өңірдегі мавзолейлер мен тарихи орындардың қалпына келтірілуі жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен бірге Дамаскіде жөнделіп жатқан әл-Фараби кесенесі мен Каирдегі Бейбарыс Сұлтан мешітінің жөнделу барысы туралы ақпарат беріп өтті. Ал Халықаралық түркі академиясының президенті, филология ғылымдарының докторы Шәкір Ыбыраев түркология саласына тоқталды: «Жалпы, әлемдегі, дүниежүзіндегі түркология басын біріктіретін орталықтың қажеттілігін жұрт күн санап сезініп еді. Сіз соны уақытысынан бұрын дәл, көш ілгері болжап, Астанадан ашқаныңыз, дүниежүзіндегі түркология қарашаңырағын Астанаға алып келдіңіз» деп Елбасыға алғысын айтты.
Елбасы кездесу барысында қазақ ғы­лымының, мәдениеті мен әдебиетінің, руханиятының, діні мен тілінің сапасын арттыру жолында жұмыс жасауымыз керек екендігін айтты. Осыған орай бірталай істердің атқарылғаны жайында мәдениеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Базарбек Атығаев былай деді: «Қазір руханият саласында үлкен сілкініс жүріп жатыр. Қазақтың жауһар жыр, терме, ән-күйлері жинақталып, бір ізге түсірілуде. Олар «Мәңгілік сарын» деген атпен жарыққа шығып, аудиотаспаларға да түсірілді. Сонымен бірге қазақтың 1000 әні, 1000 күйі антологиялары жарық көрді. Алды жоғалу қаупінде тұрған 2000-ға тарта күйіміз таспаға жазылды. Қазір «Батырлар жыры» сияқты антологиялық шығармаларды жинақтау үстіндеміз». Ал «Қазақ энциклопедиясы» баспасының директоры, филология ғылымдарының докторы Бауыржан Жақып осы ойды одан әрі өрбітіп, Қазақстанның қазір үйренуші елден үйретуші елге айналып келе жатқанын тілге тиек етті. Абайтану институтының директоры, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметов Елбасыға «Қазыналы Оңтүстік» жинағының 20 томдығын тарту етсе, айтыс өнерінің ардагері Әселхан Қалыбекова өз сөзін Елбасыға арнаған жырмен ашып, ақындар айтысының қайта жандануына мемлекет тарапынан жағдай жасалып жатқанына алғысын білдірді. Журналист-жазушы Мархабат Байғұт биылғы Жолдауда мемлекеттік тілге қамқорлық жасау мәселесінің көтерілгеніне ризашылығын айтты. Кездесуде соңғы болып Түркістан қаласы ақсақалдар алқасы­ның төрағасы Жарылғасын Әзіретбергенов сөз алып, жиналғандар атынан Елбасыға алғысын білдірді. Одан әрі елге белгілі айтыс ақыны Бекарыс Шойбеков жырдан шашу шашты. Басқосуды қорытындылаған Елбасы зиялылармен ой бөліскеніне ризашылығын білдірді. «Біз жел қуған қаңбақ сияқты халық емес, тамыры тереңге кеткен халықпыз. Алайда тарихшыларымыз қазақтың тарихын әлі күнге дейін анық жаза алмай келеді. Шынайы патриотизм туған тарихыңды жақсы білуден басталады». Осылай дей келіп, Президент қазақтың адастырмас темірқазығы болатын үш ірі мәселені айтты. Біріншісі – тарихыңды толық білу, екіншісі – жан-жаққа тартқан діни ағымдардан арашалайтын Ясауи ілімі мен философиясын оқып-үйрену, үшіншісі – ұлан-ғайыр Абай өркениеті. «Абайдың еңбектерін көбірек оқып, насихаттау керек» деді Нұрсұлтан Әбішұлы. «Біріңді, қазақ, бірің дос, Көрмесең – істің бәрі бос» деп данышпан Абайдың сөзімен кездесуді аяқтаған Елбасы зиялы қауым өкілдері мен барша қазаққа еліміздің даму көкжиегі бірлік екенін тағы бір мәрте еске салды.

Просмотров: 1293 | Добавил: anonim02 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]