Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Сәрсенбі, 15.05.2024
Главная » Файлы » Білім және ғылым » Экономика, Қаржы, Бухгалтерлік іс, Банктік іс, Салық!

ҚР ҚМ Салық комитеті туралы ереже
09.07.2011, 23:11
Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң
 2004 жылғы 29 қазандағы № 1127
 қаулысымен бекiтілген

 Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің
 Салық комитеті туралы ереже

 1. Жалпы ережелер
 1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті (бұдан әрі – Комитет) өз құзыреті шегінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін, міндетті зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуын қамтамасыз ету саласындағы іске асырушылық және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомсвосы болып табылады.
 Комитеттің басты міндеттері мыналар болып табылады:
 салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толық түсуін, міндетті зейнетақы жарналарының және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдардың толық және уақтылы аударылуын қамтамасыз ету;
 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексінде) белгіленген тәртіпте салық бақылауын жүзеге асыру;
 Қазақстан Республикасының экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
 этил спирті мен алкоголь өнімінің, темекі өнімдерінің, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеуді қамтамасыз ету;
 халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру.
 2. Комитеттің заңды тұлғалар болып табылатын аумақтық органдары бар, оларға мыналар жатады: аймақаралық салық комитеттерi, облыстар, Астана және Алматы қалалары бойынша салық комитеттері, ауданаралық салық комитеттері, аудандар, қала және қаладағы аудандар бойынша салық комитеттері, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы салық комитеттері.
 3. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңнамаларына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдеріне, өзге де нормативтік құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
 4. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауымен мөрі және мөртаңбасы, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық органдарында бюджеттік шоттары және Қазақстан Республикасы Бюджеттік Кодексінде, Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда қарастырылған жағдайларда өзге де шоттары бар. Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
 Комитеттің, егер Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкiлеттiк берiлсе, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқықы бар.
 5. Комитет шығаратын кесiмнің нысаны Комитет басшысының бұйрығы болып табылады.
 6. Комитеттің штат санының лимитін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
 7. Комитеттің заңды мекен-жайы: Астана қаласы, Жеңіс даңғылы, 11.
 8. Комитеттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Салық комитеті» мемлекеттік мекемесі.
 9. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
 10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
 Комитет кәсiпкерлiк субъектiлерiмен Комитеттің функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау мәнiне шарттық қатынастарға түсуге құқысыз.
 Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру жөнiндегi құқық берiлген жағдайда, мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджет кiрiсiне жiберiледi.
 2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
 11. Комитет заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырады:
 1) мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ететін функциялар:
 Қазақстан Республикасы салық төлеушілерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу;
 салық төлеушілерді, салық салу объектілерін және салық салуға байланысты объектілерді есепке алудың бірыңғай жүйесін әзірлеу және жүргізу;
 салық заңнамасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру бойынша орталық және жергiлiктi мемлекеттік органдармен өзара iс-қимыл жасау;
 этил спиртінің, алкоголь өнімінің және темекі өнімдерінің өндірілуі және айналымы саласында есепке алу мен есептілікті ұйымдастыру;
 этил спиртінің, алкоголь өнімінің және темекі өнімдерінің өндірілуі мен айналымына бақылауды жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау;
 Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте салық төлеушілердің қаржы-шаруашылық қызметіне, мұнай өнiмдерiн өндiрушiлердiң, мұнайды жеткiзушiлердiң және мұнай өнiмдерiн базалардан сатуды жүзеге асыратын тұлғалардың қызметiне мониторинг;
 мұнай өнiмдерiнiң жекелеген түрлерiн өндiру және олардың айналымы бойынша бiрыңғай дерекқорды жүргiзу;
 өз құзыретi шегiнде салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердің түсуі мәселелерi бойынша, сондай-ақ акцизделетiн өнiмнің өндiрiсi мен айналымы саласында халықаралық ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау және ынтымақтастық;
 салық берешегін мәжбүрлеп өндіріп алу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру;
 «Салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексiнде (Салық кодексiнде) белгiленген тәртіппен салықтардың, өсiмақы мен айыптар есептелген сомасы бөлiгінде, сондай-ақ салық қызметi органдары лауазымды тұлғаларының әрекетi (әрекетсiздігі) бөлiгiнде салықтық тексерулердiң кесімдерi бойынша хабарламаларға заңды және жеке тұлғалардың шағымдарын қарау;
 салық мiндеттемелерiнің туындау, орындалу және тоқтатылу мәселелерiн жеке және заңды тұлғаларға түсiндiру жөнiндегi жұмысты ұйымдастыру және жүзеге асыру;
 этил спиртi мен алкоголь өнiмін және импорттауды, темекі өнімдерін өндіруді, сондай-ақ Қазақстан Республикасында лотереяларды ұйымдастыру және өткiзумен байланысты қызметтi лицензиялау;
 өзге мемлекеттiк органдардың мұнай өнiмдерiн өндiрудiң және (немесе) олардың айналымының көлемi туралы мәлiметтердi және өзге де қажеттi ақпаратты бiрыңғай дерекқорға берудiң нысандарын, тәртiбi мен мерзiмдерiн айқындау;
 өз құзыреті шегінде этил спиртін, алкоголь өнімін және темекі өнімдерін, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру мен айналымын реттеу;
 салықтық құқық бұзушылықтарға қарсы күрес мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының халықаралық мiндеттемелерiн орындау;
 2) мынадай бақылау-қадағалаушылық функцияларды:
 салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуінің толықтығын көздейтін заңнаманың сақталуын бақылауды;
 нормативтiк құқықтық кесiмдерде белгiленген құзыретi шегiнде салықтық емес төлемдердің түсуiн бақылауды (мемлекеттік кәсiпорындар пайдасының үлесiнен, мемлекеттiк меншiк болып табылатын акциялардың пакеттерiне дивидендтерден, «Байқоңыр» кешенiн пайдаланғаны үшiн жалгерлiк төлемнен, республикалық мемлекеттiк мүлiктi жалға беруден және сатудан, мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруден түсетiн түсiмдерден, капиталмен жасалған операциялардан алынатын түсiмдерден басқа);
 трансферттік бағаларды қолдану кезінде мемлекеттік бақылауды;
 мемлекеттiк бюджетке бөлінетiн мiндеттi төлемдердi есептеудi және (немесе) жинауды жүзеге асыруға уәкiлеттi Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының қызметiн бақылауды;
 қолданылып жүрген заңнамаға сәйкес таңбалауға жататын акцизделетін өнiмдер бойынша акциздiк алым маркiлерінің сақталуын, сатып алынуын және есепке алынуын, сондай-ақ есепке алу-бақылау маркілерінiң жасалуын, сақталуын, сатып алынуын және есепке алынуын бақылауды;
 акцизделетін тауарларды өндіруді жүзеге асыратын ұйымдардағы акциз бекеттерінің жұмысын бақылауды;
 бақылауды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес этил спиртiнiң, алкоголь өнiмiнiң және темекi өнiмдерiнiң өндiрiсi мен айналымы саласында құқық бұзушыларға әсер ету шараларын қабылдауды;
 өз құзыретi шегiнде нормативтiк құқықтық кесiмдердiң сақталуын бақылауды;
 мұнай өнімдерінің айналымына мұнай өнімдерінің өндірісі және айналымы бойынша ілеспе жүкқұжаттар мен декларациялар арқылы бақылауды.
 12. Комитеттің мыналарға:
 Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне мемлекеттік бюджетке төленетін мiндетті төлемдердi есептеудi және (немесе) жинауды қамтамасыз етуге уәкiлетті Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарын айқындау жөнiнде ұсыныстар енгiзуге;
 салық және басқа да міндетті төлемдерді әкімшіліктендіру әдістемесін әзірлеу, сондай-ақ ақпараттық технологиялардың көмегімен функционалды рәсімдерді жүзеге асыруды басқару мен бақылау әдістерін жетілдіруге қатысуға;
 салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдер бойынша мемлекеттiк есептiлiктi жинаудың нысандары мен әдiстерiн жетiлдiру бойынша ұсыныстар енгізуге;
 салық салу саласындағы заңнаманы қолдану тәжірибесін талдау және қорытындылау, сондай-ақ осы саладағы заңнаманы жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;
 ынтымақтастықтың экономикалық аспектiлерi бар халықаралық шарттар мен келiсiмдердің жобалары бойынша ұсыныстар енгізуге;
 Комитеттің негізгі міндеттері мен функцияларын іске асыру үшін қажетті ақпарат пен құжаттарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;
 Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде белгіленген талаптарды сақтай отырып, салық міндеттемелерін орындауға байланысты салық төлеушінің ақша құжаттарын, бухгалтерлік кітаптарын, есептерін, сметаларын, ақшасының бар-жоғын, бағалы қағаздарын, есептемелерін, декларацияларын және өзге де құжаттарын тексеруді жүргізуге;
 салық төлеушіден белгілеген нысандар бойынша салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді есептеу және төлеу (ұстап қалу мен аудару) жөніндегі құжаттарды, оларды толтыру бойынша түсіндірмелерді, сондай-ақ салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді, жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналарын есептеудің (ұстап қалу және аудару) дұрыстығы мен төлеудің уақтылығын растайтын құжаттарды беруін талап етуге;
 салықтық тексеруді жүзеге асыру барысында Қазақстан Республикасының заңнамалық кесімдерінде айқындалған тәртіпте салық төлеушіден салықтық құқық бұзушылықтар жасалғаны туралы куәландыратын құжаттарды алуды жүргiзуге;
 олардың орналасқан жерiне қарамастан, кiрiстер алу үшiн пайдаланылатын кез келген салық салу объектiлерiн және салық салуға байланысты объектiлердi тексеруге, салық төлеушiнiң мүлкiн (тұрғын үй-жайлардан басқа) түгендеудi жүргiзуге;
 өз құзыретi шегiнде бақыланатын объектiлерде дайын этил спиртiн және алкоголь өнiмін шығару көлемiнiң осы салада қолданылатын нормативтерге сәйкестiгiн тексеруге, осы мақсаттарда осы объектiлердiң есепке алуды бақылау аспаптарымен жарақталуын, технологиялық процесс нормалары мен ережелерiнiң сақталуын және этил спиртi мен
 алкоголь өнiмдерiнiң айналымын бағылауға;
 этил спиртi мен алкоголь өнiмін және темекi өнiмдерiн өндiретiн, сақтау мен сатуды, импорттауды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларды лицензиаттарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сәйкестiгi мәнiне тексерудi жүзеге асыруға;
 өз құзыретi шегiнде мемлекеттiк медициналық кәсiпорындардың, сондай-ақ дәрiлiк құралдар мен фармацевтикалық препараттарды өндiрушілердiң этил спиртiн пайдалануын бақылауға;
 темекi өнiмдерiнiң қалдықтары мен айналымы туралы декларацияларды қабылдауға, олардың есебiн жүргiзуге және талдау жасауға;
 Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес темекi өнiмдерiн өндiрудiң паспорттарын қабылдауға және олардың есебiн жүргiзуге;
 акцизделетiн өнiмнің өндiрiсi мен айналымынан акциздер түсiмiнің толықтығы мен уақытылығы бөлiгінде акцизделетiн өнiмдi сақтау мен сатуды, импорттауды жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғаларды тексерудi жүзеге асыруға;
 Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн тiзбе бойынша салық төлеушiден заңнамада белгiленген тәртiппен электрондық құжаттар түрiнде ақпарат алуға;
 тексерілетін салық төлеуші - заңды тұлға немесе жеке кәсіпкерге салық салумен байланысты мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының заң кесімдерімен белгіленген коммерциялық, банктік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтерді жария етудің талаптарын сақтай отырып, банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардан оның банктік есеп шотының бар екендігі және номері, осы шоттардағы ақшалардың артық қалғандары мен қозғалысы туралы мәліметтерді алуға;
 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексі) көзделген жағдайларда салық төлеушінің салық міндеттемелерін жанама тәсілмен анықтауға;
 өз құзыреті шегінде бюджетке төленетін өзге де міндетті төлемдерді есептеудің дұрыстығы, алудың толықтығы және аударудың уақтылығы мәселелері бойынша уәкілетті органдарды тексеруді жүргізуге;
 Комитеттің аумақтық органдарына орындауға міндетті нұсқаулар беруге;
 өз құзыреті шегінде нормативтік құқықтық кесімдер шығаруға;
 Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды төлеу бойынша салық міндеттемелерін орындау мерзімдерін өзгерту жөніндегі мәселелерді қарауға;
 «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінде (Салық кодексінде) белгіленген тәртіпте салық декларациясын беру мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдауға;
 Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiне сәйкес әкiмшiлiк жаза қолдануға;
 сотқа, оның ішінде салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер бойынша берешегі бар тұлғаны банкрот деп тану туралы, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттің жарғылық капиталына қатысуымен салық төлеуші – акционерлік қоғамның жарияланған акцияларын мәжбүрлеп шығару туралы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 49-бабы 2-тармағының 4) тармақшасында көзделген негіздер бойынша заңды тұлғаны тарату туралы талаппен жүгінуге;
 кадрлардың біліктілігін көтеру бойынша іс-шаралар өткізуге құқығы бар.
 3. Комитеттің мүлкі
 13. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
 Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен құралады және негізгі қорлар мен айналым қаражаттарынан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгермесінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
 14. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
 15. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе өзгелей тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ. Комитетке заңнамада белгiленген жағдайларда және шекте мүлiкке билiк ету құқығы берiлуi мүмкiн.
 4. Қызметті ұйымдастыру
 16. Комитет және оның аумақтық органдары салық қызметi органдарының бiрыңғай құрылымын құрайды.
 17. Комитетті Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын Төраға басқарады.
 Комитет Төрағасының ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке (қызметтерге) тағайындайтын және қызметтен (қызметтерден) босататын Комитет Төрағасының орынбасары (орынбасарлары) болады.
 Комитет төрағасы орынбасарларының санын Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
 18. Төраға Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және өз функцияларының жүзеге асырылуына дербес жауап береді.
 19. Төраға осы мақсатта:
 өз орынбасарларының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері басшыларының
 міндеттері мен өкілеттіктерін айқындайды;
 Қазақстан Республикасының Қаржы министрімен келісім бойынша аймақаралық салық комитеттерінің, облыстар, Алматы, Астана қалалары бойынша салық комитеттерінің басшыларын, сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтардың аумағындағы салық комитеттерінің басшыларын қызметке тағайындайды қызметтен босатады;
 Қазақстан Республикасының Қаржы министрімен келісім бойынша Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiткен құрылымы мен штат саны лимитiнiң шегiнде Комитеттің штат кестесін бекітеді;
 Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
 заңнамаға сәйкес Комитет қызметкерлерін қызметтерге тағайындайды және қызметтерден босатады;
 Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көтермелейді, сондай-ақ тәртіптік шаралар қолданады;
 Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
 Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық мемлекеттiк органдар мен өзге де ұйымдарда Комитетті білдіреді.
 5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
 20. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Категория: Экономика, Қаржы, Бухгалтерлік іс, Банктік іс, Салық! | Добавил: anonim02
Просмотров: 2155 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]