Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Дүйсенбі, 23.06.2025
Главная » Файлы » Білім және ғылым » Филология

Қазақ тілім, өркенде
18.07.2011, 01:34
СӨЗ ҚҰДІРЕТІ

 Елкей ханның әмірі жүріп тұрған заманда Оңғар деген әрі ақын, әрі жыршы кісі өмір сүріпті. Менмен хан бір жиында Оңғарды атымды тұсап кел деп жұмсайды. Оңғар "бармаймын” деуге қатыгез ханнан қорқады. Атты тұсап болып, жоғары қарағанында қарақұстың ұясына көзі түседі. Ұядағы бір балапанды қойнына тығып ала қайтады.
 Қайтып келіп:
 Ханеке, атыңызды тұсап келдім,
 Бүгін бір мал баққанға ұқсап келдім.
 Жарлыда жарылқайтын ештеңе жоқ,
 Мінеки, балаңызға құс ап келдім, -
 деп қойнындағы балапанды ханға ұсыныпты. Сөзден жеңілген хан ақыннан ат-шапан айып беріп құтылыпты.

 СӨЗ АНАСЫ НЕ?
 Сырым Үргеніштің ханына барып жүз көріс қылған. Хан Сырымның атағына сырттай қанық: "Қазақтың өзі шешен, өзі батыр кісісі”, - деп естиді екен. Хан Үргеніш шешені мен Сырымды айтыстырыпты:
 Үргеніш шешені:
 - Сөз анасы не?
 Су анасы не?
 Жол анасы не? – деп сұрайды.
 Сырым батыр:
 - Сөз анасы – құлақ,
 Су анасы – бұлақ,
 Жол анасы – тұяқ! – деп жауап береді.

 ҚОНАҚ НЕШЕ ТҮРЛІ БОЛАДЫ?
 Есентемір Бөленді Асау шешен қонаққа шақырып отырып:
 - Е, Бөлен! Сізден бір-екі ауыз сөз сұрайын, рұқсат па? – депті.
 - Е-е, шырағым, сұра! – депті Бөлен.
 - Құдайдың бергені, үйден қонақ кетпейді. Бірі кетсе, бірі келеді. Біреулері бір келмейді, бірнеше келеді. Осыларды келініңіз көріп: "Мынау тағы келе жатыр ма?” – дейді. Бұл неткені? – депті Асау.
 - Ол келіннің ырысы кеткені, - дейді Бөлен.
 - Ауылдың жас балалары кәрі қонақты жақтырмайды, соны күтуден ерінеді. "Осы шалдарға не жоқ, қыдырды, жеді, бірсыпыра қызықты көрді, енді үйлерінде жатса қайтеді?” - дейді. Бұл неткені?
 - Ол балалардан ерік кеткені.
 - Бөлен! "Қонақ-қоңсы” дейді қазақ. Қонақ деген кім, қоңсы деген кім?
 - Қонақ деген мына мен, жылына бір рет шақырумен келемін. Қоңсы деген мыналар, - деп айналадағы кісілерді көрсетеді. Пәленнің үйіне келіпті, барып амандасайық деп келеді.
 - Ал, Бөлен! Қонақ неше түрлі болады?
 - Қонақ төрт түрлі болады:
 Арнайы қонақ,
 Құдайы қонақ,
 Қыдырма қонақ,
 Қылғыма қонақ.
 Енді Бөлен Асаудан:
 - Жігіттің неше жұрты бар? – деп сұрайды.
 - Жігіттің үш жұрты бар деп ойлаймын, - дейді Асау.
 Қайын жұрты – міншіл,
 Өз жұрты – күншіл,
 Нағашы жұрты – сыншыл.

 Сонда Бөлен:
 - Жігіттің төрт жұрты болатын еді, біреуін тастап кеттіңіз. Ол – елінің азаматы. Бәрінен де артық сол еді-ау! – депті.

 БАЛДАН ТӘТТІ НЕ БАР?
 Бауадат дейтін жігіттің сұрақтарына Назым деген қыздың берген жауаптары:
 - Балдан тәтті не бар, қылыштан өткір не бар?
 - Балдан тәтті бала бар, қылыштан өткір тіл бар. Удан ащы - әдепсіз адамның аузынан шыққан сөз бар.

 АТА ТҰРЫП ҰЛ СӨЙЛЕСЕ ЕРЖЕТКЕНІ БОЛАР
 Сырым жиырма алты жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
 - Балалар, аман ба? – депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
 - Жүр, кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой! – дейді.
 Малайсары жалт қарап:
 - Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
 Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
 Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? – дейді.
 - Ата тұрып ұл сөйлесе, ер жеткені болар,
 Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар, - дейді Сырым.
 - Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, - деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.

 АЛЫСТА НЕ АЛЫС?
 Байдалы қартайып үйден шықпай, күндіз-түні төсекте жататын болды дегенді естіп Мұса мырза іздеп келіпті. Байдалы шешен қараша үйінде бөстекке оранып жатыр екен. Мұсаның қолын алып, жөнін сұрап амандасыпты да, кәріліктің жайын айта беріпті.
 - Ой, кәрілік-ай, сөздің өзі бала, тербетсе оянады, тербетпесе оянбайды, заманым өтті ғой! – дей беріпті.
 Мұса қонып, қонақасын жеп, таңертең жүрмек болады.
 - Е, шырағым, еліңе не айтып барасың? – депті Байдалы.
 - Мен не айтайын, ел ағасы болған Байдалы еді, енді кәрілікпен алысып жатыр екен деймін-дағы, - депті Мұса.
 - Шырағым, оның рас. Үш ауыз сөз сұрайын, соны шешіп беріп кетші! – дейді қарт. Мұса "айтыңыз” деп тыңдайды. Байдалы қарт сонда:
 - Алыста не алыс?
 Жақында не жақын?
 Тәтті де не тәтті? – дейді.
 Мұса ойланып:
 - Жер мен көктің арасы алыс,
 Кісіге туыс жақын,
 Бала тәтті, - депті.
 Сонда Байдалы қарт басын көтеріп:
 - Балам, ақылың әлі алқымыңнан асқан жоқ екен. Білімді мен білімсіздің арасынан алыс жоқ, жаннан тәтті жоқ. Бала қанша жақсы болса да, шығарда адамның өз жанынан тәтті жоқ. Жақында ажал жақын, - депті.

 ЖИРЕНШЕ ШЕШЕН
 Бір күні хан нөкерлерін ертіп, серуенге аттаныпты. Еріккен ханға ермек керек, қасына Жиреншені шақырып алып, сампылдап әңгімені соғып келеді. Күн желдеу болса керек. Бір адырдан аса бергенде, ханның алдынан жел қуған бір түп қаңбақ домалап, ұшып бара жатады.
 - Уа, Жиренше, анау қаңбақ қайдан келеді, қайда барады екен? Сұрап келші! - дейді хан.
 Жиренше шауып ала жөнеледі: жетіп барып, қаңбақты қамшымен ұрып тоқтатып, біраз бөгеледі де, аздан кейін қоя беріп, ханға қайтып келеді. Жел қуған қаңбақ бөгелсін бе, домалай жөнеледі.
 - Ау, Жиренше, сөйлестің бе, не айтты қаңбақ? Қайдан келеді екен, қайда барады екен дөңгеленіп? – дейді хан.
 - Сөйлестім, тақсыр! Сөгіп салды өзімді! – деп жауап береді Жиренше.
 - Ал, айт, қаңбақтың не дегенін?
 - Тақсыр, соны сұрап не қыласыз. "Желдің өтінен шықтым, ығына қарай ығып барам: желге ұшам, сайға қонам, оның несін сұрайсың? Білмеуші ме едіңдер? Ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі. Осыны сұрата жіберген хан ақымақ па, сұрай келген сен ақымақ па?” деді де, қаңбақ ұша жөнелді, тақсыр, – дейді Жиренше.
 Хан ұялғаннан ешнәрсе дей алмай қалыпты.

 * * *
 Сырым батыр елден сырғып Хиуа хандығында жүрсе, бір той үстінде мақтанған Хиуа ханы Сырымға:
 - Қазақта ас-мас, ет-мет, жігіт-мігіт деген жалғама сөздер көп көрінеді, солардың мәнісі не? – деп сұрайды.
 - Сұрауыңызға тойдан кейін жауап берейін, - дейді Сырым батыр.
 Тойда Сырымның аты бәйгеден келеді. Жолдасы палуан күресінде жығып, бәйге алады. Тойдың ойын-қызығы бітіп, жұрт тарқар алдында Сырым ханның манағы сұрауына былай деп жауап қайырады:
 - Бізде той жасағанда жұртқа қой сойып – құйрық, жылқы сойып – қазы тартады. Сусынға қымыз береді. Соны "ас” дейді. Ал мынадай тастабаққа салып тартқан шөп-шалам мен сусынға берген шайды "мас” дейді. Сәйгүлікті сынайтын жарыста озып келген жүйрікті "ат” дейді, артында қалған тұғырды "мат” дейді. Алқа топтың алдында палуанға түсіп, алып ұрған ерді "жігіт” дейді, жер қауып, жығылған еркекті "мігіт” дейді. Қазақтың "ас-мас”, "ат-мат”, "жігіт-мігіт” дейтін жалғас сөздерінің мағынасы осы, хан.

 ҚАРЫЗ БЕН ПАРЫЗ
 Кезінде талай адамға жақсылық істеп едім. Не керек, соның бірде-бірінен қайыр-жақсылығымның қарызы қайтпады, - деп налыған бір адамға досы отырып:
 - Онда өкінетін ештемең жоқ екен, достым. Өйткені, біреуге қылған қайыр-жақсылық әлдебір алаяқ саудагердің несиеге беретін қарызы емес, адамшылықтың парызы ғой, - депті.
 Досының бұл сөзінен ұялған әлгі адам содан былай өзгеге істеген жақсылығы жайында жұмған аузын ашпайтын болыпты.

 ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ БАЙ ҚАЗЫНАСЫ

 Жұмбақтар
 Секунды жоқ
 "Тық-тық” еткен,
 Есесіне
 "Қыт-қыт” еткен,
 Қанаты бар,
 Сағатым бар.
 (Әтеш)

 Бір елдің атында,
 Бір елдің аты бар тағы да.
 (Иордания-Дания)

 Ашатын,
 Жабатын,
 Есігі болмайтын,
 Кілтін салатын,
 Құлпысын қоймайтын,
 Сонда да ел көзінше
 Бір қақпа бар қорғайтын.
 (Футбол қақпасы)

 Логогрифтер
 Алдына ап,
 Табаққа сап,
 Жеді асап,
 Палау жасап

 Артуға бармас ар,
 Көтере алмас нар,
 Мейіз, алма, анар,
 Қанар-қанар.

 Үй иесіне қатаң,
 Тапсырып, дедік: "Атаң,
 Оятсын атпай таң,
 Шығамыз аулап аң”.

 Омонимдер
 Жеміс өскен бақты,
 Күзетіп бақты.

 Түс ауа,
 Салқындады ауа.

 Малға бай,
 Бұл бір бай.

 Ағарып таң атты,
 Суғарып кел, атты.

 Ең үлкен ата,
 Атын ата.

 Анаграммалар
 "Б” – дан бастасаң –
 Жейтін тамақ,
 "Б” –ны алып тастасаң –
 Байтақ аймақ.
 (Бөлке - өлке)

 "Б” – дан бастасаң –
 Киім киетін,
 "Б” алып тастасаң –
 Жеміс теретін.
 (Бөрік - өрік)

 Метаграммалар
 Түп нұсқа –
 Лас жер сасық.
 Екі шеткі әрпін қысқартсаң –
 Қырынан тұрған асық.
 (Шалшық – Алшы)

 Түп нұсқа –
 Мезгіл жарық.
 Екі шеткі әрпін қысқартсаң –
 Мұхит алып ...
 (Күндіз – Үнді)

 Омофондар
 Сіріңке шағып,
 Шамды жағып,
 Есікті жауып,
 Дем ал жатып.

 Үйде Санақ,
 Болмай салақ,
 Есептеп, санап,
 Оқыды сабақ.

 Шарадалар
 Алғашқы түбір сөз –
 Малдың түрі,
 Екінші түбір сөз –
 Жыл аттарының бірі,
 Екеуін қосып оқысаң –
 Үй құсы ірі.
 (Түйе + тауық =Түйетауық)

 Алғашқы түбір сөз –
 Қай сан? Тап.
 Екінші түбір сөз –
 Сұйық зат,
 Екеуін қосып оқысаң
 Жерге қойған ат.
 (Жеті + Су = Жетісу)

 Алғашқы буыны –
 Ұя ішіне жиған,
 Екінші буыны –
 Шөпке тұнған,
 Екеуін қосып оқысаң –
 Илеп, кірпіш құйған.
 (Бал + Шық = Балшық)

 Әріп жұмбақтар
 Санда бар,
 Сапада жоқ.
 Хаңда бар,
 Қарада жоқ.
 (Н)
 Иекте бар,
 Бетте жоқ.
 Сүйекте бар,
 Етте жоқ.
 (К)

 Тауда бар,
 Таста жоқ.
 Жауда бар,
 Доста жоқ.
 (У)
 Тазыда бар,
 Итте жоқ.
 Қазыда бар,
 Сүтте жоқ.
 (З)

 Жаңылтпаштар
 Мына мұнаралар
 Мына мұнаралардан
 Биік мұнаралар
 Мұнараларға шығар жол
 Мың бұралар.
 Мұнараларды бұлар
 Мың аралар.
 * * *
 Шыңға шынар өскен
 Шынар сыңар өскен.
 Сыңар шынар-шымыр шынар
 Сыңар шынар деме, сынар.

 ТІЛ ӨНЕРІ МЕН СӨЗ
 ҚҰДІРЕТІ ТУРАЛЫ
 /Мақал-мәтелдер/
 Өнер алды – қызыл тіл.

 Тіл тас жарады,
 Тас жармаса, бас жарады.

 Ат жүйрігі асқа,
 Тіл жүйрігі басқа.
 Шешеннің сөзі мерген,
 Шебердің көзі мерген.

 Бір тәуекел бұзады,
 Мың қайғының қаласын.
 Бір жақсы сөз бітірер,
 Мың көңілдің жарасын.

 Тіл буынсыз, ой түпсіз.

 Шешеннің тілі,
 Шебердің бізі.

 Тіземнен сүріндірсең, сүріндір,
 Тілімнен сүріндірме.

 Тіл қылыштан өткір.

 Бас кеспек болса да,
 Тіл кеспек жоқ.

 Адам көңілінен азады,
 Тілінен жазады.

 Қотыр қолдан жұғады,
 Пәле тілден жұғады.

 Ашуың келсе қолың тарт,
 Айтпас жерде тілің тарт.

 Тіл жүйрік емес,
 Шын жүйрік.

 Аузы құлып сандықты,
 Тіс ашпаса, тіл ашар.
 Түйін-түйін сырыңды,
 Түбінде келіп шын ашар.

 Тілдің майын тамызып,
 Сөздің балын ағызып,
 Қас шешендер сөз айтар.

 От ауызды, орақ тілді.

 Адам көңілінен азады,
 Тілінен жазады.

 Аяққа кісен салуға болар,
 Тілге кісен салынбас.

 Сөз тапқанға қолқа жоқ.

 Ұлт қасиеті – тілінде,
 Құс қасиеті – қанатында.

 Тіл палуаннан жығылмайды.

 Тілі өлген ел – тірі өлген ел.

 Тіл байлығы – ақыл байлығы.

 Тілдің анасы – халық.

 Басы – көсем,
 тілі – шешен,
 қолы – шебер.

 Тіл - алтын қазына.

 Тіліңді биіктет,
 Өзгеге сүйікті ет.

 Барам десең болашаққа,
 Тіліңді таза сақта.

 ТЫЙЫМ СӨЗДЕР
 Қазақ халқының тәрбие құралдарының бірі – тыйым сөздер. Бұл сөздер есі кірген балаларды жаман әдет, жат пиғыл, орынсыз қылық, теріс мінездерден сақтандырып отырған. Тізені құшақтау – жалғыз қалудың, қолды төбеге қою – жұрттан безінудің, үлкеннің жолын кесу - әдепсіздіктің, асты төгу – ысыраптың белгісі деп таныған және ондай ерсі істерге қатаң тыйым салған.
 Мұндай тыйым сөздер ел ішінде көп. Оның бәрін қамти алмағанмен, кейбір үлгілерін беруді жөн көрдім.

 Дастарханды, тамақты баспа.

 Малды, ыдысты, тамақты теппе.

 Түнде үй сыпырма, тырнағыңды алма.

 Үлкендердің жолын кеспе, сөзін бөлме.

 Бүйіріңді таянба, жер таянба, иегіңді таянба.

 Бетіңді баспа.

 Тізеңді құшақтама.

 Өтірік жылама.

 Қолыңды қусырма.

 Жақын адамға пышақ сыйлама.

 Аққуды атпа.

 Нанды жерге тастама, үстіне басқа зат қойма.

 Мойныңа белбеу жіп салма.

 Бейуақытта жылама, ұйықтама.

 Адамға қарап түкірме, есінеме.

 Нанды бір қолыңмен үзбе.

 Тамақты сораптап ішпе.

 Қолыңды төбеңе, желкеңе қойма.

 Өтірік күлме, өтірік ауырма, өтірік сөйлеме.

 Түрегеп тұрып немесе жатып тамақ ішпе.

 Көп ішінде қатты сөйлеме, қатты күлме.

 Жұрт алдында құлағыңды, мұрныңды шұқыма.

 Мақтаншақ болма, тәкәппар болма.

 Әйелге күш көрсетпе.

 Тәңертеңгі асты тастама.

 Бала бетіне үрлеме.

 Тырнағыңды тістеме.

 Пышақты шалқасынан қойма.

 Таңдайыңды қақпа, басыңды шайқама.

 Көп сөйлеме.

 Ата-анаңа қарсы келме.

 Дініңді сатпа, ұлтыңды сатпа, арыңды сатпа.

 Ұрлық қылма, зорлық қылма.

 Әдепсіз сөзді айтпа, өтірік айтпа.

 Кісі төсегіне отырма.

 Шақырмаған жерге барма.

 Саусағыңды аузыңа салма.

 Үлкеннен бұрын отырма, жатпа.

 Жұлдызды, адамды санама.

 ӘН-ЖЫР ШАШУ

 АНА ТІЛІ
 Сөзі Т.Молдағалиевтікі
 Әні Қадырбай Аманжоловтікі

 Бір ауыз сөз үйреніпсің бүгін де,
 Менің ана тілімде.
 Қазақ болып туғаннан соң, бөбегім,
 Қазақ болып өлген жақсы түбінде.

 Барлық тілді үйренесің сен әлі,
 Жігіт болып саналы.
 Қайда жүрсең өз еліңді ұмытпа,
 Өз еліңнің туын көтер жоғары.

 Мен анамды ұғындым деп мақтанам,
 Тілін білдім, жырын білдім сақтаған.
 Өз анасын сыйламаған пақырлар
 Отанын да сыйлап көрген жоқ, балам.

 Ұлым менің, бұл сөзіме бағарсың,
 Жанар кезде өзің де от боп жанарсың.
 Менің қазақ жүрегімді ал, тілімді ұқ,
 Ал басқасын өзің тауып аларсың.

 ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒАЖАП ТІЛ!
 Сөзі: Сайлаубай Тойлыбаевтікі
 Әні:Гүлмира Қаналиеванікі

 Жанымды, әттең, қажап тұр
 Көңіл бөл, тілге аз-ақ бір
 Жүрекпен ұғып, тыңдасаң
 Қазақтың тілі – ғажап тіл.

 Қайырмасы
 Әуені қандай "саз” мұңды
 Түсіреді еске наз күнді.
 Атадан қалған қазақтың
 Мақалы қандай мазмұнды.

 Өткір тіл, отты жалынды
 Тербетер мынау жаныңды
 Қазақтың шешен сөздері-ай
 Қозғайтын жүрек, қаныңды!
 Қайырмасы
 Көкейге нақыл ілінген
 Іздеймін терең білімнен
 Қазақтың даңқын көтерген
 Айналдым қазақ тілімнен.

 АНАМНЫҢ ТІЛІ – АЯУЛЫ ҮНІ
 Сөзі Шона Смаханұлынікі
 Өмірге келдім,
 Анамды көрдім,
 Деді ол: "Жаным”,
 Арайлы таңым.
 Самал боп желпіп,
 Жырымен ертіп,
 Үйретті тынбай,
 Сол тілін, әнін
 Қайырмасы:
 Анамның тілі – Айбыным менің,
 Анамның тілі – Ай, Күнім менің.
 Сүйемін байтақ елімді туған,
 Сүйемін мәңгі өмірді думан.

 Мектепке келдім,
 Ұстазды көрдім.
 Тыңдадым сөзін,
 Табынып, сүйіп.
 Анамның тілі –
 Аяулы үні.
 Жүрекке нұрын
 Жіберді құйып.
 Қайырмасы:
 Көңілге көрік,
 Өмірге серік.
 Әсем ән-жыр,
 Қайрат, қуатым.
 Сөйлесем мыңға,
 Өрлесем шыңға.
 Анамның тілі-
 Асыл мұратым.

 СҮЙЕМ ӨЗ ТІЛІМДІ
 Сүйсем өз тілімді,
 Боламын білімді:
 Өз тілім үйретер,
 Өнерді, ғылымды.
 Сүйем өз тілімді.
 Әдібай Табылды

 АНА ТІЛІ САБАҒЫНДА
 -Ана тілі тым оңай!
 Деп Күлдірген тыңдамай
 Терезеге қарады,
 Теректерді санады.
 Оны көріп мұғалім,
 Қойды кенет сұрағын:
 -Айтшы, тұрып сен енді
 Анықтауыш дегенді.
 -Анықтауыш ... Әрине ...
 Анықтайды бәрін де ...
 Күбір сөзі ұзарып,
 Күлдірген тұр қызарып.
 Ана тілін білмесең,
 Аһ ұрасың күнде сен.
 Әдібай Табылды

 АНА ТІЛІҢ – АРЫҢ БҰЛ
 Ана тілің біліп қой,
 Еркіндігің, теңдігің.
 Ана тілің біліп қой,
 Мақтанышың, елдігің.

 Ана тілің – арың бұл,
 Ұятың боп тұр бетте.
 Өзге тілдің бәрін біл,
 Өз тіліңді құрметте!
 Қ.Мырзалиев

 АНА ТІЛІНЕ ТАҒЗЫМ
 Ана тілі – біздің туған анамыз!
 Анамыздай сыйлап, бағып-қағамыз.
 Ана тілін бағаласақ, қалай біз
 Өзіміздің сондай болмақ бағамыз.
 Ана тілін кім аялай білмесе,
 "Анасынан безген ұл!” – деп қараңыз.
 М.Әлімбаев

 АНА ТІЛІ
 Ақыл-ойын адамның
 Ана тілден аламын.
 Ана тілім ардақты,
 Ақ сүтіндей анамның.

 Өсірген ой білімді,
 Сүйем туған тілімді.
 Мақсат етем әр сөздің
 Мәнін терең білуді.
 Ә.Табылды

 АНА ТІЛІМ
 Ана тілім – ұраным,
 Ана тілім – құралым,
 Ана тілім – болмаса
 Мықты болмас тұрағым.

 Ана тілім – елдігім,
 Ана тілім – ерлігім.
 Ана тілім – болмаса
 Бүтінделмес кемдігім.
 С.Кәттебайұлы

 АНА ТІЛІ
 Мейірі мол балаға
 Барлық, барлық анаға,
 Басымызды иеміз,
 Бабамыздың тілі деп.

 Даламыздың үні деп,
 Ана тілін,
 Ана тілін,
 Ана тілін сүйеміз.
 Ш.Сариев

 Туған тілім – бабам тілі - өз тілім.
 Туған тілім – анам тілі - өз тілім.
 Туған тілім – далам тілі - өз тілім.
 Туған тілім – адам тілі - өз тілім.
 Д.Әбілев

 АХМЕТ БАЙТҰРСЫНОВ РУХЫНА
 Қасиет атаулының барлығы да
 Халықтың кірігеді нарлығына ...
 Өзіңді ұйпаса да өрттей тағдыр,
 Артыңда тот шалмайтын қалды мұра.
 Ана тіл ғылымының Абайысың,
 Туғандай ұрпақтардың талайы үшін.
 Сақтаған жүрегінің күмбезінде
 Туған ел сені өлімге қалай қисын?!

 Ғұлама, халық жанды ғазиз бабам!
 Халқыңнан бір сәтің жоқ ажыраған.
 Келесің өлмей жасап, шырақшы боп,
 Ана тілі – асыл жиған қазынаға.

 Алуан алыс-жақын көршіміз де
 Сыйлаған, қызыққан да өршіл ізге:
 Сен – Адам-Академия! Сахарада
 Тарихтың бұйырғаны еншімізге!

 Аққудай қайта қондың Ақкөліңе,
 Қазақтың қайта отырсың қақ төрінде!
 Бірінші кластықтар жазып жатыр:
 "Әділдік”, "Ақиқат” деп дәптеріне!
 М.Әлімбаев

 АНА ТІЛІМ, КҮМБІРЛЕ САРАЙЫМДА!
 Тілін білген Абылай, Абайым да,
 Құдырет берген ана тіл талай ұлға.
 Қасиетті сол тілдің арқасында
 Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
 Ана тілім, күмбірле сарайымда!

 Тағдырым, даралама тілден мені,
 Тіл – елмен қауыштырар іргемдегі.
 Тіл – елмен табыстырар алыстағы,
 Аспандатар жердегі жүрген мені.

 Тілмен өрлер мерейім өрлесе де,
 Тілсіз бақытын басынан ел кешер ме?
 Тілер едім таусылса ақтық демім,
 Жерлеңдер деп тілменен жерлесең де...

 Ерекше бір сән беріп көшке бүгін,
 Келе жатыр жаңғырып өшкен үнім.
 Ана тілім рухымды көтереді,
 Самал тербеп тұрғандай текше гүлін.

 Өмір кешіп басынан ала құйын,
 Жат жерінде күңіренткен дара күйін;
 Атамекен,
 Аңсаған Ана тілін,
 Арманда өткен Мысырда Фарабиім!..

 Көме түсіп көкірекке кекті мұңын,
 Жетпіс жылды өңгеріп өтті күнім.
 Ана тілмен жазған ғой Мұса Жалил
 Түн – түрмеде отырып отты жырын...

 Ана тілсіз тарих та жасалмайды,
 Ана тілсіз іс өрге баса алмайды.
 Желмаяның үстінде желіп жүріп,
 Күңіренбеген тектен –тек Асан Қайғы

 Тілін білген Абылай, Абайым да,
 Құдірет берген Ана тіл талай ұлға.
 Қасиетті тілімнің арқасында
 Ерікті ел боп алысқа қарайын да.
 Ана тілім, күмбірле сарайымда!..

 * * *
 Бәлкім, дарыр жаныңа сенің де өнер,
 Сонда ғана бір жүгім жеңілденер.
 Қара бұлттар айығып аспанымнан,
 Күңгірт тартқан жан дүнием көңілденер.
 Ана тілмен сомдалар тыныстағы үн,
 Ана тілді мен дәйім пір ұстадым.

 Ана тілдің жолында ұғын, балам,
 Садақа ғой
 Даңқ пен күміс тағың!..
 М.Айтхожина

 АХМЕТ ЖӘНЕ АНА ТІЛІ
 Қазақтың әсте елеңдер
 Аз емес лағыл-жақұты ...
 Ахмет, ақаң, кемеңгер –
 Ана тілінің бақыты.

 Ұрпағын ақын мінесе,
 Ұға ма мәңгүрт,
 Мақаулар?!
 Алтындай қымбат мың есе
 Ахмет тапқан атаулар.

 Жылына емес,
 Күніне
 Жүз мәрте кіріп майданға,
 Құдыреті бар тіліне
 Құдырет қосқан пайғамбар.

 Ұйқылы-ояу өмірде
 Оятты ол неше жұртымды,
 Сезінбес бұлай Тәңір де
 Өзі жаратқан бір тілді!

 Біліңіз!
 Жақсы біліңіз!
 Ұстаңыз есте ұдайы:
 Қашан да
 Ана тіліміз –
 Қазақтың басты құдайы.
 Қ. Мырза-Әли

 АРДАҚТА, АНА ТІЛІҢДІ!
 (Ахмет Байтұрсынұлы монологы)

 Балғын ұрпақ, жолыңа нұр тіледім,
 Аулақ болғай сендерден мұң сілемі.
 Ана тілін қорсынар кейбіріңнен
 Жәбірленіп, жаныммен түршігемін.

 Көшкен елмен өмірдің күн шуағын,
 Кейде ауыр ойлардан тұншығамын.
 Ана тілім – қасиетім жырымдағы,
 Тілім бітсе, халқымның құрығаны.

 Сәлем саған, жас буын жалғастарым,
 Болашақта сендермен жалғасамын.
 Тек жалғасам қазақтың тілі арқылы,
 Ана тілін ауадай ардақтағын!

 Сақтар болсаң халқыңды – тілді сақта,
 Баға жетпес мұра жоқ тілден басқа!
 Тілден өзге жиһаздың бәрін түгел,
 Базарлайсың қалтаңда ақшаң жатса!
 Ә.Сәрсенбаев

 СОЛ ТІЛМЕНЕН ДҮНИЕНІ АТТАДЫМ

 Сол тілменен дүниені аттадым,
 Таптым бүкіл тіршіліктің атауын.
 Жатты онда уыз сүті ананың,
 Жатты онда аманаты атаның.

 Сол тілменен махаббатқа тіл қаттым,
 Сол тілменен талай гүлді жырлаттым.
 Сол тілменен сәбилерді сөйлетіп,
 Талайлардың көз жастарын құрғаттым.

 Сол тілменен аспан көрдім, жер көрдім
 Сол тілменен көгершінге жем бердім.
 Сол тілменен дүниеден кетемін,
 Сол тілменен дүниеге мен келдім.
 С.Мәуленов

 ҚАЗАҚ ТІЛІ

 Күш кеміді, айбынды ту құлады;
 Кеше батыр – бүгін қорқақ, бұғады.
 Ерікке ұмтылған ұшқыр жаны кісенде,
 Қан суынған, жүрек солғын соғады.

 Қыран құстың қос қанаты қырқылды,
 Күндей күшті, күркіреген ел тынды.
 Асқар Алтай – алтын ана есте жоқ,
 Батыр, хандар – асқан жандар ұмытылды!

 Ерлік, елдік, бірлік, қайрат, бақ, ардың,
 Жауыз тағдыр жойды бәрін не бардың ...
 Алтын Күннен бағасыз бір белгі боп,
 Нұрлы жұлдыз, бабам тілі, сен қалдың!
 Жарық көрмей жатсаң да ұзақ, кен – тілім,
 Таза, терең, өткір, күшті, кең тілім.
 Тарап кеткен балаларыңды бауырыңа
 Ақ қолыңмен тарта аларсың сен, тілім!
 М.Жұмабаев

 АНА ТІЛІМ

 Ана тілім –
 Анам тілі болғаннан,
 Ана тілім -
 Бабам тілі болғаннан,
 Далам тілі,
 Балам тілі болғаннан,
 Арғы-бергі Заман тілі болғаннан ...
 Темірқазық жұлдызым деп ұқтым мен,
 Жаза басып,
 Жаңылыссам жолдардан,
 Бағыт сілтеп,
 Бағдарымды оңғарған!

 Тірлігімнің,
 Бірлігімнің нәрін мен
 Жұтар ауам,
 Ішер суым, дәміммен –
 Тіл деп ұқтым,
 Тіл деп ұқтым бәрін мен
 Құдыретті тәңірден!

 Жара түссе жазатайым жаныма
 "Айналайын!” деген сөзден табылды ем.
 "Тіл өлгеннен - өлмейді адам”, - дегенді
 Көп естідім,
 Бірақ оған мен енді
 сенген жоқпын,
 Тілсіз, ділсіз адамдар
 көкірегі – көр, сезімі – тас керең-ді,
 Көре алмайтын Биіктікті,
 Ұға алмайтын Тереңді!

 Сусыз, нұрсыз өспейтіндей гүл,
 Тілсіз, жырсыз тіршілік те тұншығар.
 Аспан, Жердің амандығын апаттан
 Сақтап тұрған қасиетті Тіл шығар,
 Тіл болмаса үнсіздікке кім шыдар?

 Жалғасқанда жақсылықтың жолы әман,
 Дүние – думан,
 Шалқып – толқып толар ән.
 Сырым – жырым,
 Әнім – күйім,
 Зар – мұңым,
 Қуанышым – бұла күшім,
 Таң нұрым –
 Бабам тілі,
 Анам тілі, бол аман!
 Е.Зікібаев

 ҚАЗАҚ ТІЛІ

 Орта жолда бүріп тастап оқ құзғын,
 Құлап жаттым құшағында көк мұздың.
 Қасіретімді қазақ тілін қанат қып,
 Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.

 Көкірегінен атылса да оқ күздің,
 Жаз етіп мен күздің өзін өткіздім.
 Шаттығымды қазақ тілін қанат қып,
 Төрт бұрышты дүниеге жеткіздім.
 С.Мәуленов

 * * *
 Ей, туған тіл! Ата-анамның бал тілі!
 Көп нәрсе ұқтым дүниеден туған тілім арқылы.
 Анам алғаш осы тілде бесік жырын жырлаған,
 Ұзақ түндер анам айтқан ертегілер тыңдағам.
 Ей, туған тіл! Ертелі-кеш қуатыңмен өзіңнің,
 Қаршадайдан шаттығымды, қайғымды да сезіндім.
 Ей, туған тіл! Туған тілде тілек айттым мың рет,
 Ата-анамды, мен пақырды жарылқа деп, құдірет!
 Ғ.Тоқай.

 ТУҒАН ТІЛ ТУРАЛЫ ТӨРТТАҒАНДАР

 Уақыттың желі аңызақ, күні небір,
 Заманның болмай тұр ғой мұңы жеңіл.
 Күн-көрік, ай-шырайлы Ана тілім!
 Айнаңды сүрткім келер күніге бір.

 * * *
 Бұл кімнің қайдан шыққан бүлігі еді:
 "Қазақ тілі – көшпенді тілі” деді.
 Аристотель қазақша сөйлеп кетсе
 Грекшесі пәс шығар ... кім біледі?!

 * * *
 Қазақ тілі – парасат тілі нағыз;
 Төле - толғау ...Абай – ой... шырын – аңыз...
 Сайратып қойып Әбіш, Ақселеуді,
 Сабырмен тыңдай берсек, тынығамыз.

 * * *
 Тіл арқылы асқақтар мінбе кейде,
 Ғасырларда қорланар тілде бейне.
 Күй сазындай күмбірлеп, әндей ескен
 Алты жүз эпосы бар тіл кедей ме?!

 * * *
 Қадырын сұлу білмес өз көркінің,
 Ару тіл жайлап жаяр саз толқынын,
 Шәкірт курд... тілші жапон ... елші венгр...
 Сұрайды қазақшалап сөз төркінін.

 * * *
 Алаңсыз серуен күнге, думан түнге,
 Халқымды, - деп іздедім, - қуанту не?
 Түбі бір түркі тілдер кенішінен
 Қазына қанша әкелдім туған тілге?!

 * * *
 "Ана!” десем ана тілі ойға оралар.
 Баладай қуанарсың тойға барар.
 Тыңдасаң көне аңыздан көркем нақыл
 Олжам да қанжығама байлап алар.

 * * *
 Тере білсек бір – бір ауыз қара өлең,
 Неше миллион інжу-маржан шамамен?!
 Қанша гүлден "қазақ тілі бақшасы,
 Қандай дана өлшер қандай бағамен?!”

 * * *
 Ерке тіл, еркелеткіш тілім – кенім:
 "Еркежан, айналайын, күнім менің,
 Ақ ботам, қоңыр қозым, алтын айым”,
 Қанша рет жүрек толқып, сүйінгенің!

 * * *
 Ана тілім ырысты ма, кұнды ма?
 Деп сұрамас, тегін білген сұңғыла.
 Туған тілде ас қайырған сайын да,
 Оқығандай серпіліп қал бір дұға.

 * * *
 Шұлғытар орыс тілді Олжастарды,
 Жарқырат қазақ тілі алмастарын.
 Халқына олжа салған айта алады,
 Кім қосты сандығыңа мен қосқанды?!

 * * *
 Жұпарлы қырда алуан гүлдер таптым,
 Өміршең өзіміздің тілден таптым.
 Тіл екен жемістісі, жұпарлысы,
 Аялап халық баққан гүл мен бақтың.
 М.Әлімбай

 АРТЫҚ БОЛМАС БІЛГЕНІҢ...

 ТІЛ СЫРЫНА САЯХАТ

 Дүние жүзінде халық та, соған орай тіл де көп. Ғалымдар соңғы кездерге дейін дүние жүзінде екі мыңнан астам немесе үш мыңға жуық тіл бар деп келген еді.
 1980 жылы Герман Федерациялық Республикасында жарияланған мағлұматтарға қарағанда 5661 тіл бар екен.
 Қазір дүниеде 2796 түрлі тіл қолданылады. Қолданатын жан саны 50 миллионнан асатын тіл – 13. Егер бұл тілдерді қолданатын жан санының аз-көптігіне қарай тізсек, реті мынандай болады: қытай тілі, һинді-ордо тілі, ағылшын тілі, испан тілі, итальян тілі. Бұл тілдер 65 мемлекетте мемлекеттік тіл ретінде қолданылады.
 Дүние жүзінде ресми тіл саны алтау: қытай тілі, ағылшын тілі, орыс тілі, испан тілі, француз тілі, араб тілі.
 Дүниедегі барлық аударма шығармалардың 33% ағылшын тілінен аударылса, 15 % - француз тілінен, ал 1% неміс тілінен аударылады.
 Жалпы 6 мыңға жуық тілдің 100-і ғана мемлекеттік деген статусқа ие болған. 1989 жылы «Тіл туралы» Заң қабылданғаннан бері қазақ тілі де осы мемлекеттердің қатарына кіргеніне қуаныштымыз.
 "Бір тіл білген бір адам, екі тіл білген екі адам”. Полиглот деген кім?
 /Балалардың жауабы/

 Полиглоттар тарихынан қызықты деректер берейін:

 Шығыс ғұламасы Әл-Фараби 70-ке жуық тілді меңгерген.
 * * *
 А.С.Пушкин француз, ағылшын, неміс, итальян, испан, латын, грек, славян тілдерін білген. Көне еврей тілін зерттеген.
 * * *
 Ұлы Абай орыс-қазақ тілдерімен қатар парсы, араб тілдерін меңгерген. Орыс тілін орта жастан асып барып, кеш меңгерген.

 * * *
 Қазақ халқының ұлы перзенті Шоқан Уәлиханов араб, шағатай және түркі тілдерінің біразын білген. Кадет корпусында оқып жүргенде орыс тілін жетік біліп үлгерген.
 * * *
 А.С.Грибоедов бейтаныс біреуге жазған хатында: "Менің игерген білімім славян және орыс тілін, латын, француз, ағылшын, неміс тілдерін игергенімде болса керек. Персияда болған кезімде парсы және араб тілдерімен шұғылдандым”, – дейді.
 * * *
 Луначарский испан тілін 57 жасында үйренген екен.
 * * *
 И.Крылов Еуропаның негізгі тілдерін түгел игерген. Елу жасында ол көне грек тілінде еркін сөйлеген.
 * * *
 Профессор Құдайберген Жұбанов көп тіл білген кісі. Тіпті ана тілімізді салыстырмалы жүйемен үйренуге де, зерттеуге де себі бар деп жапон тілін де игерген.
 * * *
 Белгілі қазақстандық және ресейлік тарихшы, прозашы, ақын, әлемге Шоқан Уәлихановтың есімін танытқан Сергей Николаевич Марков түркі тілдерінің көбін білген, тіпті санскритті де меңгерген.
 * * *
 Шотландиялық Дерик Хернинг те 22 тілде еркін сөйлейді екен. Ол 1990 жылы Брюссельде өткен "Европа полиглоты” байқауында жеңімпаз болған.
 * * *
 Кибернетика "атасы” деп есептелетін Норберт Винер 13 тілді зерттеген.
 * * *
 Люксембург халқының түгелге жуығы төрт тілде еркін сөйлей алады, әсіресе, жастары. Ең бастысы, Люксембург балалары мектепке дейін төрт жастан бастап тегін ана тілінде, екінші сыныптан бастап француз тілінде оқиды. Ағылшын тілі алтыншы сыныптан басталады.
 * * *
 Мұзафар Әлімбаев татар, қырғыз, қарақалпақ тілдерін сөздіксіз аударады. Өзбек, түрікмен, башқұрт, балқар, ноғай, қарашай тілдеріндегі шығармаларды оқи алады, сөздік арқылы тәржімалайды.

 * * *
 Г.Бельгер: "Неміс тілі, қазақ тілі, орыс тілі – шабытымның үш қайнар бұлағы”.

 Осы бөлімді қазақ халқының "Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл” деген мақалымен, А.П.Чеховтың "Бірер тіл білмеген адам өзін паспортсыз жандай сезінеді” деген қанатты сөздерімен аяқтай отырып, көп тіл игергісі келетіндерге бірер кеңес береміз.

 "Полиглот” деп ондаған тілдерді қатар үйренуге қабілетті адамдарды айтады.
 Кеңестер:
 - Үзбей жаттығу. Атақты неміс археологы Генрих Шлиман үнемі жаттығуының арқасында күніне прозалық текстің жиырма бетін жаттап алуға қолы жеткен. Ол орыс тілін 6 апта ішінде үйренген.
 - Алдымен негізгі тілдерді, ал сонан кейін сол тілдерге жақын тілдерді үйрену қажет екен. Әрине, адам көбірек тіл білсе, жаңа тілді игеру де жеңіл болады.
 - Ең бастысы – қорықпау керек. Тілді үйрене жүріп, өз ойыңызды сол тілде түсіндіруге тырысу керек. Үйреніп жүрген тілде сұрақ қоя отырып, тіл білетін және өзіңізге көмек көрсете алатын адаммен барынша көбірек сөйлесіңіз.
 - Музыканы көбірек тыңдап, есту қабілетіңізді дамыта беріңіз. Жақсы естіп-білу, шетел тілін үйренуде жақсы көмекші.

 Олай болса, достар, полиглот болғыларың келсе, тек алға ұмтылыңдар!
 Антик философтары тілді бесіктегі деміңнен, соңғы деміңе дейін үйренсең де аз дегенін ұмытпайық!


 ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ «ТІЛ ТУРАЛЫ» ЗАҢЫ

 Осы Заң Қазақстан Республикасында тілдердің қолданылуының құқықтық негіздерін, мемлекеттің оларды оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай жасау жөніндегі міндеттерін белгілейді, Қазақстан Республикасында қолданылатын барлық тілге бірдей құрметпен қарауды қамтамасыз етеді.

 І тарау. Жалпы ережелер

 1-бап. Негізгі ұғымдар
 Осы Заңда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
 диаспора - өзінің тарихи шығу тегінен тысқары елде тұрып жатқан халықтың бір бөлігі (этникалық қауымдастық);
 ономастика – тіл білімінің жалқы есімдерді, олардың пайда болуы мен өзгеруінің тарихын зерттейтін бөлімі;
 орфография – дұрыс жазу ережесі, сөйленген сөзді (сөздер мен грамматикалық тұлғаларды) жазбаша беру тәсілдерінің бірізділігін белгілейтін ережелер жүйесі;
 топономика – ономастиканың географиялық объектілердің атауларын, олардың пайда болу, өзгеру, қолданылу заңдылықтарын зерттейтін бөлімі;
 транслитерация – бір графикалық жүйедегі мәтіндер мен жекелеген сөздерді басқа графикалық жүйенің құралдарымен әріппе-әріп арқылы беру.
 2-бап. Осы Заңның реттейтін мәселесі
 Мемлекеттік, мемлекеттік емес ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының қызметінде тілдерді қолдануға байланысты туындайтын қоғамдық қатынастар осы Заң реттейтін мәселе болып табылады.
 Осы Заң жеке адамдар арасындағы қатынастарда және діни бірлестіктерде тілдердің қолданылуын реттемейді.
 3-бап. Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар
 Қазақстан Республикасындағы тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан, тілдерді қолдануға және дамытуға қатысты Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
 Тіл туралы заңдар Қазақстан Республикасының азаматтарына, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
 4-бап. Қазақстан Республикасының мемлекетік тілі
 Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі.
 Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын жүргізу тілі.
 Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттік тілді меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбір азаматының парызы.
 Үкімет, өзге де мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдар:
 Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілді барынша дамытуға, оның халықаралық беделін нығайтуға;
 Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттік тілді еркін және тегін меңгеруіне қажетті барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға;
 Қазақ диаспорасына ана тілін сақтауы және дамытуы үшін көмек көрсетуге міндетті.
 5-бап. Орыс тілін қолдану
 Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-зі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
 6-бап. Мемлекеттің тіл жөніндегі қамқорлығы
 Қазақстан Республикасының азаматының ана тілін қолдануына, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тілін еркін таңдауына құқығы бар.
 Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін оқып-үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызу жөнінде қамқорлық жасайды.
 Ұлттық топтар жинақы тұратын жерлерде іс-шаралар өткізілген кезде олардың тілдері пайдаланылуы мүмкін.
 7-бап. Тілдердің қолданылуына кедергі келтіруге жол бермеу
 Қазақстан Республикасында тілдік белгісі бойынша азаматтардың құқықтарын кемсітуге жол берілмейді.
 Қазақстанда мемлекеттік тілдің және басқа да тілдердің қолданылуына және оларды үйренуге кедергі келтіретін лауазымды адамдардың іс-әрекеттері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соқтырады.

 ІІ тарау. Тіл – мемлекеттік және мемлекеттік емес
 ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында

 8-бап. Тілдердің қолданылуы
 Мемлекеттік тіл Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының, ұйымдарының және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының жұмыс және іс қағаздарын жүргізу тілі болып табылады, орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады.
 Мемлекеттік емес ұйымдардың жұмысында мемлекеттік тіл және қажет болған жағдайда басқа тілдер қолданылады.
 9-бап. Мемлекеттік органдар актілерінің тілі
 Мемлекеттік органдардың актілері мемлекеттік тілде әзірленіп, қабылданады, қажет болған жағдайда, мүмкіндігінше, басқа тілдерге аударылуы қамтамасыз етіле отырып, оларды әзірлеу орыс тілінде жүргізілуі мүмкін.
 10-бап. Құжаттама жүргізу тілі.
 Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жүйесінде, ұйымдарында, меншік нысанына қарамастан, статистикалық-есеп, қаржы және техникалық құжаттама жүргізу мемлекеттік тілде және орыс тілінде қамтамасыз етіледі.
 11-бап. Азаматтардың өтініштеріне қайтарылатын жауап тілі.
 Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың азаматтардың өтініштері мен басқа да құжаттарға қайтаратын жауаптары мемлекеттік тілде немесе өтініш жасалған тілде беріледі.
 12-бап. Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарындағы тіл.
 Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, сондай-ақ әскери және әскерилендірілген құрамалардың барлық түрінде, мемлекеттік бақылау мен қадағалау, азаматтарды құқықтық қорғау ұйымдарында және құқық қорғау органдарында мемлекеттік тілдің және орыс тілінің қолданылуы қамтамасыз етіледі.
 13-бап. Сот ісін жүргізу тілі
 Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүрігізіледі, ал, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылады.
 14-бап. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу тілі
 Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер мемлекеттік тілде, ал қажет болған жағдайда, басқа да тілдерде жүргізіледі.
 15-бап. Мәмілелер тілі
 Қазақстан Республикасында жеке және заңды тұлғалардың жазбаша нысанда жасалатын барлық мәмілелері қажет болған жағдайда басқа тілдердегі аудармасы қоса беріліп, мемлекеттік тілде және орыс тілінде жазылады.
 Шетелдік жеке және заңды тұлғалармен жазбаша нысанда жасалатын мәмілелер мемлекеттік тілде және тараптар үшін қолайлы тілде жазылады.
Категория: Филология | Добавил: anonim02
Просмотров: 5538 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 1.0/1
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]