Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 26.04.2024
Главная » Файлы » Әр түрлі тақырыптар » ЕҚЫҰ

Астана Саммитінің стратегиялық мәні
15.08.2011, 18:42

Біз Батыстың беделді Ұйымына Азия елдері арасында алғашқы төраға болып, құрлықтың тұтас қауіпсіздігі жөнінде тұңғыш бастама көтердік. Осы төрағалық Ұйым тарихында аса маңызды оқиға болды. Еуропаның, Азияның, АҚШ-тың, Канаданың ЕҚЫҰ-ға кіретін 56 елінің, ынтымақтастық жөндегі 12 әріптес елдің, 6 халықаралық ұйымның делегациялары 2 күн бойы Астанада қазіргі заманның толғағы жеткен проблемаларын талқылады. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун және тағы басқа жетекші әлемдік державалардың көшбасшылары Саммиттің жұмысына ерекше мән берді. Төрткүл дүниенің назары екі күн бойы біздің елімізге ауып, Астанада адамзаттық ауқымдағы түйткілді мәселелер талқыға түсті.

Ең әуелі, мынаны назарға алған жөн: Астана Саммиті, шын мәнінде, Парламент Мәжілісінің төрағасы Орал Мұхамеджанов айтпақшы, Қазақстанның жұлдызды шағы, дипломатиямыздың ең ірі жетістігі ғана емес, тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аса жоғары халықаралық бе­делінің айғағы болды. Бұл шара Елбасымыздың шетелдік истеблишмент арасында үлкен құрметке ие екендігін көрсетіп, оның әлемдік ауқымдағы көрнекті саясаткер екендігін танытты. Ол әрбір сөзі алтындай бағалы, пікіріне құлақ астыра алатын харизматикалық тұлға екенін шүбәсіз мойындатты. Жалпы, бүгінгі таңда Н.Ә.Назарбаевтың интеграциялық бастамаларының, «еуразиялық сұхбаттың» модераторы және менеджері ретіндегі рөлінің аса маңызға ие және жаһан жұртшылығының назарын аударып отырғаны белгілі. Өз ке­зегінде шараға қатысушылардың көпшілігі ЕҚЫҰ Саммитінің өтуі мен ондағы Қазақстан төрағалығы­ның халықаралық қауымдастық алдындағы Елбасының тікелей беделінің арқасында жүзеге асқандығын атап өтті.
«Бұл Саммит Қазақстан мен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жүргізе білген үлкен ұйымдастырушылық жұмысты қажет етті» деді Ресей Федерациясы Президенті Д.Медведев те бұл туралы ағымдағы жылдың 7 желтоқсаны күні Брюссельде «Ресей-Еуроодақ» саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәжілісі барысында.
Екіншіден, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің ортақ міндеті – Ұйымды жаңа мүмкіндіктер мен жаңа мазмұндарға толықтыру, яки ұйымға жаңа леп пен серпін беру міндеті ойдағыдай мәресіне жетті. Сонымен қатар Саммит халықаралық қауымдастықтың елде жүргізіп жат­қан реформалардың тиімділігін Қазақстандағы этносаралық және конфессияаралық тұрақтылықты Қа­зақстанның әлемдік саясаттағы бар­ған сайын өсіп отырған рөлін мо­йындаудың айғағы болды. Рас, мұн­дай кең ауқымдағы алқалы жиын­ды өткізу бізге оңайға түскен жоқ. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген, оған ел болып атсалысып, еңселі ел екенімізді көрсеттік. Шараның жоғары деңгейде өтуіне Президент Әкімшілігі, Үкімет, Парламент, тиісті Министрліктер, Астана қаласы Әкімдігі және қала жұртшылығы атсалысты. Халқымыз терең түсіністік танытып, ұйымшылдықтың жар­қын үлгісін көрсете білді. Мұндай шараның бірлігімізді бекемдеп, тәуелсіздікті нығайтып, елдігімізді әйгілей түсері анық.
Үшіншіден, ЕҚЫҰ Саммитінің қорытынды құжаты – Астана Дек­ларациясы қабылданды. Бұл туралы баршаға аян, Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің пленарлық отырысы барысында мәлімдеген еді. Бәрін айт та, бірін айт, 35 жыл өткен соң алғаш рет ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттер Саммиттің қорытындылары бойын­ша «Қауіпсіздік қоғамдастығына қадам» деген тарихи атаумен Астана Декларациясын қабылдай отырып, Хельсинки келісімдері қорытынды актісінің қағидаттарын ресми түрде қуаттады. Рәсімдеу ережелеріне сәйкес, Астана Декларациясының жобасы Тұрақты кеңесте «Сам.Д1-10» нөмірі бойынша қалыптасты. Делегация басшылары тарапынан қарсылықтар болған жоқ. Яғни консенсустың болғандығына орай Астана Декларациясы қабылданды.
Төртіншіден, ЕҚЫҰ Саммиті Астанада, жас мемлекетте, тұңғыш рет Азия құрлығында өткізу туралы шешім қабылданып, ол жүзеге асты. Өйткені біз тәуелсіздіктің алғашқы күнінен осы бағытта қадам бастық. Тәуелсіздікті жариялағаннан бастап, ауқымды экономикалық реформаларды жүзеге асырып, шетелдік инвестицияны барынша тарта білдік. Біз ТМД елдерінің арасында экономикалық даму қарқыны мен саяси реформа жағынан бәрін басып оздық. Біз ядролық полигонды жауып, ядролық қарудан бас тарттық. Осының арқасында әлем елдерінің сеніміне ие болдық. Жалпы, Қазақстаннан әрқашанда барлық елдермен ықпалдасу, достасу мен бауырласу бастамалары жасалып келеді.
Әрине, біз шетелдік қонақтардың өзіміздің жас Астанамызда есте қаларлықтай әсер алуы үшін және Саммиттің қызметіне жақсы жағдай жасау үшін қолдан кел­геннің барлығын істедік. Олар елімізді ешқашан ұмытпайды және елімізге келген әрбір қонақтың халқымыздың қонақжайлылығы және достық көңіліне разы болып аттанғандығына куә болдық. Біз бірін-бірі жылдар бойы көрмей келген ел басшыларының басын қосып, мәмілеге келтірдік. Еуропа мен Азия ұғымын біріктіріп, қауіпсіздіктің кеңістігін кеңейттік. Ұзаққа созылған ортақ келісімнен кейін тарихи Астана Декларациясын қабылдап, Ұйымды жаңа белеске көтердік. Ал оның болашақ үшін маңызы зор.

Түйін:

Ендігі бағдар – болашақта. Қазақстанға дейін халықаралық ұйымға төрағалық еткен Грекия елі бізге эстафетаны айтарлықтай дәрежеде ұсына алмаса да, есесіне өзіміз ЕҚЫҰ-ны келесі жылы басқаратын Литваға оны жаңғыртылған, жаңа деңгейдегі құрылым ретінде жеткіздік. Қалай десе де, Халықаралық ұйымның қызметінің жаңа кезеңінің сәтті болуы біздің Астана Саммитіндегі шешімдердің жүзеге асуына байланысты. Оны да жадымыздан шығармаймыз. Осы бағыт алдағы онжылдықта ЕҚЫҰ-ның барлық институттары қызметінің басым бағыты және ұйымның қуатын бағалайтын өлшем болмақ. Бұл туралы Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Саммитінің жабылу рәсімінде сөйлеген сөзінде де қадап айтқан-ды. Жалпы алғанда, аталған жаһандық Саммит барысында қабылданған Астана Декларациясы Еуразиялық және Еуроатлантикалық ортақ қауымдастықтың бірегей қауіпсіздігі үшін жаңа қадам бола алады.

Абылайхан Қалназар

Категория: ЕҚЫҰ | Добавил: anonim
Просмотров: 1098 | Загрузок: 0 | Комментарии: 1 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]