| Главная » Файлы » Әдебиет әлемі |
| В разделе материалов: 71 Показано материалов: 31-40 |
Страницы: « 1 2 3 4 5 6 7 8 » |
| Жетінші сөз | |
|
Жас бала анадан туғанда екі түрлі
мінезбен туады: біреуі - ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар -
тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі
өспейді, қуат таппайды. Біреуі - білсем екен демеклік. Не көрсе соған
талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін
татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына
ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе
де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол
неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы
естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары,
білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген. |
| Сегізінші сөз | |
|
Осы ақылды кім үйренеді, насихатты кім тыңдайды? Біреу - болыс, біреу - би. Олардың ақыл үйренейін, насихат тыңдайын деген ойы болса, ол орынға сайланып та жүрмес еді. Олар өздері де үздік кісіміз, өздеріміз біреуге үлгі беріп, ақыл айтарлықпыз деп сайланды. Өздері түзеліп жеткен, енді елді түзерлігі-ақ қалған. Ол не қылып тыңдасын және тыңдайын десе де, қолы тие ме? Басында өзіндік жұмысы бар: ұлығымызға жазалы болып қаламыз ба, елдегі бұзақыларымызды бүлдіріп аламыз ба, немесе халқымызды бүлдіріп аламыз ба, яки өзіміз шығымдап, шығынымызды толтыра алмай қаламыз ба? - деген ебіне қарай біреуді жетілтейін деп, біреуді құтылтайын деген бейнетінің бәрі басында, қолы тимейді. |
| Тоғызыншы сөз | |
|
Осы мен өзім - қазақпын. Қазақты жақсы
көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек
еді. Уә әрнешік бойларынан адам жақсы көрерлік, көңілге тиянақ қыларлық
бір нәрсе тапсам керек еді. Соны не үміт үзбестікке, не онысы болмаса,
мұнысы бар ғой деп, көңілге қуат қылуға жаратсам керек еді, ондайым жоқ.
Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, сырлас, кеңестес болмасам
керек еді, тобына бармай, «не қылды, не болды?» демей жату керек еді, ол
мүмкін болмаса, бұлардың ортасынан көшіп кету керек еді. Бұларды
жөндеймін деуге, жөнделер, үйренер деген үмітім де жоқ. Бұлардың бірі де
жоқ. Бұл қалай? Бұл айтқанның бірін тұтпай болмас еді. |
| Оныншы сөз | |
|
Біреулер құдайдан бала тілейді. Ол баланы не қылады? Өлсем орнымды бассын дейді, артымнан құран оқысын дейді, қартайған күнімде асырасын дейді. Осыдан басқасы бар ма? Балам орнымды бассын демек не сөз? Өзіңнен қалған дүние иесіз қалар дейсің бе? Қалған дүниенің қамын сен жемек пе едің? Өліп бара жатқанда өзгеден қызғанып айтқаның ба? Өзгеге қимайтұғын сенің не қылған артықша орның бар еді? Баланың жақсысы - қызық, жаманы - күйік, не түрлі боларын біліп сұрадың? Дүниеде өзіңнің көрген қорлығың аз болды ма? Өзіңнің қылған иттігің аз болды ма? Енді бір бала туғызып, оны да ит қылуға, оған да қорлық көрсетуге мұнша неге құмар болдың? Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? Ахирет үшін бала тілегенің - балам жасында өлсін дегенің. Егерде ержетсін десең, өзі ержетіп, ата-анасын тұзақтан құтқарарлық бала қазақтан туа ма екен? Ондай баланы сендей әке, сенің еліңдей ел асырап өсірмек пе екен? |
| Он бірінші сөз | |
|
Осы елдің үнем қылып
жүргені немене? Екі нәрсе. Әуелі - ұрлық, ұры ұрлықпен мал табам
деп жүр. Мал иесі артылтып алып, тағы да байимын деп жүр. Ұлықтар алып
берем деп, даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр. Қарапайым жұрт
ұрлық айтып мал алам деп, ұрыға атымды сатып пайдаланам деп, не
өткізбесін арзанға түсіріп алам деп жүр. Екінші - бұзақылар біреудің
ойында жоқ пәлені ойына салып, бүйтсең бек боласың, бүйтсең кеп боласың,
бүйтсең кек аласың, мықты атанасың деп, ауқаттыларды азғырғалы әлек
болып жүр. Кім азса, мен соған керек боламын деп, к...н қыздырып алып,
өзін бір ғана азық қылайын деп жүр. |
| Он екінші сөз | |
|
Кімде-кім жақсы-жаман ғибадат қылып
жүрсе, оны ол ғибадаттан тыюға аузымыз бармайды, әйтеуір жақсылыққа
қылған ниеттің жамандығы жоқ қой дейміз. Ләкин, сондай адамдар толымды
ғибадатқа ғылымы жетпесе де, қылса екен. Бірақ оның екі шарты бар, соны
білсе екен. Әуелі - иманның иғтиқатын махкамлемек керек, екінші - үйреніп жеткенше осы да болады
ғой демей, үйрене берсе керек. Кімде-кім үйреніп жетпей жатып,
үйренгенін қойса, оны құдай ұрды, ғибадаты ғибадат болмайды. Уа-ләкин,
кімде-кім иманның неше нәрсе бірлән кәмәләт табатұғынын білмей, қанша
жерден бұзылатұғынын білмей, басына шалма орап, бірәдар атын көтеріп,
оразашыл, намазшыл болып жүрген көңілге қалың бермей тұрып, жыртысын
салғанға ұқсайды. Күзетшісіз, ескерусіз иман тұрмайды, ықыласыменен
өзін-өзі аңдып, шын діни шыншылдап жаны ашып тұрмаса, салғырттың иманы
бар деп болмайды. |
| Он үшінші сөз | |
|
Иман деген - алла табарака уа тағаланың
шәриксиз, ғайыпсыз бірлігіне, барлығына уа әр түрлі бізге пайғамбарымыз
саллалаһу ғалайһи уәссәлләм арқылы жіберген жарлығына, білдіргеніне
мойын ұсынып, инанмақ. Енді бұл иман дерлік инануға екі түрлі нәрсе
керек. Әуелі - не нәрсеге иман келтірсе, соның хақтығына ақылы бірлән
дәлел жүргізерлік болып, ақылы дәлел - испат қыларға жараса, мұны якини
иман десе керек. Екіншісі - кітаптан оқу бірлән яки молдалардан есту
бірлән иман келтіріп, сол иман келтірген нәрсесіне соншалық берік
боларға керек. Біреу өлтіремін деп қорқытса да, мың кісі мың түрлі іс
көрсетсе де, соған айнып, көңілі қозғалмастай берік болу керек. Бұл
иманды иман таклиди дейміз. |
| Он төртінші сөз | |
|
Тірі адамның жүректен аяулы жері бола
ма? Біздің қазақтың жүректі кісі дегені - батыр кісі дегені. Онан басқа
жүректің қасиеттерін анықтап біле алмайды. Рақымдылық, мейірбандылық,
әртүрлі істе адам баласын өз бауырым деп, езіне ойлағандай оларға да
болса игі еді демек, бұлар - жүрек ісі. Асықтық та - жүректің ісі. Тіл
жүректің айтқанына көнсе, жалған шықпайды. Амалдың тілін алса, жүрек
ұмыт қалады. Қазақтың «жүректісі» мақтауға
сыймайды. Айтқанға көнгіш, уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып
алғыш, көштің соңынан итше ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып
алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса,
мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау -
ерлік, батырлық осы болмаса, қазақтың айтқан батыры - әншейін жүректі
емес, қасқыр жүректі деген сөз. |
| Он бесінші сөз | |
|
Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің, менің білуімше, бір белгілі парқын көрдім. Әуелі - пенде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады. Сонда есті адам, орынды іске қызығып, құмарланып іздейді екен дағы, күнінде айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінгендей болады екен. Оған бұл өткен өмірдің өкініші де жоқ болады екен. Есер кісі орнын таппай, не болса сол бір баянсыз, бағасыз нәрсеге қызығып, құмар болып, өмірінің қызықты, қымбатты шағын итқорлықпен өткізіп алады екен дағы, күнінде өкінгені пайда болмай-ды екен. Жастықта бұл қызықтан соң және бір қызық тауып алатын кісімсіп, жастығы тозбастай, буыны босамастай көріп жүріп, бірер қызықты қуғанда-ақ мойны қатып, буыны құрып, екінші талапқа қайрат қылуға жарамай қалады екен. Үшінші - әрбір нәрсеге қызықпақтық. Ол өзі бойға құмарлық пайда қылатын нәрсе екен. Әрбір құмарлық өзіне бір дерт болады екен, әртүрлі құмар болған нәрсеге жеткенде, яки әне-міне, жетер-жетпес болып жүргенде, бір түрлі мастық пайда болады екен. |
| Он алтыншы сөз | |
|
Қазақ құлшылығым құдайға лайық болса
екен деп қам жемейді. Тек жұрт қылғанды біз де қылып, жығылып, тұрып
жүрсек болғаны дейді. Саудагер несиесін жия келгенде «тапқаным осы,
біттім деп, алсаң — ал, әйтпесе саған бола жерден мал қазам ба?»
дейтұғыны болушы еді ғой. Құдай тағаланы дәл сол саудагердей қыламын
дейді. Тілін жаттықтырып, дінін тазартып, ойланып, үйреніп әлек
болмайды. «Білгенім осы, енді қартайғанда қайдан үйрене аламын» дейді.
«Оқымадың демесе болады дағы, тілімнің келмегенін қайтушы еді» дейді.
Оның тілі өзге жұрттан бөлекше жаратылып па? |
Енгізген:
күні:
Пікірлер: (0)
Толығырақ