Приветствую Вас, Гость! Регистрация RSS

Ақпарат танымдық порталы

Жұма, 03.05.2024
Главная » Файлы » Әдебиет әлемі

В разделе материалов: 71
Показано материалов: 61-70
Страницы: « 1 2 ... 5 6 7 8 »

Отыз жетінші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес.

Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанда өңі қашады.

Хикмет сөздер өзімшіл наданға айтқанда, көңіл уанғаны да болады, өшкені де болады.

Кісіге біліміне қарай болыстық қыл; татымсызға қылған болыстық өзі адамды бұзады.

Әкесінің баласы - адамның дұшпаны.

Адамның баласы - бауырың.

Ер артық сұраса да азға разы болады.

Ез аз сұрар, артылтып берсең де разы болмас.

Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың.

Сократқа у ішкізген, Иоанна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан, пайғамбарымызды түйенің жемтігіне көмген кім? Ол – көп, ендеше көпте ақыл жоқ. Ебін тап та, жөнге сал.


Отыз сегізінші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Ей, жүрегімнің қуаты, перзентлерім! Сіздерге адам ұғылының мінездері туралы біраз сөз жазып ядкар қалдырайын. Ықыласпенен оқып, ұғып алыңыздар, оның үшін махаббатың төлеуі - махаббат. Әуелі адамның адамдығы ақыл, ғылым деген нәрселерменен. Мұның табылмақтығына себептер - әуелі хауас сәлим һәм тән саулық. Бұлар туысынан болады, қалмыс өзгелерінің бәрі жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Талап, ұғым махаббаттан шығады. Ғылым-білімге махаббаттандырмақ әлгі айтылған үшеуінен болады. Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпенен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады. Сонан соң ғана алла тағаланы танымақтық, өзін танымақтық, дүниені танымақтық, өз адамдығын бұзбай ғана жәліб мәнфағат дәфғы мұзарратларны айырмақлық секілді ғылым-білімді үйренсе, білер деп үміт қылмаққа болады. Болмаса жоқ, ең болмаса шала. Оның үшін көбінесе балаларды жасында ата-аналары қиянатшылыққа салындырып алады, соңынан моллаға берген болады, я ол балалары өздері барған болады - ешбір бәһра болмайды.

Отыз тоғызыншы сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Рас, бұрынғы біздің ата-бабаларымыздың бұл замандағылардан білімі, күтімі, сыпайылығы, тазалығы төмен болған. Бірақ бұл замандағылардан артық екі мінезі бар екен. Ендігі жұрт ата-бабаларымыздың мінді ісін бір-бірлеп тастап келеміз, әлгі екі ғана тәуір ісін біржола жоғалтып алдық. Осы күнгілер өзге мінезге осы өрмелеп ілгері бара жатқанына қарай сол аталарымыздың екі ғана тәуір мінезін жоғалтпай тұрсақ, біз де ел қатарына кірер едік. Сол екі мінез жоқ болған соң, әлгі үйренген өнеріміздің бәрі де адамшылыққа ұқсамайды, шайтандыққа тартып барады. Жұрттықтан кетіп бара жатқанымыздың бір үлкен себебі сол көрінеді.

Қырқыншы сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Зинһар, сендерден бір сұрайын деп жүрген ісім бар.

Осы, біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?

Қайраты қайтқан шал мен жастың бәрі бітім қылады, шалдар өзді-өзі көп құрбыдан айрылып азайып отырса да, біріменен бірінің бітім қылмайтұғыны қалай?

Бір елдің ішінде жамағайынды кісі бірге туғандай көріп, іші елжіреп жақсы көріп тұрып, елге келсе, әрі-беріден соң қайта қашқандай қылатұғыны қалай?

Жаттың бір тәуір кісісін көрсе, «жарықтық» деп жалбырап қалып, мақтай қалып, өз елінде сонан артық адам болса да танымайтұғыны қалай?

Бір жолаушы алыс жерге барса, барған еліне өз елін мақтаймын деп өтірікті сыбап-сыбап, қайтып келген соң сол барған, көрген елін, жерін мақтап, өтірікті сыбайтұғыны қалай?


Қырық бірінші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек.

Әуелі - бек зор өкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Үлкендерін қорқытып, жас балаларын еріксіз қолдарынан алып, медреселерге беріп, бірін ол жол, бірін бұл жолға салу керек, дүниеде көп есепсіз ғылымның жолдары бар, әрбір жолда үйретушілерге беріп сен бұл жолды үйрен, сен ол жолды үйрен деп жолға салып, мұндағы халыққа шығынын төлетіп жіберсе, хәтта қыздарды да ең болмаса мұсылман ғылымына жіберсе, жақсы дін танырлық қылып үйретсе, сонда сол жастар жетіп, бұл аталары қартайып сөзден қалғанда түзелсе болар еді.


Қырық екенші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі - жұмысының жоқтығы. Егер егін салса, я саудаға салынса, қолы тиер ме еді? Ол ауылдан бұл ауылға, біреуден бір жылқының майын сұрап мініп, тамақ асырап, болмаса сөз аңдып, қулық, сұмдықпенен адам аздырмақ үшін, яки азғырушылардың кеңесіне кірмек үшін, пайдасыз, жұмыссыз қаңғырып жүруге құмар. Дүниелік керек болса, адал еңбекке салынып алған кісі ондай жүрісті иттей қорлық көрмей ме? Өзінің кәсібін тастап, кезегендікке салына ма? Малдылар малын өңкей малшыларға, бала-шағаға тапсырып, қолдағы құдай берген азды-көпті дәулеті қызықсыз көрініп, оның ұры-бөріге жем болып, қарға-жарға ұшырауына шыдайды. Пыш-пыш кеңестен қалып, бір ауылға барып, қулық, сұмдық жасап жүріп, тегін тамақ жеп, ыржыңдасуды қысыратуға шыдамайды. Не үшін десең, халыққа әдет жол болған соң, шаруаға пысық, мал бағуға, мал табуға пысық ол өнерлі кісіге қосылмайды, я өзі пәле шығаруға пысық, я сондайлардың сөзін «естігенім», «білгенім» деп елге жайып жүріп, ырбаңдауға пысық өнерлілерге қосылғандай көрінеді.

Сол үшін осы күнгі қазақтың іске жараймын дегені өзінің азды-көптісін біреуге қоса салып, «көре жүр, көздей жүр» деп басын босатып алып, сөз аңдып, тамақ аңдып, ел кезуге салынады.


Қырық Үшінші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Адам ұғылы екі нәрседен: бірі - тән, бірі - жан. Ол екеуінің орталарында болған нәрселердің қайсысы жибили, қайсысы кәсиби - оны білмек керек. Ішсем, жесем демектің басы - жибили, ұйықтамақ та соған ұқсайды. Аз ба, көп пе, білсем екен, көрсем екен деген арзу, бұлардың да басы - жибили. Ақыл, ғылым - бұлар - кәсиби. Көзбенен көріп, құлақпен естіп, қолмен ұстап, тілмен татып, мұрынмен иіскеп, тыстағы дүниеден хабар алады. Ол хабарлардың ұнамдысы ұнамды қалпыменен, ұнамсызы ұнамсыз қалпыменен, әрнешік өз суретіменен көңілге түседі. Ол көңілге түсіруші бағанағы бес нәрседен өткен соң, оларды жайғастырып көңілде суреттемек. Ол - жанның жибили қуаты дүр. Бір ұмытпастық жақсы нәрседен көңілге жақсы әсер хасил болып, жаман нәрседен көңілге жаман әсер хасил болу секілді нәрселер. Бұл қуаттар әуелде кішкене ғана болады. Ескеріп баққан адам үлкейтіп, ұлғайтып, ол қуаттардың қуатын зорайтады. Ескерусіз қалса, ол қуаттың қайсысы болса да жоғалады, тіпті жоғалмаса да, аз-мәз нәрсе болмаса, үлкен ешнәрсеге жарамайтын болады.

Қырық төртінші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Адам баласының ең жаманы - талапсыз. Талап қылушылар да неше түрлі болады. Һәм талаптың өзі де түрлі-түрлі. Һәм сол талаптардың қайсысының соңына түссе де, бірінен бірі өнерлі, тұрлаулырақ келеді. Уа, ләкин адам баласы я талапты, я талапсыз болсын, әйтеуір «бәрекелдіні» керек қылмайтұғыны болмайды. Әрнешік, орынсыз ба, орынды ма, «бәрекелді» деушіні көңіл іздеп тұрады. Адам баласы өзі қай жолда, қай майданда жүрсе, сол майдандағы кісімен сырлас болады. Оның үшін өзге жолдағылардан «бәрекелдіні» оңды күтпейді. Маған «бәрекелді» десе, осы өзімменен серіктес, сырлас осылар «бәрекелді» дер дейді.

Қырық бесініші сөз
Енгізген: ERbol | күні: 23.07.2011

Құдай табарака уатағаланың барлығының үлкен дәлелі - неше мың жылдан бері әркім әртүрлі қылып сөйлесе де, бәрі де бір үлкен құдай бар деп келгендігі, уа һәм неше мың түрлі діннің бәрі де ғадаләт, махаббат құдайға лайықты дегендігі.

Біз жаратушы емес, жаратқан көлеңкесіне қарай білетұғын пендеміз. Сол махаббат пен ғадаләтке қарай тартпақпыз, сол алланың хикметін біреуден біреу анығырақ сезбекпен артылады. Инандым, сендім демек инандырамын, сендіремін деген емес.


Анахарсис
Енгізген: ERbol | күні: 22.07.2011

  Біздің арғы ата бабаларымыз – сақтарды ертедегі Еурпа жұрты скиф деп атағаны белгілі.Анахарсис сол скиф тайпасынан шыққан.Қазіргі жыл сануымызға дейінгі шамамен 638 жылы туып, 559 жылы қайтыс болған.Ақын,ақыл-парасатымен дүниеде даңқы шыққан данышпан,яғни ақыл-ой алыбы ретінде Солон, Фалес, Сократ, Платондармен қатар әлемдік тарихқа аты алтынмен жазылған біздің ең алғашқы бабамыз, яғни біздің қазақтардың.Диоген Лаэрцийдің айтуы бойынша, Анахарсистің әкесі Гнур, ағасы Кадуйд – Скиф патшасы, анасы Эллада елінің қызы, сол себепті екі тілге жетік болады. Көсіліп шешен тілмен еркін сөйлейтіні сонша, көне грек жерінде сұңғыла ділмар адамды "скиф сияқты сөйлейді!” Деген сөз мәтел боп содан қалған.

   Анахарсис скифтер мен элладалықтардың тұрмыс салты, соғыс дәстүрі туралы сегіз жүз жолдық өлең жазған.