Дәмештің хаты - Әңгімелер - Әдебиет әлемі - Каталог Файлдар - Білім және Ғылым сайты
Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Бейсенбі, 08.12.2016
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі » Әңгімелер

Дәмештің хаты
24.08.2011, 21:02
                                                                              Бейімбет Майлин
                                                                                   (1894-1938)
                                                                                  Дәмештің хаты
              «... Қарағым Рақила! Сен тірі екенсің ғой!
  Тірлігіңді, хал-жайыңды бүгін естіп білдім. Көрмегелі көп болды. Біз айрылғалы биыл дәл жеті жыл екен. Сен онда он жасар едің... Есінде ме күзді күні, суға барғанымызда, бір шелек суды көтере алмай тәлтіректеп жардың басында отырып жылап едің, «екі шелек көтеруге әлім жетсе, дүниеде арманым болмас еді!» - деп едің, оның жастық еді, соның артынан-ақ, арман көбейді: ішуге тамақ болмады; әкең қайыр тілеп ел кезіп кетті; шешеңнің басы істі, сақылдаған сары аязда жерден ойып істеген үйшіктерінді мәңгі қалдырып, қол ұстасып кетпек болдыңдар. Сонда ақша қардың үстінде қалтырап тұрып: «бірге өскен, ойнап-күлген замандаспен бірге жүрген адамның арманы бар ма екен» деп тағы айтып едің? Мен сені қимай ауылдып артындағы белеске шейін шығарып салып едім. Жол өтердегі қыраңның басында тұрып, ызғырық өтіп қалтырап құшақтасып жылап едік. Әжең екеуің тәлтіректеп белестен асып кеткенше, мен көз айырмай қараумен болып ем. Үйге келгенде көз жасыммен омырауым сауыс-сауыс болған екен.
   ... Қан жауған қара күннің ол басы ғана болды. Қайғылы тұрмыс сонан былай басталды. Біз де сендердің күніңе ұшырадық. Бірнеше күндей нәр татпай, аштан өлуге жеттік. Әкем неше рет қайыр сұрайын десе де, аштан өлсек те қайыр сұрама деп әжем екеуіміз көнбедік... Бізден бетер Таңсықтың ашыққаны батты; сап-сары болып қатып, құр сүйегі қалды.
   ...Өлетін болдық. Өлеміз ғой дедік. Өлім ауызға жеңіл болғанмен, өлу оңай көрінбейді. Бірер адам жанын қиып өліп те кетер-ау, бірақ үй орманымен өлу қиын екен. Өз басым өлім тілесем де, әке-шешеме, жалғыз інім Таңсыққа өлім тілей алмадым. Өлім тілемек түгіл солардың өлімнен құтылғанын көрсем, арманым болмас еді дегенге келдім.
   ...Бірақ мен өлімге байланғанмен бір есеп болдым. Мен басымды құрбан етіп, әке-шешемді өлімнен кұтқардым.Тілеумағамбетті білесің ғой, әй, тұқымы құрғыр ғой!.. Ұял-май қызармай мені тоқалдыққа алды-ау! Не айтайын, мен бай іздеп тиіппін бе? Көндім, көндім...
   Тілеумағамбет уәдесін орындамады. Тілеумағамбет әке-шешемді қыстан асырап шықпақшы еді. Жаз болса әке-шешем өз бетімен тырбанып, өлмес қамын істер деп ойлаушы едім. Солай ет деп әкеме айттым да. Бірақ бұған Тілеумағамбет керте болды. «Қыстай тамағымды жедің, енді осыны өте!» деді малғұн. Мен өз бетіммен тиген болдым да қалдым! Әкем қой бақты, шешем отын жағып, күлін шығарды. Таңсықты бұзаудың со-ңына салды. Қаныш бәйбіше жыландай ысқырып, «тұқымы жарымаған, қаңғырған!» деп сөккенде, адамның сай-сүйегін сырқырататын болды. Қарсы келер дәрмен жоқ, бар білетініміз кешке жақын қара үйге бас қосып үн шығармай ғана жылаймыз.  Ыстық жас көңілдің шерін ірітіп, жуып, азырақ босатқандай болады...
   ...Бұл тұрмысты өзгереді деп мен ойлаған жоқ едім, ойлауға мүмкін де емес еді.Бірақ талпынса, ұмтылса қандай бұғауды да үзуге болады екен. Мен тәжірибемнен көрдім... Майдың іші шығар деймін, күн шағырмақ жылы еді. Үлкен үйде әйелдер жиналып, құлынға ноқта есіп отыр едік, есіктен бір-екі жігіт кіріп келді. Аққұба келген, ұзын бойлы жігіт. Жаңа тап беріп шығып келе жатқан мұрты бар. Үстіндегі киімі орысша, шашы бұрқырап самайынан шығып тұр... Мен бір көргеннен сол жігіттен көз ала алмадым. Неге екенін білмеймін, қарағым келді де тұрды. Содан бір нәрсе күтетін сияқтандым. Ауыр жараға сол жігіттен ем іздейтін сияқтандым...
   ....Үйге кісі келсе, әсіресе төрелердің біреуі келсе, бай да,бәйбіше де мені үлкен үйге жолатпайды. Жұмысым болып кіре қалсам да шық-шықтың астына алып декпірімді жаңылтады. Мен  мұның себебін баста сезбесем де, арт жағынан ойланайын дедім: «Апырым-ау, неге мені қуады. Келіп отырған төреге бір нәрсе айтады деп ойлайма? Ойлана келе төреге айтып көрген теріс болмас еді», - деп көңілімді бекітіп те едім. Бай мен бәйбіше бұл жолы да бұрынғысын істеді, мені шық-шықтың астына алды. Бірақ мен қарысып отырып алдым. «Төре» бірдеме айтар ма екен деп қарап едім, ол елемеген адам секілденіп отыр.Бәйбіше жанымды сығып бара жатқан соң, мені ашу кернеп кетті.Аузыма не түскенін білмеймін:
    -    Сіз «төре» боласыз ба, - деймін.
    -    Онда нең бар, - деп бай мен бәйбіше шап ете қалды.
   «Төре» жігіттің құлағы елеңдейін деді, біресе байға, біресе бәйбішеге, біресе маған қарады.
    -    Төре болсаңыз айтатын арызым бар еді, - деп едім:
   -     Онша үлкен төрелігім жок, әйтсе де айтып көріңіз, - деп күлімсіреді.
   Менің арыз айтуға ыңғайланғанымды сезді білем, бай ашуына  мінді.
   -     Шық, иттің баласы, шық деген соң! - деп таяғына жармасты.
   -     Арызым бар, өлтірсеңде шықпаймын! - деп қарысып отырып алып ем, ақ таяғын ала бай жүгірді. Таяққа үйренген ет қой, қайқандап арқамды тоса бердім. Ащы етіме ақ таяқ қашан тигенше жаным шығып болды... Дауыс тына қалғанда жалт қарасам, ойпырым-ай, мұндай қуанбаспын, әлгі «төрем» сұқ қолдай мылтығын байдың төсіне қадап тұр! Бай сұп-сұр. Өңі қашып кеткен, таяғы жерде жатыр. Аузын ашып сұрланып бәйбіше отыр...
    -    Айт мұңыңды, - деді «төре». Іште жатқан шерді тасығам судай ағыттым.
    -    Өз басым не болса да көндім. Әке-шешемді осы жауыздың тырнағынан құтқарсаң екен! - дедім.
   -     Олар да құтылады, өзің де құтыласың. Кедей еңбегін пайдалану, әйелді мал орнына саудаға жүргізу бұл күнде қалған. Кеңес заңы ондайды түп-тамырымен қырып-жояды. Өзін сүйгеніңе косыласың. Әке-шешең екі жылғы еңбегін сот арқылы толық өндіріп алады! - деді.
    ...«Төре» дегенім уездік оқу белімінің бастығы екен. Бізді арбасына салып қалаға алып келді. Екі бөлмелі пәтері бар екен Бір бөлмесін бізге босатып берді. Әуелгі қарқында бірер айдың ішінде әке-шешемнің байдағы еңбегін әперіп, бізді жақын жердегі бір ауылға шығармақшы еді, бірақ іс созылып кетті. Соттың шақырғанына бай келмейтін болды. Толып жатқан куә шықты. Жұртта да бет жоқ қой, бәрінің ойы байды арашалау, әке-шешемнің, менің еңбегімді желге ұшыру болды...
    ... «Төренің» аты Қасен еді. Үш айдай колында тұрдық. Шығынның бәрі соның мойнында болды. Қиын болды, аядық, бірақ, қолдан келер ешнәрсе болмады. Байдан еңбекті өндіріп алсақ,Қасеннің шығынын толығымен қайтарамыз деп, өзімізге серт бердік.
     ... Кеш еді, азырақ жаңбыр сіркіреп тұрған. Терезеден қарап елді, ен даланы көз алдыма елестетіп, терең ойға шомып тұрғам...
      -  Дәмеш, бері келіп кетесің бе? - деді біреу.
    Бұл кім деп бұрылсам көрші бөлменің есігін ашып, күлімсіреп тұрған Қасен екен, әлденеге жүрегім алқынайын деді...
   Қасен күлімсіреп жайымен ғана сөйледі.
   Күз болды. Мектеп ашылып жатыр, балалар оқуға алынып жатыр. Таңсықты мектепке кіргізіндер, - деді.
   Жаман қуандым. «Рахмет!» - деп айта беріппін.
   Қасен бетіме қарап күлімсіреді де:
    -Әлде, өзің де оқисың ба? Оқимын десең мектепке кіргізуге болады. Өзіндей әйелдің оқып жүргендері толып жатыр. Сен әлі жассың ғой. Менің тілімді алсаң мектепке кір, оқы! Мектепке кіргізу міндетін өзім алайын, - деді.
   Қасен не айтса да теріс дейтін ойым жоқ. Өйткені Касеннің теріс сөзді айтпайтынын білем, бізге қастық ойламайтынына сенем.
      -    Болады, оқиын! - деп мен де уәде бердім. Ертеңіне мектептің табалдырығын аттадым...
    ... Қыс ортасы ауа әкем байдан теңдік алды. Бұрынғы малындай екі есе болды десем, өтірікші болмаспын. Әкем қалаға он шақырым жердегі бір ауылға орналасып, мен оқып жүрген соң Қасеннің үйінде қала бердім, әке-шеше деген қызық болады ғой, өлейін деп жүрсе де баласының қамын ойлайды. Ауылға жүретін күні әкем мені оңаша шақырып алып:
     -     Шырағым, жалғыз қалып барасың, өзіңді күте біл. Қасеннің қасы мен қабағына қара. Қасен адамның періштесі. Қасен сені сүйеді, - деді.
   «Қасен сені сүйеді» дегенде жүрегім аттай тулады. Шынында да солай болуы мүмкін. Мен аңқаумын ғой, сезбеген шығармын, «ата-ана балаға сыншы» деген рас қой деп ойладым...
   ... Қыстай оқып хат таныдым. Жазу жазарлық болдым. Бұл дәуір менің өмірімнің ішіндегі бақытты дәуір болды. Бұл дәуірді көрем деп мен ойлаған жоқ едім, көрдім, арманым бітті... Жайлы жаздың тамылжыған май айын мен гүлдей құлпырып қарсы алдым!..
    ... Әкем ат әкеліп ауылға қайтатын болдым. Сенен сыр жасырмаспын деуші едім, бәрін тегіс жазайын. Мен ертеңіне қайтатын болған соң, театрға барайық деп Қасен ертіп алып барды. Қысты күні де талай еріп барып едім. Түн ортасы кезінде үйге қайттық. Майдың түні маужырап бойды балқытып, мас қыларлық. Далада жүргің келеді; даланы кезіп, тәтті ауасын тойғанша жұтқың келеді... Жүріп келеміз... Түсім бе деп те ойлаймын. Қасен мені қолтықтап келеді. Мен иығына басымды сүйеп, салмағымды Қасенге салып келе жатқан сияқтанамын. Бұл қалай болды деп ойланам, бірақ ерсі көріп бойды аулақ салғым
келмейді. Осы күйіммен таң атқанша, таң атқанша емес, өмір бойы жүре берсем де мен шаршамайтын секілдімін. Мен осы күйді жан-тәніммен тілейтін секілдімін!...
   Қасен қалқам мінезі жақсы ғой, бетіме күлімсіреп қарап тұрды да:
    -      Ашуланбайсың ба? - деді.
   -     Жоқ, - дедім.
   ... Қасенмен косылдым, Қасенге өмірлік жолдас болдым. Бақыт жұлдызым күле қарады. Бір ұлымыз бар, Қасеннің аузынан түскендей. Атын «Октябрь» деп қойдық... Айтпақшы саған осы хатты жазарда бір ойлағаным, сен менен гөрі білімдірексің, сен ірі мектептерде оқып жүрсің, Октябрьдің он жылдық тойы болғалы жатқан көрінеді. Осы он жылдықта баяғы көргенді саған жаз дейін деп едім... Сенің жазуға ебің бар, газетке жазған бір хабарынды оқып көрдім. Жаз, он жылдық тойға құтты болсын айт! Өткен өмірді суреттеп, көптің алдына сал! Кеңес үкіметінің көмегінің арқасында жарыққа шыққанымызды, білім алып адам қатарына қосылғанымызды қалдырмай жаз! Бізді адам қатарына қосқан кеңес үкіметі болмағанда, ендігі біздің сүйегіміз жер астында қурайтын еді...
   ... Бізден айрылып кеткен соң сенің басыңнан кандай күндерді өткізгенінді білмеймін. Бірақ оңайлықпен мақсатқа жетпеген шығарсың. Жаз, газетке жаз, көп те оқысын, мен де бірге оқиын.
   Бақытыңды, алған бақытыңды құттықтаймын! Қош, бетіңнен сүйдім.
                                                                                              Дәмеш».
                                                                  
Категория: Әңгімелер | Добавил: anonim
Просмотров: 761 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 3.5/2
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]