Главная » Файлы » Білім және ғылым » Саясаттану |
Қазақтың халықтық саяси ой-пікірлері
17.07.2011, 15:40 | |
ҚАЗАҚТЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ САЯСИ ОЙ-ПІКІРЛЕРІ Қазақ – ойшыл, философ халық. Қазақ халқы – ойшыл, не айтса да мәселенің байыбына жетіп барып айтатын, сөздің түйініне мән берген халық. Бейпіл ауыздарды, аузына не келсе соны сөйлей беретіндерді әсте жаратпаған. Халқымыздың тағы бір ерекшелігі естігенін қағып алып, бұлжытпай қайталай білген. Бұл сірә қазаққа ұлы дала, ұлан байтақ, алып сахара сіңірген игі қасиет болса керек. Ен далада сөйлесетін ешкім таппаған қазақ кейде бір төбенің басына шығып алып, жападан-жалғыз отырып, ертелі-кеш әрлі-берлі бара жатқан¬дарды байқап, ойға шомып, өзімен өзі сырласып, ал әңгіме¬лесетін кісі тап болса қуанып, айтқан сөзіне құлақ құрышын қандырып отырған. Мұның өзі тіпті бүкіл көшпелі халықтардың, оның ішінде қазақтардың да жадында сақтау қабілетін арттырғанға ұқсайды. Оның тағы бір себебі – адам миының кіршіксіз таза болып, көптеген қажетсіз күйзелістердің әсері¬нен, түрлі керексіз ақпараттардың әсерінен аулақ болғандығы. Әлбетте жадында сақтауы, суырып салып бір-екі ауыз өлең айтуы қазақтардың ми құрылымының ерекше қалыптасуынан болмаса керек. Ол күнделікті дағдыға, дархан дала сіңірген қасиетке байланысты. Ел арасында күні бүгінге дейін 500-600 адамның аты-жөнін, бала-шағаларына дейін атап-атап бере¬тіндер жиі кездеседі. Ал кейбіреулер одан да көп білген. Мәселен, «Түп-тұқияннан өзіме шейін» деген кітапта Қазыбек бек өзі Бәдібектің 42-ұрпағы екенін, ал өзіне дейінгі 87 атаның аттарын атайды. Осыларды есте сақтаудың көшпелілердегі ең тиімді себепкері – шежіре. Ол жылнама емес. Қазақ шежіресін¬де үлкен мән бар. Қазақтар бір-бірімен танысқанда, сұрау қойып, тыңдап отырған адам, егер шежіре білсе «пәленнің пәлен деген баласынан болдың ғой» деп әркімнің алыс-жақын¬дығын ажыратқан. Сондықтан әрбір адам өз руын, оның толып жатқан буындарын, оның бөлінуін жақсы білуге тиіс болған. Қазақ халқы Қазан төңкерісіне дейін ғасырлар бойы ру-ру, ауыл-ауыл болып көшіп-қонып отырған. Көшкенде кез келген жерге емес, белгілі өзінің мекені, ата жерін жайлаған. Бұл да рулық тәртіптің санада сақталуына себепкер болған. Қазақтың шежірешілдігін, тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады. Бұл әрине ерекше, артық жаратылғандықтан немесе артта қалған жабайылықтан емес. Қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтта болуымен сабақтастырған жөн. Ал салт атты көшпелілер өркениетінің Еуразия ойкүмегінде үш мың жылдық тарихы бар. Біздің зама¬нымызға дейінгі ІІ ғасырдан біздің заманымыздың XVIIІ ғасы¬рына дейінгі еуразиялық далада бір ғана өндіріс тәсілі болды. Ол – көшпелі мал бағушылық еді. Мұндай өмір салтпен қазақ халқы ХХ ғасырдың табалдырығын аттады. Яғни адамзат тарихындағы ең ұзақ базистік өмір салты, ең ұзақ формацияны Еуразия көшпелілері бастан кешті. Рас, осындай ұзақ дамудың, жетілудің сатыларымен өткен қазақ халқының қаладағы да, даладағы да қазіргі шым-шыты¬рық құбылыстар, айқай-шу, жағымсыз дыбыстар, түрлі кезде¬сулер, ақпарат тасқыны миға қосымша жүк, салмақ салатын¬дығы белгілі. Содан барып мидың шығармашылық қабілеті шектеліп, ал жаттап алу, білгенін бұлжытпай сақтап қалу жағы азая бермек. Қазақ өзін атамекеннен, атамекенді өз болмысынан ажы¬ратпаған. Сүйіспеншіліктің осы қос түрі мекендес кеңістікте қабаттасқанда, қазақ өз құдіретімен тілдескендей мамыржай, алаңсыз жүрген. Ол туған жер мен туған ел біртектес ұғымды, мәнді білдірді. Бәлкім осыдан келіп «елі кеткен жер жетім, жерінен айырылған ел жетім» деген сөз нақыштанып, күш алған шығар. Қазақ елі үшін қай кезеңде де елі мен жерінің тұтастығын қызғыштай қору мәселесі күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Бұдан ауыр да күрделі мәселе болған да емес. Ал басына күн түсіп, табиғат апатынан немесе сырт жаулардан ығысқан кезде қазақтың көкірегін кернеген ой жалқы болды. Оны А. Байтұрсынов былайша деп жеткізді: Қазағым, жерің қайда атамекен, Қазақ, қазақ болғалы мекен еткен. немесе Қысқарып жер кеткен соң өрісіміз, Қалды ғой жатақ болып қайран елдер. Қазақтың дүние мен адам туралы толғамдары ата кәсіпке – мал шаруашылығына қарай қарқындады. Мал шаруашылығы мекенжайға бейімделді, шаруашылықтың ыңғайына қарай қоныс аударылды. Көшпелі қауым жағрапиялық аяны тек бір-ақ бағытта, мал өсіру бағытында ғана кеңітті. Оның тіршіліктен түйгені – мал шаруашылығын табиғат заңдылығына бейімдеу, сондай-ақ еңбек бөлінуіне сай этникалық ынтымақтастық құру¬дан кейін қалмау. Малды өсіріп-өндіру – үлкен оқиға, табыс пен жетістік көзі. Шаруашылықтың осы түрін жетілдіру арқылы халық өз тағдырын өзі билеуге ұмтылды, белді күштермен ықпалдасты. Осы құдіретпен қазақ өз әрекетін өлшеген. Осы тәртіппен даланың қазақ деген иесі және оның сөздерінің жүйесі қалыптасқан. Әлеуметтік қажеттіліктен философияның жаңа түрлері туды, олар ұлағатты ұғымдарда жаңғырды. Жаңарған идеялар мен қағидалар дүйім жұртты түйінді мәселелерді шешуге жұмылдырды. Ұлағаттылық дегенде шындықпен үй¬лесуді, адамгершілікпен бірлесуді, ұлылықпен тұлғалануды айтамыз. Ұлағаттылық – болысу мен келісудегі тапқырлық жеке бас танытатын құндылық. Оған халқымыз пір тұтқан Қазыбек бидің киелі сөзі де дәлел: «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзды ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз». Қазақ халқының тарихи тағдыры өте ауыр, трагедиялы беттерге толы. Олай болуы қазақ елінің орналасу ортасына байланысты. Тағдыр қазақ халқына ұлан-байтақ, сан алуан байлықтарға толы жер сыйлағанмен, ол жерді Қытай, Ресей, Жоңғария, Монғолия сияқты отаршыл империялармен көрші етті. Жүздеген жылдар бойы қазақ этносы осы отаршыл елдермен күресу үстінде болды. Асқан ерлік күрес, қазақ халқының үлкен шығындары жағдайында қазақ этносы сақ¬талды. Қазақ халқы бұралаң жолдардан өтті. Өз жерін, мекенін сыртқы жаулармен қиян-кескі күрестерде ерлікпен сақтап қалды. Халық өз басына қауіп-қатер төнген сын сағаттарда ар-абыройын сақтай білді, даналық пен ұстамдылық танытты. Жау жағадан, бөрі етектен алған сәттерде халық даналары ұлт бірлігін ұштай білді. Ортақ жауға қол ұстасып бірге аттанып, өз тағдырын, өз тарихын жасай білді. Қазақ рухының төл қасиеттері де осында. Өйткені қазақ «қол қосылса күш өсер» қағидасын қадір тұтқан, өзінің кім екендігін шыдамдылықпен, қайсарлықпен басқаға танытуға ынталанған. Сөйтіп қазақ өз болмысын бейнелейтін символ¬дарды, ұғымдарды жаңғырту арқылы өз тұлғасын сомдай түсті. Қазақтың өзінің «қасиетті қара шаңырағында отырған ежелгі» жұрт екені даусыз. «Елдің еркіндігін сақтау» үшін тал¬пынған тайпалық одақ, «қасқа қатал, досқа адал» ұлыс, «ел үшін ерлікпен күрескен» қазақ деген қауымның негізгі тұлғасы мен ұйтқысы болып келген болатын. Қазақтың жақсы қасиет¬тері көп, «жақынын жаттай сыйлайды», «қанына тартпай тұр¬майды», туыстық, ынтымақ, бірлік дегенге ұмтылады. Мұны қоштамасқа дәтіңіз жоқ. Сонымен қатар қай тұста артық та кетіп жатады. Нарық өңіріне «қаз тұрып», тәй-тәй басып, жаңа өмір үшін құмырсқадай қыбырлап, әрекеттеніп жатқан кезде ата шежіре мен ата кәсіптен ұғынарымыз да, үйренеріміз де мол. Қазақ¬тың пейілі қандай кең болса, мекені де сондай кең. Қазақстан¬ның жерінде 9 Италия немесе 98 Бельгия мемлекеті сыйып кетеді. Қазақ халқының өкілдері ешқашан материалдық жағдай үшін атамекенін, жерін тастап кетпеген. Қазақ өмірінде басқа бір мемлекетте тұрмыс деңгейі жоғары екен деп эмиграцияға кету мүлдем болмаған көрініс. Бұл жағдай ата-бабасының жеріне деген қазақ қанының ылғи қайнап тұратынын көрсетсе керек. Бірақ шынын айтсақ, қазақ халқының әлсіреген, босаңсыған уақыттары да болған. Оған мысал: кезінде қасиетті атамекені¬не қару-жарақ сынайтын полигондар, химиялық зауыттар мен комбинаттарды салуға рұқсат берген. Бұл алданғаны¬мыз еді. Шынын айтсақ, осының бәрі ұлттық қырағылығы¬мыздың да, сезіміміздің де біраз бәсеңсігенін көрсетті. Тарихи тұлғалардың саяси ой-пікірлері. Қазақ халқы қисын¬ды, дәлелді сөйлеуді тәуір көреді. Ол әр уақытта сөздің парқына мән берген. «Сөзге сөзбен жауап бермесең, сөздің атасы өледі» деген қазақ не болса да таусылып, түбіне жетпей тоқтамайтыны белгілі. Біздің мақал-мателдеріміз тұнып тұрған философия. Сондықтан да шешендеріміз сөзін дәлелді, уәжді ету үшін әманда мақал-мәтелдерге жүгініп отырған. Асылы шешен, дәлелді, қисынды сөйлеу қазақ халқы арасында ерте заманнан дәстүрге айналған. Тіпті біздің заманымызға дейінгі VII-VI ғғ. шамасында көшпелі скифтер арасынан шыққан данышпан Анахарсис бабамыз ертедегі Афиныға барып, дәлелді, қисынды сөйлеп, түрлі ұлағатты іс-әрекеттер жасау арқылы күллі әйгілі гректерді таңқалдырып, әулие атанған. Анахарсистің өмірлік көзқарасы, дүниетанымы күдікке құрыл¬ған. Осы жерде ғалым-философтың мына бір түйінді пікірін мысалға келтіре кеткен жөн: «Сенімге негізделген дүниетаным әманда шектеулі, ол – көпшілік, тобыр үшін керек». Ал Анахарсис сенімге құл болмаған. Ол тәңірге табынған. Оның болжамынша, «тәңірге сыйыну – сенім емес, дін емес, ол – адам мен табиғаттың арасындағы үйлесімділікті мойындаған¬дық. Тәңірді мойындау адам еркін шектемейді». Тәңірді, керек десеңіз, табиғаттың синонимі деп те қарауға болады. Ұлы ғұлама Анахарсис скифияның кең даласына сыймай, білім іздеп, ғылым қуып Грекиядан бірақ шығады. Оның алғашқы ат басын тіреген үйінің иесі әйгілі ғұлама Солон болса керек. Солон жолаушыдан жөн сұрауға есіктегі құлын жұмсай¬ды. Қонақ: «Қожайыныңа айт, Скифтің сайын даласынан өзіңмен дос болуға Анахарсис келіп тұр», – деп хабарлауын өтінеді. Сонда Солон скифтік дананы сынамақ болып: «Әдетте досты адам өз Отанынан іздемей ме?», – деген сауал қойып¬ты. Анахарсис оған кідірместен: «Ендеше Солонға өз Отанын¬да неге дос іздемеске», – деп тапқырлық танытыпты. Бұған сүйсінген Солон көп ұзамай онымен дос болып кеткен екен. Сол Солон біздің ұлы бабамызды Грекияның ғұламала¬рымен таныстырады. Ол әділдігімен, білімділігімен, шыншыл¬дығымен, даналығымен, туралығымен, ізденімпаздығымен елге танылады. Арада талай жылдар, ғасырлар өткенде де Эллада жұрты кеменің зәкірін ойлап тапқан бабамызды әйгілі «жеті ғұламаның» қатарында атап жүрді. Кейде бұл санаттан шығып қалған күннің өзінде оның есімі Диоген, Биант, Солон, Хилон, Периандр, Фалес, Аристодем, Пифагор сияқты әйгілі грек ғалымдарымен қатар аталады. Басқасын былай қойғанда, гректердің біздің бабамызға ескерткіш орнатып, тұғырына «Басқа пәле тілден» дегендей қанатты сөз жазуы тегіннен-тегін болмаса керек. Анахарсис бар ғұмырын Грекияда өткізбеген. Бұл елден іздегенін тауып, аларын алып, білім, ғылым бұлағынан мейірі қанған ғұлама еліне, кіндік қаны тамған жеріне қайтып оралады. Өнерлі өркениетті елден алған өнегесін ата жұртқа жаймақ болады. Елдің заң жүйесін реформалауға ниеттенеді. Бұған өзінің Скиф бауырлары көнбейді. Ақырында данышпан бабаны қандас туыстары атып өлтіреді. Байғұс бабамыз көз жұмар сәтінде: «Элладада мені ақылым сақтаса, туған жерім¬де қызғаныш деген қызыл иттің құрбаны болдым-ау», – деп өкінген екен. Ғұламаның грек тілін білгені даусыз. Бірақ түркі тілін білмеді деген әбестік. Өйткені ол түрік тілінде сөйлейтін Скифияда туды, мәйіті де сонда қалды. Бұл кезде және түркі Әліпбиі, жазуы болмады деп тағы айта алмаймыз. Өткені түркінің жазу мәдениетінің болғандығын Орхон-Енисей ескерт¬кіштері әлдеқашан дәлелдеп берген ғой. Ендеше бұл жазуды, бұл тілді Анахарсис білмеді деуге аузыңыз бармайды. Олай болса өз дәуірлерінің теңдесі жоқ алыптар болған Анахарсис¬тің, Майқыбидің, Иоллығтегіннің, Жүсіп Баласағұнның, Ахмет Яссауидың, Абайдың мұралары, философиялық дүниетанымы осы арнада – түрік тілі арнасында келіп тағы бір тоғысады екен. Арада XXV ғасыр өтсе де Анахарсистің әңгімелері мен ғибратнамалары қазақтың бүгінгі әдет-ғұрыптарына айнымай ұқсайды. Кезінде Анахарсисті Платон мен Аристотель де өте жоғары бағалаған. Керек десеңіз, формальдық логиканың негізін салған Аристотель де өз ілімінің кейбір принциптерін сол Анахарсистен қалған үлгіден үйренген деген де пікір бар. Әлемдік ой-пікір тарихында еміс-еміс көрініс берген Анахар¬сиспен қатар Абарис сияқты дана, абыз, бабамыздан да ұлт¬тық ақыл-ойымыздың бастау алатындығын айтпасқа болмай¬ды. Қазақ халқында мұндай ойшылдық дәстүр ежелден келе жатыр. Асылы әрбір халықтың өзіндік ой тұжырымдары, ма¬қал-мәтелдері, дүниетанымы болады. Демек дүниеде өзіндік саяси ой пікірі жоқ ешбір халық болмақ емес. Әрине түрлі жағдайға байланысты біреуінде ол жоғары дамыған, белгілі дәрежеде жүйеленген, ал енді біреуінде саяси ойлар бір жүйеге келтірілмеген, жинақталмаған, шашыраңқы күйде кез¬деседі. Сондай халықтар қатарына қазақ халқын да жатқызуға болады. Бұдан келіп, қазақ жерінен жүйелі саяси ой-пікір айтқан данышпандар мүлде шықпаған деп айта алмаймыз. Ел басына күн туған тарихтың небір қысылтаяң кезінде халық өз ортасынан қол бастаған батыр, от ауызды, орақ тілді шешен, ел бастаған көсем, билер мен саясаткерлер шығарып отырған. Сол қасиетті бабалар сапында ғұлама ғалым әл-Фарабидің өзіндік лайықты орны бар. Ол Х ғасырда аты бүкіл әлемге жайылып, Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанады. Әбу Нәсір әл-Фараби Оңтүстік Қазақстан жеріндегі Отырарда дү¬ниеге келген. Бірақ өсіп, ірі ғылым дәрежесіне жеткен жері – араб елдері. Ол ұрпақтарына 160-тай философиялық трактат жазып қалдырған. Фарабиден екі ғасыр бұрын дүниеге келген Қорқыт ата да үлкен данышпан ойшыл философ болған. Оның туып-өскен және дүние салған жері – қазіргі Қызылорда облысы Қармақ¬шы ауданы. Қорқыт ата туралы сөз еткенде мына бір қызық жайды айтпай кетпеске болмайды. Аңыз кейіпкері әйгілі Қорқыт баба мен Екінші Түрік қағанатының негізін қалаушы Тоныкөктің бір адам екендігін жазушы Қойшығара Салғараұлы салыстырмалы тарихи деректер арқылы дәлелдеп шыққан. Жазушының атауында ол Тоңюкөк деп айтылады. Мұндай жаңалықты жазу¬шы түгіл, кәсіпқой тарихшыларымыз да ашпағаны өтірік емес. Тосын жаңалық қазақ тарихын байыта, кемелдендіре түскен өзіміздің атақты Түрік қағанатының шынайы мұрагері екенімізді дәлелдеп беретін жаңалық қой бұл. Қорқыт атаның шығармалары бүкіл Шығыс елдеріне кеңінен тараған. Оның «Кітаві деде Қорқыт» атты еңбегі Ватикан мұражайында сақталып, 1952 ж. Римде жарық көрген, 1958 ж. түрік тілінде Анкарада басылып шақты. Оның өлеңмен жазыл¬ған шығармалары данышпандық, философиялық ойлар мен толғауларға толы. Ел арасында Қорқыт ата айтыпты деген мақал-мәтелдер көп. Мәселен, «Ескі мамық бөз болмас, кәрі дұшпан дос болмас» немесе «Шөлді жердің отын киік білер, сулы жердің қадірін құлан білер» деген сияқты. Қазақтың дана, әрі ойшылдарының бірі – Асанқайғы. Ол XV ғасырда Батыс Қазақстанның жерінде өмір сүрген. Асанқайғы – көптеген нақыл сөздердің, саяси ой-толғаулардың иесі. Мәселен, «таза, мінсіз асыл тас су түбінде жатады, таза, мінсіз асыл сөз ой түбінде жатады» деген философ жыраудың сөздері көп нәрсені аңғартады. Ол Алтын Орданың ыдырап, Дешті қыпшақтың орынына бірнеше ұсақ хандықтардың пайда болуын уайымдайды. Асанқайғы елдің бастан кешіп отырған тұрмысына қанағаттанбайды, ренжиді. Ол малға жайлы, шөбі, суы мол, жұт болмайтын, ел қауіп-қатерден аман, ру арасы тату, байлыққа кенелер қоғамды аңсап, оны «Жерұйық» деп атаған. «Жерұйық» – қазақ жағдайына байланысты ойдан шығарылған утопиялық қоғам. Оның адамгершілікті арқау ет¬кен қанатты сөздері де дәл осы кезде туған. Оларды далалық¬тар күні осы уақытқа дейін қоданады. ХІ ғасырда қазіргі Жамбыл облысы жерінде өмір сүрген ірі тұлғалардың бірі – Жүсіп Баласағұн. Ол әрі ақын, әрі ғылымға жаны жақын философ болған. Оның «Құтадғу білік» деген дастаны (1069) саясат, мемлекет басқару, әдіскерлік іс жөніндегі философиялық трактат десе де болады. Негізгі пікір¬лері әділеттілік, бақыт, қанағат, ақыл-сана туралы диалог¬терден тұрады. Басқа ру байларында адамдарды адамгерші¬лікке, тазалыққа, адалдыққа шақырған. Ол артына: «Біліп сөйле, білмегенді үйрет», «Білім – жарығын шашып тұрған нұр», «Кірді сумен жуады, су кірлесе оны немен жуады», дегендей ұлағатты, өсиетті сөздер қалдырған. Орта ғасырдағы ірі ойшылдардың бірі – Қожа Ахмет Яс¬сауи. Ол ХІІ ғ. қазіргі Шымкент облысы Сайрам жерінде дүние¬ге келіп, саналы өмірін Түркістан шахарында өткізген. Оның басты кітабы – «Диуани хиқмет» («Даналық жайындағы кітап»). Кітапта өзінің 63 жасқа дейінгі өмірін баяндайды. Жас кезінде жетімдікті, өмірден көрген азабын, шеккен қасіретін айтады. Сондай-ақ бұқара халыққа үстемдік құрған хандардың, бек¬тердің, қазылардың харамдық істерін әшкерелеп, сынайды, фәнидің жалғандығын айтады. Дін адамдарының құдайдың атын жамылып, бас пайдасын ойлап, кемтарларды ұмытып, елді алдап, байлыққа құныққанын көріп, түңіліп, өзін олардан аулақ ұстап, алла тағалаға адал берілгендігін дәлелдеп, дүние қызығынан безіп, софылыққа (аскетизмге) ден қояды. «Диуани хиқмет» кітабынан қазақ халқының ежелгі мәде¬ниетіне, әдебиетіне, тарихына, этнографиясына, экономика¬сына қатысты көптеген құнды деректер табылады. Кітап халқымыздың дүниетанымын біршама кеңейтерлік рөл атқара¬ды. Яссауи кедей, кемтарлар жақ болды. Оның есімі бүкіл араб елдеріне кең тарады. Әмір Темір Яссауидің жерленген жеріне арада екі ғасыр өткенде дүниежүзілік маңызы бар Түркістан кесенесін орнатты. Түркістан жалпы мұсылман әлемінде «екінші Мекке» деген ұғымға айналған. Мұндағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі – ЮНЕСКО-ның Қызыл кітабына енгізілген. Барлық түрік нәсіл¬дес халықтар Түркістанды байырғы ата-жұртымыздың астана¬сы деп санайды. Түркістан – қазақ халқының тұтасты¬ғының, бірлігінің нышаны. Қазақ ұлтының басын біріктіріп, сыртқы жаудан, ішкі ыдыраудан аман сақтап қалған Есім хан, Қасым хан, Тәуке хан, Абылайхан, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, т.б. есімдері Түркістан қаласымен тығыз байланысты. Қазақ арасында бүкіл түрік елдеріне ортақ Қожа Нәсірдің халқымыздың философиялық ой-пікірін оятып, оптимистік сені¬мін арттырудағы, халықтарды тазалыққа, әділдікке тәрбиелеу¬ге алатын орнын айтпауға болмайды. Қазақ халқының философиялық ой-пікірінің бір ерекшелігі – оның данышпандықты жоғары бағалағандығы, ойшылдығы, инабаттығы мен қайрымдылығы, кең пейілдігі мен кешірімділігі. Мәселен, Абайдың қара сөздерін алайықшы. Олар үлкен философиялық мәні бар еңбектер. Сөйлемдері қысқа, сөздері нақты. Сондықтан да қалың көпшілік оларды жақсы түсінеді. Абай – әлемдік тұлға. Ол өзінің сезімдерімен ғана оқыр¬манға әсер етіп қоймай, ұшан-теңіз білімімен бүкіл адамзаттың санасына данышпандықтың дәнін сепкен ойшыл да кемеңгер ақын. Ол – нағыз ғұлама, әрі тәңірдің өзінен туған әулие десе де болғандай. Оның поэзиясының өн бойынан адамдарға де¬ген сүйіспеншілік пен аяушылық сезімі есіп тұрады. Сонымен қатар ол адамның көкірек көзін тұмшалайтын қараңғылық пен надандыққа қарсы бітіспес күреске шақырады. Ал гуманистік идеялары Еуропаның классикалық философиясымен ғажайып бір үндестік тауып жататынына еріксіз қайран қаламыз. Осынау қазақ ақынын толғандырған проблемалар қазірдің өзінде кез келген халық өкілінің көңіл пернесін дөп басып жатыр десек, артық айтқандық емес. Абай – әлемдік поэзия¬ның асқарларымен иық теңестіріп тұрған заңғар тұлға. Қазақтың ойшылдығына қазіргі көзқарас. Қазір ғылыми- техникалық прогресс кезеңінде өмір сүріп отырмыз. Оның бір ерекшелігі қысқа сөйлеуді, аз сөзбен нақты ұғым беруді қажет етеді. Бүгінде халық бірте-бірте газет, журнал, кітап оқудан қалып барады. Өйткені халық хабарға мұқтаж емес. Бәрінің орнын теледидар басып отыр. Ол әрі қысқа айтады, әрі көр¬сетеді. Қазақта «өнер алды – қызыл тіл» деген мәтел бар. Бұл сөзге көп мән бергендікті көрсетеді. Бүгін бұл мәтел өмір талабына сай «сөз – өмір, сөйлеу – өнер» деп жаңартуға болар еді. Ойшыл халық алды-артын байқап, шамалап, орынды өсиет жасап отырады. Біздің нарыққа көшкен кезеңімізде бұл әбден қажет. Біз егеменді ел болдық деп алғашқы жылдарда түрлі себептер тауып, той тойлап, шаттандық, шабылдық. Енді әулиелерге ас беру басталды. Ол да дұрыс, имандылық іс. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қағида да бар. Бірақ алла тағала да халықтың ризығын шаша бер демейтін шығар. Біздің Қазақстан жылына 28 миллион тонна мұнай шығара¬ды екен. Болашақта оны біз 85 миллион тоннаға жеткізеді екенбіз. Енді осыншама мүмкіндігіміз бола тұра неліктен Ре¬сейге мұнай үшін 150 миллиард сом қарызбыз? Оның себеп¬тері де бар шығар. Себепсіз еш нәрсе жоқ. Бірақ ол себептерге не себеп болды? Бұл дүниетанымдыққа жатпай ма? «Өзіңді бұлдай алмайсың» деп Құнанбай Абайды мінеген екен. Әрине бұл басқа жағдайда, басқа мағынада айтылған. Бірақ біз өз құнды заттарымызды бұлдай білдік пе? Шетімізден «қазақ үшін өлемін де, тірілемін де» деп жүре¬міз, ал іс жүзінде жағдай басқадай да болып шығып жатады. Мерзімді баспасөз беттерінде қазақтық сезімімізге, ісімізге, мінезімізге, көзқарасымызға қарай «шала қазақ», «мәңгүрт қазақ», «мәмбет қазақ», «сырты қазақ, іші орыс», «қазақ тілін білмейтін қазақ», «орыс тілін білмейтін қазақ», «екі тілде де арластырып, сапырып жүрген әңгідүк қазақ» деген ұлтымыз¬дың «түрлері» пайда болды. Сондықтан жастарды ұлттық салт-сана рухында қанат¬тандырып, шынайы патриот етіп тәрбиелеу – отбасынан басталуға тиіс десек, бүгінгі ұрпақ – біздің өзіміздің де дәл осындай өнеге бигінен табыла білуіміз қажет. Ал шынайы патриот болу деген не? Ол әншейін «Мен – қазақпын» деп көкірек керу емес қой. Өзінің өзгемен терезесі тең болуы үшін, ақыл-парасаты мен адамгершілігінің, өнері мен тұрмысының өзгеден кем болмауы үшін қайратты әрекет жасайтын адам ғана, мейлі, ол қай салада еңбек етсін, өз елінің адал презенті бола алмақ. Рас, біз ойшыл, философ халықпыз. Әлемде философия¬лық ойы жоқ халық бар ма? Айырмашылығы – біреуінде ол жоғары дамыған, енді біреуінде төмен дәрежеде дамыған. Ал дүниеге көзқарас – философиялық проблема. Ол жан-жақты дамығандықты, жоғары мәдениеттілікті қажет етеді. Одан соң біздің ұлттық сана сезіміміз қалыптасып жетпеген. Оянуы оянды, бірақ шарықтап дами алмай келеді. Ұлттық намыс қандай? Бұларды саяси ой-пікір емес деп кім айта алады. Осыларды бір уақ ойлап, санаға салайықшы, біз қандай екенбіз? Күні кеше бізге керегі «Оян қазақ» ұраны болса, енді бүгін «Ойлан, қазақ» деудің реті келді демекпіз. Өйткені ұлттың қамын ойлау – ұлтшылдық емес. Біз мыңдаған жылдық тарихы бар, дүниеге ұлы адамдарды көп берген шығыстың әйгілі халқымыз. Дүние жүзінде жеріміз кеңдігі жағынан тоғызыншы елміз, 2500 тілдің ішінде тіліміз 70-орында тұр. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы» деп мәрт мінез танытушы, асқан адамгершілікті халықтың ұрпағы екенімізді ұмытпағанымыз жөн. | |
Просмотров: 8851 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 4.0/7 |
Всего комментариев: 0 | |