Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 10.05.2024
Главная » Файлы » Білім және ғылым » Психология,педагогика

Бастауыш сынып оқушыларының зерттеу-ізденушілік жұмыстарын ұйымдастыру
17.07.2011, 12:42
Қазіргі кезеңдегі білім беру ісінің негізгі нысаны – жас ұрпақтың біліктілігін қалыптастырып қана қоймай, олардың бойында ақпаратты өздері іздеп табатын және талдай алатын, сондай-ақ ұтымды пайдалана білетін, жылдам өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеге лайықты өмір сүріп, қызмет жасауға қабілетті тұлғалық қасиеттерді қалыптастыру болып отыр.

 Елбасының соңғы жолдауындағы алтыншы міндеті де осы заманғы білім беру мен кәсіптік қайта даярлауды, «парасатты экономиканың» негіздерін қалыптастыруды, жаңа технологияларды, идеялар мен көзқарастарды пайдалануды, инновациялық экономиканы дамытуды қарастырады.

 Білім беру реформасы табысының басты өлшемі – тиісті білім мен білік алған еліміздің кез келген азаматы әлемнің кез келген елінде қажетке жарайтын маман болатындай деңгейге көтерілу болып табылады.

 Жалпы ұлттық деңгейдегі 12 жылдық жалпы орта білім берудің басты мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, бәсекеге қабілетті жеке тұлғаны дайындау. Бәсекеге қабілетті жеке тұлға деп өмірдің қай саласында болмасын еркін де нақты, жауапкершілікпен ойлайтын, әр түрлі жағдайларға бейімделе білетін, бойында шығармашылық қасиеттері қалыптасқан тұлғаны айтамыз.

 Ғылымның жедел түрде дамуы, техникалық прогресс, қазіргі заман талабы бастауыш сынып оқушыларының жан- жақты терең ойлау қабілеттіктерін арттырып отыр. Сондықтан бәсекеге қабілетті шығармашыл тұлғаны қалыптастыру үшін зерттеу- ізденушілік жұмыстарды бастауыш сыныптан бастау қажет. 12 жылдық білім берудің басты мақсатының бірі -құзыретті тұлғаны дамыту болса, күтілетін нәтиженің бірі - мәдениетттанымдық құзырет . Ол дегеніміз – жалпы адамзаттық мәдениет жетістіктері негізіндегі іс-әрекет тәжірибесін және қоғамдағы дәстүрлер мен жеке, отбасылық және әлеуметтік өмірдің мәдениет негіздерін, этномәдениеттік құбылыстарды игеруге мүмкіндік беретін ұлттық ерекшеліктерін тани білу. Адам мен қоғамның дамуындағы ғылымның ролін түсіну. Өзінің халқының мәдениеті мен әлемнің мәдени көптүрлілігін түсіну.

 Осы орайда мектебімізде оқушыларды танымдық іс-әрекетке баулу; жүйелі түрде қатыстыру; этнопедагогика негізінде жан- жақты тәрбиелеу мақсатында бастауыш сынып оқушылары арасында этномәдениет секциясы құрылды.

 Секцияны жүргізу көптеген міндеттерді шешуге мүмкіндік береді:

 1)Оқушыны ізденушілікке баулу, оған зерттеу дағдысы мен білігін игерту;

 2)Қоршаған ортаны танып білуге құштарлықтарын арттыру;

 3)Оқушы қоршаған ортамен таныса отырып, өзіндік зерттеу әрекетінің көмегімен жаңа білімді дайын күйінде емес, өзі ашуға ұмтылту;

 4)Оқушының таңдаған бағыты бойынша өзінің даму деңгейіне шығуына жағдай жасау;

 5)Әдебиеттерді талдай білуге, анықтамалармен жұмыс істеуге үйрету;

 6)Білім, білік, дағдыларын жан-жақты қолдана білуге мүмкіндік туғызу;

 Оқушылардың таным белсенділігін, қызығушылығын арттыру мақсатында секция отырысы әр түрлі формада жүргізіледі:

 1. Зерттеу сабақтары

 2. Шығармашылық сабақтар

 3. Практикалық сабақтар

 4. Теориялық- қортындылау жұмысы: ғылыми жобалар қорғау.

 Бастауыш сынып оқушыларының өзіндік ерекшеліктерін зерттей отырып, олардың қызығушылықтары басым, не нәрсені білуге жаны құмар «негештер» екенін аңғару қиын емес. Бірақ оларда тәжірибе жоқтығы , күрделі тақырыптарды меңгере алмайтыны, ақпарат материалдарымен жұмыс істеуге дағдыланбағаны анықталды. Оқушылардың жас ерекшеліктерін ескере отырып, оларға дұрыс бағыт-бағдар беру, жетелеу арқылы секция жұмысы мынадай бағыттар бойынша ұйымдастырылды:

 1. Ұлттық ойындар «Дені саудың- жаны сау»

 2. Ұлттық тағамдар «Ас- адамның арқауы»

 3. Ұлттық киімдер «Ағаш көркі-жапырақ, адам көркі-шүберек»

 4. Тарихи ескерткіштер «Асыл мұра»

 5. Бата түрлері «Баталы ел озар»

 6. Ұлттық ою- өрнектер « Әдемілік әлемінде»

 7. Халық аспаптары « Нағыз қазақ – домбыра»

 8. Ұлттық мерекелер « Наурыз –жыл басы»

 9. Салт- дәстүрлер « Халқын сүйген салтын да сүйеді»

 10. Ырым- тыйымдар « Әдептілік- әдемілік»

 ІІ. ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕЛЕР БАҒЫТЫНДАҒЫ НАУРЫЗҒА БАЙЛАНЫСТЫ ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУ- ІЗДЕНУШІ-

 ЛІК ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ ЛОГИКАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ

 Тақырыбы: « Дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі»

 Тақырыптың өзектілігі:Республикамызда тұратын көп ұлтты халықтардың салт-дәстүрін; мәдениетін таныту .

 Зерттеу мақсаты: дүние жүзі халықтарының Наурыз мерекесін тойлаулары туралы деректерді жинақтау; Наурызға арналған шаралар өткізген кезде басқа халықтардың Наурыз мерекесін өткізулері жөнінде мағлұматтарды қолдану;

 Гипотеза: оқушылар осы деректер арқылы басқа халықтарда да Наурыз мерекесінің құндылығы жоғары болғандығын біледі, танымдық қызығушылықтары,ой-өрістері артады.

 Зерттеу кезеңдері:

 1- Дайындық кезеңі: тақырыпты анықтау, мақсатын, гипотезасын айқындау, зерттеу әдіс-тәсілдерін меңгерту

 2- Теориялық кезеңі: зерттеу тақырыбы бойынша әр түрлі ғылыми әдебиеттерді оқу және талдау, қажетті деректерді жинақтау;

 3- Қорытынды кезеңі: алынған нәтижелерді пайдаланып, қорытынды мен ұсыныстарды дайындау , ғылыми жоба қорғау:

 Зерттеудің әдіс- тәсілдері:

 1.Теориялық материалдарды жинақтау;

 2.Тақырып бойынша материалдарды іріктеу;

 3. Наурыз дәстүрін жақсы білетін әр түрлі ұлт өкілдерінен сұхбат алу:

 4.Ақпарат көздерінен мәлімет алу;


 Зерттеудің жаңалығы мен өзіндік үлесінің дәрежесі:

 Наурызға байланысты мектеп бағдарламасында жоқ тақырыптарды аймақтық компонент ретінде негізгі бағдарламаға енгізу . Наурыз мерекесінің маңыздылығын ашуға өзіндік үлес қосу.

 Жұмыстың нәтижесі мен қортындысы:

 Зерттеу жұмысының алға қойған мақсатының орындалуы, гипотезаның дәлелденуі.


 ІІІ. ОҚУШЫЛАРДЫҢ ЗЕРТТЕУ ЖҰМЫСТАРЫНЫҢ

 МАЗМҰНЫ


 ДҮНИЕ ЖҮЗІ ХАЛЫҚТАРЫНЫҢ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ТОЙЛАУ ДӘСТҮРІ

 ЕЖЕЛГІ ТҮРІКТЕР ҰЛЫС күндері жаңа киімдерін киіп, сақал-мұрттарын түзеп, шаштарын алады.Алты күн садақ тартып машықтанған соң, жетінші күні алтын теңге – жамбы атып жарысады. Егер кімде-кім жамбыны бірінші болып атып түсірсе, сол адамға «бір күн» патша болып, ел билеуге ерік беріледі.НАУРЫЗ жырында:

 Құл құтылар құрықтан,

 Күң құтылар сырықтан,-


 деп жырлағандай, осы күні ертедегі ГРЕКТЕРДІҢ патшасы да алтын тағынан түсіп, қол астындағы өзіне ұнаған құлына бір күн ел басқартқызған.

 ИРАН патшасы НАУРЫЗ күні қол астындағы адамдардың біріне патша шапанын сыйға тартады екен деген де деректер бар. Тіліміздегі күні бүгінге дейін айтылатын «Құлға бір күн азаттық»деген мәтел осы бір көне рәсімге қатысты болса керек.

 Христиан дінін қабылдағанға дейінгі ежелгі РУСЬТЕ Жаңа жылды 1- наурыз күні қарсы алу дәстүрі болған.

 АҒЫЛШЫНДАР 18-ғасырдың бас кезіне дейін Жаңа жылды 26- наурызда тойлап келді.

 ИРАН тілдес халықтар НАУРЫЗДЫ бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күні әр жерге үлкен от жағып, отқа май құяды, жаңа өнген жеті дәнге қарап, келешек егін жайлы болжам жасайды. Жеті ақ кесемен дәстүрлі ұлттық көже - «СУМАЛАК» ұсынады. Соқамен жер жыртады, ат шаптырып, жамбы атысып жарысады. Ескі киімдерін тастап, ұсталған шыны аяқты сындырады. Бір-біріне гүл ұсынып, үйлерінің қабырғасына дөңгелек ою –«күн белгісін» салады, үйдің тіреу ағашына гүл іледі.

 Мұсылман дініне дейін Күнге табынған ИРАН елдері НАУРЫЗ КҮНІ сөзінің бас әрпі «шин» -мен басталатын жеті түрлі затты дастарқанға қоятын: шарап, шир (сүт ), шырын, шекер, шербет, шам, шона (тарақ). Ежелгі ирандықтардың түсінігі бойынша, шарап - өрлеу,сүт - пәктік, тәттілер - шаттық, шекер -ризалық, шербет - демалыс пен қонақжайлылық, шам - отқа табыну, тарақ - әйел сұлулығы.

 АРАБТАР мейрам салтын өзгерту үшін, бас әрпі «ай» сөзінің басқы әрпі-«син»-нен басталатын мүлде бөлек - өзге жеті затпен алмастырады:сарымсақ, бидай, жиде, сірке суы, рут шөбі, егеу.

 АУҒАНДАР да Жаңа жылды мейілінше шаттық – құрметпен қарсы алады. Ауған елінде «алғашқы түрен» - «кульбакаши»деп аталатын ғұрып бар. Ол бойынша шаруалар егіс алқабына барып, алғашқы түрен түсіреді, ал соқаның соңынан сый- құрметі мол шаруалар еріп жүреді. Жеті күн бойына жеті түрлі жемістерден аса дәмді сусындар жасалады, міндетті түрде жаңадан киім-кешектер тігіледі, осыған орай бүкіл елде жаңа жыл «жаңа киім күні» деп аталады.

 ҮНДІСТАННЫҢ түрлі штаттарында жаңа жыл бір жылда он рет тойлап өткізіледі. Оңтүстік Үндістанда бұл той түрі наурыз айында басталады, үйлер өрілген гүлдермен айшықталады.

 НАУРЫЗ мейрамын бирмалықтар «Су мейрамы», тәжіктер «Гүл гардон», «Бәйшешек», «Гүлнаурыз», хорезмдіктер «Наусарджи», татарлар «Нардуган», буряттар «Сагаан сараң», соғдалықтар «Наусарыз», армяндар «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе» деп түрліше атаған.

 Шығыс халықтарының Наурызды қалай тойлайтындығы жайындағы көне деректер бізге Әбу Райхан Бируни, Ибн Балхи , Омар Хайям , Махмұт Қашқаридің еңбектері арқылы жетіп отыр.


 ҚЫЗЫР (ҚЫДЫР) АТА

 Мұсылмандық аңыз- әпсаналар мен халық наным- сенімдерде Қызыр образы кең таралып, ол мәңгі өлмейтін бейне ретінде саналады. «Қызыр» сөзі – жасыл, көк өңін білдіреді. Бұл өсімдіктер әлемімен байланысты болғандықтан оның көктемгі Наурыз мерекесімен орайластыруы тегін емес екенін байқауға болады.

 Халқымыздың мифологиялық түсінігі бойынша , 21- наурыз түні даланы Қызыр аралайды екен. Сол себепті осы түні – «Қызыр түні» деп аталады. Қызыр адамдарға дәулет дарытып, бақ қондыратын, ақсақал кейпінде көзге көрінетін қиял – ғажайып персонаж Қыдыр ата бүкіл халықтың қамқоры, оларға жақсылық жасаушы, ырыс, құт, несібе әкелуші, бақыт, береке, өмір сыйлаушы қасиет иесі, кемеңгер, әулие, көріпкел, жарылқаушы, қарт. Ол ұлыстың ұлы күнінде әр елге келіп, әр шаңыраққа соғып бата береді. Міне, сондықтан әр үй Қыдыр атасының жолын күтіп өздерінің жанын да, тәнін де, киер киім, ыдысы мен бұйымдарын да таза ұстауға тырысады. Үйдің іші – сыртын, қора қопсыны тазартып, ағаш егіп, өсімдікке су құяды. Мұсылман қауымы мұндай үйге Қыдыр ата түнеп, немесе бата беріп кетеді деп түсінген. «Қыдыр қонған», «Қыдыр дарыған» деген сөздер осындайдан шыққан. Жақсылықтың жаршысы, жаңа түскен Күн нұрының символы- Қызыр ата даланы кезіп жүріп, назары жерге түссе, оның тоң кеудесін жібітеді, ал тасқа түссе, тасты ерітіп жібереді екен. Күн сәулесі жер шарының шығыс бөлігінен таңғы сағат 6- да себелеп атқан кезде, біздің өңірімізде бұл сәт түнгі сағат 3- ке тұспа-тұс келеді.Сондықтан да қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күнгі таңғы 3-те қарсы алады, дәл осы сәтте даланы Қызыр баба аралап, Самарқанның көк тасын жібітсе керек. Бұл да наурызға байланысты айтылған сөз. Оның бірнеше мәні бар. Бірінші, аңызға әйгілі астроном Ұлықбек (1394-1449 )обсерваториясындағы көк тасқа дәл 22 наурыз күні күн сәулесі түсетін болған. Сол сәуледен түскен жылу тасты жібітеді-міс. Екінші, бұл күні әр адам қателігі болса кешірім сұрауға және ол кешірім беруге тиіс, Кешірмесе «бұл күні Самарқанның да көк тасы жібиді, сен тастан қаттысың ба?» деп тоқтатады екен.Сол сияқты бұл күннің әлемге жылулық әкелетін сәтін де бейнелеп айтқан.

 Сондықтан осы күнді асыға күткен үлкендер:

 Самалық, самалық,

 Көк құс көзін ашты ма?

 Аяғын жерге басты ма?

 Самалық, самалық,

 Самарқанның көк тасы

 Жібіді ме, көрдің бе?

 Самалық, самалық,

 Қап тауының көк құсы

 Жүгірді ме, көрдің бе?


 деп, қойнында көжегі, қолында нәуірзегі(бәйшешек) бар балаларына сұрау қойған.

 Шығыс елінің ұғымы бойынша күн мен түннің теңелер тұсында яғни,22 наурыз күні жер-көкті жарып ерекше бір гуіл (дыбыс) өтетін көрінеді. Оны жан-жануарлар ішінде жұмақтан шыққан қой ғана сезеді дейді халық. Сол күні барлық жаратылыс , оның ішінде адам бойында да ерекше сезім, қасиет болады. Мұндай қасиетті күндерде тырнақ, шаш алдыруға болмайды. Әркім өзін жаман әдеттен аулақ ұстағаны жөн.


 ҚЫЗЫР ТҮНІ


 Қызыр түні Жаңа жыл табалдырықты аттап, үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру- сырқаудан, пәле- жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз-мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады. «Береке басынан басталады» демекші, «Жыл бойына ақ мол , дән тасқын-тасқын, жауын-шашын көп болсын»деп, Қызыр түні қойманы тағамға( бидай, тары, арпа, сұлы, жүгері т.б.), ыдыс атаулыны аққа(сүт, айран, шұбат, шалап, уыз т.б.)және кәусар бұлақ суына толтырады.

 Аузы дуалы қариялар мен ел басқарған көсемдер Наурыз мейрамы үстінде ұрпақтары ұмытпай айта жүретін аталы ұлағатты бір сөз артына қалдырылатын дәстүр болған екен. Бір күн ойланып, ойлы сөз таппаған адамды көп алдында айыптап, тіптен ағынды өзенге лақтыратын да болған. Осындай сынға ұшырап қанша ойланса да жүйелі сөз айта алмаған бір батыр суға лақтырылар тұста аузынан «Көп қорқытады, терең батырады»деген сөз шығып, жазадан аман қалыпты деген ел аузында әңгіме бар.

 Қараңғы түсе екі жерге үлкен-үлкен от жағылады. Жас ерекшеліктеріне қарай топ-топ болып, осы екі оттың ортасынан өтіп бара жатып, қолдарындағы басына майлы шүберек ораған таяқтарын тұтатады. «Алас, алас, пәледен қалас!» деп өлең айтып жүріп, айнала төңіректі отпен тазалап шығады, жастар жағы жанған оттан секіреді.Оттың киелі қасиетіне сенуден пайда болған бұл тазарту(арылу) рәсімі- «аластау» деп аталады.

 Алтыбақан басында жастар түнімен түрлі халықтық ойындар ойнайды, айтысады.Бұл кеште айтылмаған ән, тартылмаған күй, танылмаған шешен қалмайды.

 Таң ата көпшілік биіктеу төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

 Қазақтардың астрономиялық түсінігі бойынша, Жаңа жылда Күннің көзі көрінген уақыттан кейінгі екі сағат уақыт «күн сәті» деп саналады. Егер кімде –кім Ұлыс күннің күн сәтінде күн шұғыласын маңдайымен тосып қарсы алса, оған Наурыздың құты дариды деген дәстүрлі ұғымға сай, Жаңа күнді қарсы алу салты қалыптасқан.Күлімдеп көрінген Күнге иіліп сәлем беріп, «құт дарысын» деп, айнала төңірекке ақ бүркіп тарасады.

 Жаңа жылдың бірінші күнінде күннің қалай атқаны , оның түр- түсі есепшілердің үнемі назарында болады. Жұлдызшылардың тәжірибесіне сүйенсек, күн бұл таңда төрт түрлі болып атуы мүмкін екен:

 1)Күн егер жанған оттай қызарып , қан қызыл болып шықса,ол жылы өлім-жітім, өрт көп болады, соғыс, қантөгістер болуы мүмкін;

 2)Егер күн түсі сары қызыл тартып, ыстық леп бірден бет ұрып, шақырайып шықса, ол жылы құрғақшылық боладыТаулы аймақтарда жиі-жиі тасқын болып, шалғынды далада өрт шығады;

 3)Күннің түсі күңгірт тартып, қораланып, солғын көрінсе, ол жылы жауын- шашын ерекше көп болады;

 4) Күн сәулесі жан-жаққа шашырап, шапағын төге рауандап атса,ол жылы жанға жайлы молшылық болады.


 Ұлыс күні неге міндетті түрде қазан пайдаланады?


 Түске таман ауыл адамдары нарқазан көтеріп от жағады. Қазан басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мәдениетінде алатын орны жоғары. Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да (қымыздан басқасы) осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана қазан демей оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. «Қара» сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді.

 Қазан шойыннан құйылады, ұстағанға қолайлы 4 құлағы бар. Ең үлкен қазан он екі қарыс қара қазан немесе тай қазан дейді.

 Қазанды 3 бұтты ошаққа немесе жерошаққа асады. Тұрғылықты жерде қазандыққа орнатылады. Көшпелі елде қазан қирамас үшін қалың кенеп, киізден арнаулы қазанғап жасайды.

 Қазан – тоқшылық пен берекенің, ырыс – несібенің айғағы, қасиетті киелі ыдыс.

 Қазанын сындыру – отбасын ойрандау, қазанын төңкеру – аштықтың, масқаралаудың белгісі. «Жеті жарғыда» өлім жазасына бұйырылған адам 7 айып төлеп құтыла алады. Оның біріншісі – қара қазан төлеу.

 Абылай хан Көкшетаудан көшкенде арғын Бекболат бидің қуып келетінін біліп, өз қара қазанын жұртына тастап кетуінде үлкен философиялық ой, толғам бар еді. Оны зерделі би Бекболат дәл шешіп атының басын тартқан.

 Ежелгі қуатты сақ елінің бірлігі бұзылып, ішін ала ауыздық жайлаған кезінде, ел көсемдері халықөтың басын біріктіру үшін үлкен қазан құюға бұйырады. Сақ сарбаздары жебелерінің мыс масағын жинатып, содан нарқазан құяды. Сол қазанға пісіріліп таратылған тағамнан дәм татқан сақтар өзара өкпе – наздарын ұмытып, қазан асып от басында қайтадан татуласып, осылайша ел бірлігі сақталып қалған екен.

 Көне, ертегі жырларда алтын қазан іздеу салты кездеседі.

 Сөз тыңда, құлақ салып, балам, маған,

 Астында дарияның алтын қазан.

 Әкелсең сол қазанды ерлік қылып

 Беремін Күнсұлуды қосып саған.

 «Құламерген»

 Бұл жөнінде академик Ә. Марғұлан: « «Құламерген» жырында теңіз астынан қазан іздеу тайпалар одағының бірлігін сипаттайды. Қазан мықты болса, ел де мықты. Қазан шаңырақ сияқты бүтіндіктің белгісі. Ол құрыса, ел де құриды» деп жазады. Осы бір аңыз - әңгімелердегі айтылған ойдың тобықтай түйіні тіліміздегі «қара қазан, сар баланың қамы үшін» деген сөзде сақталған.

 Тарихқа көз жүгіртсек, жылына 1 рет ас пісіріп, қалың бұқараға дәм таттыру дәстүрі қазақ хандарының тұсында «шүлен тарату» деп атаған. «Шүлен» сөзі – мырзалықтың, берегендіктің баламасы, қазақта қолы ашық, кең, мол адамды өзі бір шүлен адам деген екен.

 Ақсүйек қолбасшысы Темір заманында мешіт күмбезінің астына мыс қазанға ет пісіріп, «шүлен» таратылатындығы жазылған.

 Ұлыс күні неге өгіз сойылады?


 Жас жігіттер ошақ қасына өкіртіп әкеліп өгіз сояды да, оның бауыздау қанымен ойнап жүрген жас балалардың маңдайына дөңгелек аса салады. Оның себебі күнді құрметтеуден туған.

 Үркер күздің басында шығыстан, қыстың басында төбеден, көктемнің басында аспан етегінен көрініп, жазға қарай мүлдем батып кетеді. Бұл кезеңде Үркердің көкжиектен көрінбеу кету себебі – күн жолы наурыз айында дәл соның үстінен өтеді. Осы кезде Үркердің қос жұлдызы бұқаның мүйізі секілді батқан күн жолының 2 жағынан қылтиып көрінеді. Аспан көгіндегі дәл осы көріністі Қазақстан жартастарында шимайланған петроглифтерден – мүйізімен Күн көтеріп тұрған алып Көк өгіздердің суреттерден көруге болады. Ежелгі түркілер күннің жолы мен жерге келген жаңа жылдың белгісі деп наурызда өгізді құрбандыққа шалу осыған байланысты.


 НАУРЫЗДАҒЫ САЛТ – ДӘСТҮРЛЕР.


 Наурызнама – шат - шадыманды ойын-сауық , той. «Ол

 күнде Наурыз деген бір жазғытұрым мейрамы болып, наурызнама қыламыз деп той - тамаша қылады екен» (Абай). Кей жерлерде наурыз тойы деп те аталады. Бұл күні үлкен болсын,кіші болсын осы мейрамға келіп,көңілді ойын-сауықтар жасалады. Мұнда шарап ішу, ренжісу сияқты жағымсыз әдеттерге қатты тыйым салынған.Тойға ат жарыс,палуан күрес,басқа да спорт бәсекесі,айтыс,түрлі ойындар мен көңілді жұмбақтар, ән, өлеңдер, наурыз жырлары айтылады. Әркім үлкендерден бата тілейді. Наурызнама бұрын 3-9 күнге созылатын , халықтық ұлттық дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары кеңінен қолданылатын ерекше үлкен жиын той. «Қазақтың» қазақ болғанда өзіне арналған, сыбағасына тиген жалғыз мейрамы Наурызнама. Ол күні қожаларға оқытатұғын Наурызға арналған кітап болады. Наурыз жайын ұқтыратын кітаптың атын «Салдама» дейді (Мәшһүр Жүсіп).

 Наурызнамада қыз-жігіттер жиналып, бас қосып ұйқыашар әзірлейді. Ол ет, уыз сияқты дәмді тағамдардан жасалады. Қыздар өздерін ұнатқан жігіттеріне «Ұйқыашардан» дәм таттыратын болған. Мұның мәнісі оларды «ұлыстың ұлы күні» ұйықтап қалмасын деген ескі ұғымнан туған.Оның үстіне «ұйқыашар» болашақ күйеулерге күш қуат, махабат, нәзік сезім әкеледі-міс деген.

 Жігіттер қыз-келіншектерге сақина, сырға, айна, тарақ сияқты сыйлықтар береді.Оны селт еткізер деп атайды. Бұл дәстүрлі сыйлықтағы айна - пәктік пен жастықтың, тарақ - әдемілік пен сұлулықтың, иіссу - бүршігін жаңа жарған жауқазындай құлпырудың, жайнай түсудің белгісі.

 Бүл күні қарттар да естен шықпайды. Оларға арнап жылы-жұмсақ тағамдардан бел көтерер деп аталатын дәм дайындалып, таратылады.

 Наурыз-тілек. Достық көңіл мен тілектестіктің, адам- гершіліктің белгісі, әрі тойдың жарасты салтының бірі ретінде айтылған.

 Наурыз төл. Наурыз айында мал төлдей бастайды. Олар наурыз төлі деп аталып, төл басы ретінде бағаланып, малжанды қазақ баласы оны ерекше күтіп бағады. Төл басы сатылмайды, ешкімге сыйға берілмейді.

 Наурызкөк-наурыз айында ұшып келетін көктем құсы. Қарасы шағын ғана, осы құсты шығыс елі күтіп жүреді.Оны алғаш көргендер«Наурыз келдің бе?» деп шақырып, жем шашады. Наурызкөкті ешкім қумайды, үркітпейді.

 Наурызшешек. Наурыз айында өсетін жапырақты, түрлі-түрлі гүлді, қауашақты әсем өсімдікті (шөп). Оны үйде де өсіреді ...Майының дәрілік қасиеті бар. Қазақстанның таулы аймақтарында оның бірнеше түрі өседі. Наурызшешек «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін бағалы өсімдік қатарына жатады.

 Наурызша. Наурыз айында жұп-жұқа, қиықша қырбық қар түседі. Оны халық «наурызша» деп атайды.

 Наурыз есімі. Наурыз күнінде немесе айында туғандарды халық бақытты санаған. Сондай себеппен оларға Наурыз есімін беретін болған. Мысалы:қазақ халқында Наурызбай Құтпанбайұлы (1706-1781), Наурызбай Қасымұлы (1822-1847) атты әйгілі батырлар болған. Алтын Ордада Наурыз есімді хан (1359-1360) болғаны тарихтан белгілі. Наурызгүл, Наурызбек, Наурызәлі деген адам аттары да жиі кездеседі.

 ІV. « НАУРЫЗ КӨЖЕНІҢ АДАМ АҒЗАСЫНА ПАЙДАСЫ» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ҒЫЛЫМИ ЖОБА ҚОРҒАУ КОНФЕРЕНЦИЯСЫНЫҢ ТАЛДАМАСЫ

 Мақсаты:

 Наурыз көженің адам денсаулығындағы маңызын ғылыми тұрғыдан зерттеу арқылы көрсету.


 1.Ұйымдастыру Кіршіксіз көгілдір көгіміз

 кезеңі Гүлдері құлпырған жеріміз.

 Армысың,Наурыз, аңсаған

 Қуанып қарсы алдық сені біз .


 Наурыз тойы құтты болсын,

 Дендерің сау, мықты болсын!

 Аман-есен болайық

 Баршаңызға тілегім , осы халайық!


 1- оқушы: Айтқаныңыз келсін ,

 Пәле-жала жерге енсін!


 2- оқушы: Ұлыс оң болсын ,

 Ақ мол болсын!


 3- оқушы: Еліміздің несібесі көп болсын ,

 Даламызға бұл жаңа жыл құт болсын!


 « Зерде « ғылыми қоғамының этномәдениет секциясының отырысы . Конференцияның әділқазылар алқасымен таныстыру. Соңынан тапсырма беріледі ,тірек сөздер таратылған Іске сәт!

 2.Кіріспе сөз - Наурыз мерекесінің танымдық мәні мол, жұмбақ сырлы өзіндік рәсімдері мен шартты талаптары баршылық .Соның бірі –Ұлыстың Ұлы күні Наурызнамада дайындалатын - Наурыз көже «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар» деп,көже мейілінше мол жасалады . «Жақсы тамақ қалғанша , жаман қарын жарылсын» деп ,тоя ішу ғұрпы сақталған.Сондықтан болар наурыз көжені «көп көже», «тоқ көже» деп те атайды. Тіпті алаңсыз тойғанынша ішсін деген ниеттен болар, қаласа әркімнің өзі құйып алу еркі де болған . Мұның бәрі наурыз мерекесінің теңдік күні, еріктілік, имандылық мерекесі деген түсініктен туса керек.

 Халқымызда ежелден 7 санын қасиетті дейтіні белгілі. Тіпті санағанның өзінде біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу, алтау, жетеу деп айтамыз. Ешқашан сегізеу, тоғызеу демеген. Ұлттық таным бойынша 7 қазына, 7 ата, 7күн, 7қат көк, 7 музыкалық дыбыс т.б. ұғымдарды білеміз:

 Осылардың қатарынан орын алатын 7 түрлі дәмнен жасалатын Наурыз көженің ерекшелігі қандай? Әр жаңа жылда дайындалатын осынау дәмнің құдіреті неде?


 3. Негізгі бөлімі

 1-баяндама Тақырыбы . «Судың маңызы»

 Мақсаты: Судың өзіндік ерекшелігін ашу.


 Су-тамақ рационының маңызды құрамдас бөлігі. Сусыз тіршілік жоқ. Адам шөлдегеннен гөрі аштыққа шыдамды келеді. Зат алмасудың барлық процестері судың қатысуымен атқарылады. Тамақты сіңіру, қанға нәрлі заттардың жетуі сұйық ортада өтеді. Зат алмасудың зиянды өнімі организмнен су арқылы шығарылады. Организмде судың жеткіліксіз болуы шөлдеуге әкеліп соқтырады да, судың артық болуы жүрек-қан тамыр жүйесінің жұмысын қиындатады, ағыл- тегіл терлетеді,қалжыратады.

 Су-ғажайып зат. Су бір мезгілде 3 түрлі күйінде кездеседі Мұз-судың қатты күйі,оның сұйыққа айналуымен булануы қатар жүреді.

 Су-тіршілік көзі. Тірлігі оттегінсіз өтетін ішекте тіршілік ететін бактериялар бар,бірақ сусыз өмір сүретін ағза кездеспейді.Тіршілік құбылыстарының бәрі судың қатысуымен жүреді. Сондықтан ағзалар денесінің 50-90 пайызы судан тұрады. Салмағы 70 кг адамның денесінде 50 кг су бар. Оның мөлшері 17кг-ға кемісе, адам өледі. Адам су ішпей 1 апта ғана шыдайды.

 Су- табиғатта ең көп таралған зат. Жер бетінің 2/3 бөлігін су қабаты алып жатыр. Судың тағы бір кереметі оның су қабаты, ауа қабаты, құрлық қабаты арасында тынымсыз айналыста жүретіндігі.

 Судың тағы бір қасиеті –жақсы еріткіш. Ас тұзын суға салсақ, оның қатты түйіршіктері еріп, мөлдір ерітіндіге айналады. Жерге сіңген су тау жыныстарындағы әр түрлі минерал заттарын ерітеді. Бұдан судың физикалық қасиеті өзгереді. Дәм және иіс пайда болады,жылынады. Жаңа қасиеттерге ие болған жер астынан шығатын суларды минералдық сулар деп атайды. Судағы еріген заттарының мөлшері оның кездесетін жерлеріне байланысты. Ішуге жарамды судың 1л. 2-20 гр еріген тұздары болады. Ол адам ағзасына пайдалы әр түрлі сырқаттардан айығуға жәрдемдеседі. Ондай суларды шипалы сулар дейміз.


 Су табиғаттағы барлық тіршілік атаулының құрамына кіреді. Көптеген өсімдіктің 80-95 пайызы судан тұрады.Адам ағзасының құрамында қанның, ас қорытатын сөлдің, сілекейдің құрамына кіреді.
Категория: Психология,педагогика | Добавил: anonim02
Просмотров: 9767 | Загрузок: 0 | Комментарии: 7 | Рейтинг: 2.2/4
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]