Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Сенбі, 27.04.2024
Главная » Файлы » Әр түрлі тақырыптар » ЕҚЫҰ

Әлем назарындағы желтоқсанның екі күні
15.08.2011, 18:41

Желтоқсанның екі күні. Әлем назары Астана қаласында өткен ЕҚЫҰ Саммитінде болды. ЕҚЫҰ Саммиті – халықаралық тарихи оқиға. Бүгінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық қызметіне жоғары баға берген әлем қауымдастығы желтоқсандағы Астана Саммитін тарихи жеңіске бағалауда. Саммиттің Астанада өтуі – қазақстандықтардың жаһандық табысы.

«Бармасаң, келмесең – жат бо­ларсың» дейді қазақта. Әлемнің көш­басшы көсемдері ғасыр тоғысынан асар онжылдықта тағы бір бас қосты. Бұл жолғы басқосуды бірауыздан саммиттік қонақтар он бір жылдан соңғы сағынып жеткен, қауіпсіздік, ынтымақтастық саласындағы сірескен сеңдерге жылу берерлік көз көрісіп, қол алысқан жоғары дәрежелі жиын деп мойындады.
Атамыз қазақ сөзге шешен. Ғұлама қазақ ертеңгі күнді көрегендікпен болжамдаған. Стратегтік пайымын жасырмаған. «Іргесі берік елді жау ала алмас, Ауызы бір елді дау ала алмас» деп кеткен.
Саммитке келген дамығаны бар, дамушысы бар елдердің бір үміт, бір тілегі де осы қауіпсіздік жолындағы татулық, ауызбірлік және аражік тараптар мүддесінен шығар төрелік айтар шешімдерге жету. Астана Саммиті іргеміздің беріктігіне кепіл, нығаюына тірек болары кәміл. Айылы арыстандай жауға да, жанжалы ушыққан дауға да аталы сөзін, сенімді пайымын ұсынар төрағалықтың сыны да, сынағы да болды. Дегенмен Қазақстан бұл миссияны орындауда білгірлік те, төзімділік те, қырағылық та таныта білді.
Бүгінгі Саммит, аталар сөзімен айтсақ: «Бір ауылда мың туысың болғанша, әр ауылда бір туысың болсын» дегенге жауап қатқандай. Бір елде отырып, қазаны іштен қайнап отырар заманы өткелі, бір мемлекеттің жеке, дербес бөлектеніп өмір сүруі де өткен ғасырлардың еншісінде қалды. Қазіргі ауылданып кеткен жаһан – соның айғағы. Саммит бізге әр ауылдан бір туыс, бір дауыс, бір таныс боларлық мүмкіндік берді. Оған Елбасының Сам­мит аяқталар күнгі қатарынан бір­неше елдің басшыла­рын қабылдап, әртараптық келіссөздер жүргізуі дә­лел. Яғни әр басшы екі жаққа да тиімді ұсыныстар айтып отыр. Оның бәрі де түбінде елге келер инвестицияға өзек болары сөзсіз.
«Төрағалық бізге не берді?» және «төрағалықтан біз не алдық?» дегенде ойланбастан бірнеше ішкі және сыртқы саяси қадамдарды атауға болады.
Біріккен Ұлттар Ұйымымен қатар мүше-мемлекеттердің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, демократиялық құн­дылықтар мен өркениет дамуы жолында қызмет ететін салиқалы ұйымға Қазақстанның төрағалық етуі – ХХІ ғасырдың басты тарихи оқиғасы. Оның үстіне Астана Саммиті аталып отырған жаһандық оқиға биылғы жылы ЕҚЫҰ-ның 35 жылдығына сәйкес келіп отыр.
Алғашқы халықаралық форум­ның – ЕҚЫҰ Саммитінің осындай ауқымды деңгейде бұрынғы кеңестік кеңістікте өтуі тек жоғары мәртебе емес, сондай-ақ үлкен жауапкершілік екенін Президент Н.Ә.Назарбаев 2010 жылы 5 тамыздағы ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер ми­нистрлерімен болған кездесуінде ерекше атап айтқан болатын.
Төрағалықтың тарихи шешімі, салиқалы түйіні болып отырған Саммит­тен халықаралық қауымдас­тық­тың күтетіні көп. Бұл халықаралық үндеу­ге Елбасы: «ЕҚЫҰ Саммитін өткізу бізге ортақ құндылықтар, тең құ­қық­тық ұстанымдар мен өзара сыйластық­қа негізделген еу­роатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздік кон­цепциясына жаңа стра­тегиялық бағыт беретін ерекше тарихи мүм­кіндік» деп халықаралық парла­менттік конференцияда сөйле­ген сөзін­де жауап берген болатын.
Президент Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткен еуропалық қауіпсіздік мәселесі бүгінде құрлықтық шекарадан асып, жаһандық сипат алып отырғаны рас. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған жылдың басты жетістігі – еуроатлантикалық және еуразиялық қауіпсіздікті қамта­масыз етуге бағытталған кешенді дипломатиялық шаралардың ұйыт­қысы болуы.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бірнеше бағыттардан құралған сыртқы және ішкі сипаттағы маңызды міндеттерден тұрды. Олардың қатарында ЕҚЫҰ кеңістігіндегі кезек күттірмес мәсе­лелерді шешуді қамтамасыз ететін диалогты белсендіруге бағытталса, келесісі – ел ішінде ЕҚЫҰ қағидаттарын қабылдауға, атап айтқанда, демократияландыру мен адам құқығы саласында бағытталған үрдістерді тұрақтандыру саналады.
Қазақстанның Вашингтонда ядро­лық қауіпсіздік жөніндегі Жаһандық саммитті өткізуі, онда Президент Н.Ә.Назарбаевтың ядролық қауіпсіз­дік және энергетика жөнінде стратегия­лық бастамаларды жаһанға әйгілеуі – осы аталған міндеттердің жүзеге асуының дәлелі.
Қырғызстан, ЕҚЫҰ кеңістігіндегі қақтығыс аймақтары – Днестр бойы, Оңтүстік Кавказ, Ауғанстандағы жағ­дай­ларды тұрақтандыру бағытындағы дипломатиялық ұстанымдары мен шеберлікпен диалог алаңын үйлестіру – аталған міндеттердің нәтижесі.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лық етуінде халықаралық ұйымның қызметі мен тарихында ерекше орын алатын атрибуттық шаралар енгізілді. Оның қатарында Хельсинки шартына қол қойған күнді – 1 тамызды ЕҚЫҰ күні деп жариялауы үлкен мәнге ие. Сондай-ақ төрағалық еткен жылда Елбасы ұсынған төрт «Т»: сенім, дәстүр, ашықтық және төзімділік ұраны Саммитке қатысушыларға арналған ең қуатты да серпінді бұқаралық арнау саналды.
Президент Н.Назарбаев өзі ұсын­ған төрттік ұранның сырын былайша баяндаған болатын. «Бастысы, бір-бірімізге деген сенім – бүгінде бізге аса қажетті құндылық. Келесіден, ЕҚЫҰ-ның қағидаттары мен құндылықтарын құрметтеу, жалғастыру маңызды. Үшін­шіден, халықаралық қатынас­тар­дағы ашықтық пен төзімділік. Соңғысы, әлемде аса маңызды саналатын мә­дениетаралық және өр­ке­ниетара­лық диалогты нағайту жо­лындағы жаһандық үрдістерді белсендіру».
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі ең жауапты кезеңмен тұспа-тұс келді. Әлемдегі дағдарыс, төрағалыққа қабылдайтын ұйым кеңістігіндегі қарулануды бақылау мен шиеленіскен қақтығыстар төңірегін­дегі жағдайлардың ушыққан сәтінде беделді ұйымға төрағалықты ҚР Пре­зиденті Н.Назарбаевтың жаһандық деңгейде саяси көшбасшылығына ар­тылған сенім ретінде шешім қабыл­данған болатын. Осындай қиын кезеңдерде төрағалық сеніп тапсы­рылған ел ретінде Қазақстан өз міндетін абыроймен атқарды деуге негіз бар.
Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға­лығының түйінді нәтижесі – дағ­дарыс қатерінің алдын алудың механизмдерін жетілдіру, қауіпсіздік мәселелері бойынша келісімге келу алаңын ұлғайту мен нығайту, сондай-ақ ЕҚЫҰ-ның ХХІ ғасырдағы бейбітшілік пен ізгілік жолындағы ең беделді ұйым ретінде танылуына ықпал ету. ЕҚЫҰ-ны еуроат­лантикалық ұйымнан еуроазиялық ұйым ретінде мәртебесі мен қызмет ету аясын ұлғайта білген Н.Назарбаевтың өмірлік идеясы. Бұл – қазақстандық төрағалықтың басты жетістігі.
Астана Саммиті аталып, жаһан жіті бақылап отырған шара мәресіне жетті. Елбасы: «Астана – ХХІ ғасыр басындағы ең үздік жоба. Ғасырлар тоғысында өз астанасын ауыстыр­ған жалғыз елміз», – деген болатын. Саммиттің Астана қаласында өтуі – үлкен мәртебе.
«Қайырымды қала тұрғын­да­рының көзқарастары туралы трактатында» данышпан-ғалым әл-Фараби мынадай ой қалдырған:
«Қайырымды қала деп оны басқарып отырған философтың адам қызметі – ақыл танымымен қол жетуге болатынын бақыт деп түсінгені. Қайырымды қала деп барлық мү­шелері бір-біріне көмектесетін, тірі жанның тіршілік етуіне көмектесетін дені сау ағза деуге болады».
Ғұлама ғалымның айтып кеткен қаласын Қазақстанның Астанасы деуге келеді. Астананы қайырымды қала деу­ге келеді. Астанадағы желтоқсанның алғашқы күндері Еуропа мен Азияны тоғыстырған, Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті біріктірген, үндестік алаңына айналған, тарихи міндетін атқарған ЕҚЫҰ Саммитімен салмақтана түсері анық.

Гүлмира Сұлтанбаева,
саяси ғылымдарының
докторы, журналист

Категория: ЕҚЫҰ | Добавил: anonim
Просмотров: 1166 | Загрузок: 0 | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Добавлять комментарии могут только зарегистрированные пользователи.
[ Регистрация | Вход ]